ТЕМІРҚАЗЫҚ. Темірхан Медетбекке
2015 ж. 26 қыркүйек
4247
1
Дін мұсылманның ұлық мейрамы - Қасиетті Құрбан айт мерекесінің үшінші күні, яғни, бүгін, қазір бір сағат бұрын Алматыда М.Әуезов атындағы Ұлттық академиялық драма театрында казақтың қалың ел сүйіп оқитын көрнекті ақыны Темірхан Медетбектің 70 жылдық мерейтойы дүрілдеп өтті. Түгел түркі әлемінен, Түркия мен Түркістанның арасындағы барлық елден құттықтау үшін арнайы делегация келді. Үш сағат аузы-мұрны лық толған Әуезов театрындаа бір адам тырп етпей, тағылымды да, тартымды, ең бастысы көрерменге РУХ сыйлаған кешті тамашалады. Ақын тойы ширек ғасыр еңбек еткен өлкесі Маңғыстаудан басталып, туған жері Түркістанда жалғасып, ақындар ордасы - Алматыда қорытыланды! Толық мәлімет "Қазақ үні" газетінің алдағы аптадағы санында жарияланады
ТЕМІРҚАЗЫҚ
Темірхан Медетбекке
Темір қанат кезінде,
Темір мінез танытып,
Түмен баптар мекені,
Түркістаннан аттанған.
Текті, терең жырымен
Темірді де иіткен,
Темірхандай ақынмен,
Түгел түркі мақтанған.
Көк түріктер сарыны,
Күллі әлемге аттанған.
Көркем сандық ішінде,
Көп қазына сақталған…
Түркістаннан түлеген,
Пір Бекеттен тілеген.
Маң далалы Маңғыстау,
Маңғаз ұлын мадақтар
Парқын білер сөздің ел
Парасат жыр парақтар.
Балпаң басқан, маң басқан
Балбал пішін батырдай.
Шудаларын шаң басқан
Талайларға жолды ашқан
Нарға лайық ақындай.
Атасын сөздің өлтірмей,
Атыңа сөз келтірмей,
Сермелген сайын қайралдың,
Семсерлі сөздің сертіндей!
Жеңіспен құрдас тарлан ең,
Жеңіске жеттің қаламмен.
Ту ұстар болдың бұл күнде,
Самсаған қолың желкілдей.
Қотара жұлдың тамырын,
Қоғамның мынау дертін кей…
Өрісің әлем жауласын,
Өлеңге біткен серпіндей!
Жанып тұрған жалынсың,
Махамбеттің өртіндей!
Алатаудай ұранды,
Алпамыстай жыр-әнді,
Әзіреттей құранды,
Әзіз елде тудың да,
Тұлға атандың бұл күнде,
Тік тұрғызған Тұранды!
Темір қанат кезіңде
Түркістаннан аттандың.
Халқың тура айтқандай,
Ақындардың ішінде
Темірқазық боп қалдың!
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz