"Ұят" деген сөз қазіргі қолдану тілімізден шығып қалған жоқ па?..
2015 ж. 22 қыркүйек
5529
2
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
Аяқ астынан байып шыққан бір жігіттің іс-әрекетін бір жазбадан оқыған сияқтымын. Болдым-толдым деп ойлаған ол тұрмысым шалқып тұр, енді сонау жылдарда өлген атамның сүйегін тауып ғажайып мазар салайын дейді. Елде қалған бір қарияны ертіп, бір жігітті жұмсайды. Сонау моладан бабамның сүйегін тауып әкел, көп ақша аласың дейді.
Апта өтеді, ай өтеді. Әлгі жұмсағандарды шақырады. Сонда қария:
– Балам, бірнеше мола қаздық, сенің атаңды таба алмадық, о дүниеде бәрінің сүйегі бірдей екен, – депті.
Бұл жауапта біраз даналық бар сияқты.
* * *
Бақ қонды...
Ол жер басып жаяу жүрем деп ойлаған жоқ. Бағыныштылары есігін ашып берген машинаға сызданып әзер отыратын.
Бақ тайды...
Енді көшеде бүгежектеп жаяу кетіп барады.
* * *
Бауыр екені рас. Ағасын әкем де сен, шешем де сен деп құрдай жорғалап сыйлаушы еді. Оқуын оқып бітірді. Үстіне үй, астына машина алғызды. Аға қартайып еді, сәлем беретін уақыт таппай кетті.
* * *
Қара шай ішіп, қатарға сүт таппайтын кезі бар келін еді. Шаруасы оңға басып, бірнеше сиырлы болған. Қаймақ пен майға тойынғаннан соң «мен сиыр саумаймын, саусағым ауырады» деп кесірленді. Ырыс-құтын қашырып, ыдысына құяр ақ таба алмай қалды қайтадан.
Пушкиннің «Алтын балығын» оқымаса керек.
* * *
А.Чеховтың түсін өзгертетін кесірткесі (хамелеон) біреу шығар десем, айналамда толып жүр екен. Оны мен жылдар өткен сайын жиірек көретін болдым.
* * *
Алқа топта сөз сөйлей алмайды, қалам берсең хат жазу да білмейді. Ебін тауып мүшелікке өтіп кетіп, өзін жазушымын деп таныстырады. Кітаптың қадірін білмейтін, жазушыны да сыйлау білмейтін сауатсыздар да жазушы болғысы келеді.
* * *
Ол жастық дәуреннің қалай өткенін сезген жоқ. Ішті. Қыдырды. Әйел ауыстырды. Халық ол жайлы: «Аузы жеткенше сөйледі, аяғы жеткенше жүрді», – дейді. Бұл күнде: «Осы жұрт жасы үлкенді сыйлаудан қалған» деп бұлданады, сызданады. Уақыт өтіп кеткен. Абырой сақалға жұғатын сорпаның майы дей ме екен?
* * *
Ол қызға іңкәр жігіт көп болатын. Қылт еткен қылығымен өзіне тез тартқанмен, жақын келсең, жаныңды тез жабырқататын мейірімсіз еді. Ақыры күйеу алмай отырып қалды.
* * *
Ол сырт көзге тәкаппар көрінеді. Өзінен лауазымы жоғары, ісі түсетін адам көрсе, әп-сәтте маймылға айналып жүре береді. Әйелі де түлкі күлкіні меңгерген. «Апама жездем сай» дейді халық.
«Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» Абай айтқан осындайлар. Бірақ байып тұр...
* * *
Кедейден бай болды. Кеше бірге өскен достарға үрке қарады. Пайдасы тиеді-ау дегендермен араласты. Ақша жинады-ақ, енді сол ақшаны нашақор баласын емдеуге жұмсап, зарлап жүр.
* * *
Жалғыз қызын қыдыртып, биыл шет елге демалып келген әйел төрде мақтанып-ақ отыр. Өңі де, өзі де риза. Алты ұлы бар. Әке үнсіз отыр. Біреуі ішеді, біреуі әйел құтатпайды, бірі түрмеде, бірі жұмыссыз. «Не берсең де қайырымен бер», – деп тілейтіні сондайдан шығар жұрттың.
* * *
Ол үлкен бастық болған. Сонау жылдары алдына жүкті әйел келген еді. Кім келіп-кетпей жатыр, мән де бермеген. «Босануы жақын әйелдің тілегін орындау – сауап» деген сөзді ертеде естігенмен, есіне сақтамаған. Тілегін орындамады, ықылас қойып тындаған да жоқ.
Көп кешікпей жалғыз қызы өлді, құдайға не жаздым деп жылады. «Қырықтың бірі – қыдыр» дейді қазақ. Бірақ ол ондайды ойлай алмайтын пенде еді.
* * *
Ол орысша оқыды, орысша сөйледі, орысша үйленді. Әйелі перзентханадан бұдан туған қызын таза қанды орысқа ауыстырып әкелгенін де жылдар өткесін білді. Қанын тексеріп дәлелдеген өз қызын қайтарып алуға да билігі жетпеді. Намыс өлген жерде қасиет қалмайды ғой, соның енді қазақ болғаны да кімге керек.
* * *
Алқа топты көзіне ілмей өте шыққан лауазымды азамат көп кешікпей сөзге шатылды. Жедел жәрдеммен ауруханаға жетті. Жалпылдақтары хал сұрап келер деп ойлаған, олай болмады. Тәрбиесімен айналысуға, сырласып сөйлесуге қолы тимеген өз баласы да келген жоқ, тек әйелі ғана ертелі-кеш өбектеді. Бала күнде естіген «Көпке топырақ шашпа» деген нақыл бүгін ойына оралып жатыр. Бірақ, кеш.
* * *
Мақалдап сөйлейтін әжем:
– Ақырзаман болғанда су тартылар,
Қарап тұрған жігітке қыз артылар, –
деді.
– Әже, неге ұят сөйлейсіз? – дедім.
– Асықпа, бәлкім оны сен көрерсің, – деп еді әжем.
* * *
Белсепед дегеннің алыс ауылға жаңа келген кезі, өткен ғасырдың орта шамасы. Бір бала зулатып келіп әжеме сәлемдесті.
– Су беріңізші, шөлдеп келем, – деді.
Әжем көзін көлегейлеп, үңіле қарап:
– Сен қайдан келдің, кімнің баласысың? –деді.
– Мына «Коммунизм» колхозының, – деді бала.
Әжем дүрсе қоя берді:
– Әй, немене, сенің атаң жоқ па, бабаң жоқ па, тегің жоқ па, колхоздан тудың ба, қасиетсіз, түге, кет, су жоқ, – деді.
Бала ұялып қалды.
Тек сұрайтын әжелер таусылды ғой, тексіздердің көбейгені де содан шығар..
* * *
«Құдай жоқ» деп атеизм сабағын алған коммунистік заманның басшысы Мұхит Мералыұлының 150 жылдық тойын өткізуге жауапты болған-ды. Әр елден келген ақын, әншілердің баба бейітіне бет сипауына үзілді-кесілді қарсылық білдірді.
Уақыт өтті. Енді өзі немересінің бейітіне құран оқитын болды. Таланттың киесі барын әлі де ұқпай жүргендер бар-ау.
* * *
Қызметі де, пәтері де, көлігі де болды. Бірақ жеке басына бақыт қонбады. Ол рух сыйлау дегенді білмеді, тіптен, әкесінің атын өзгертіп, орысша жазды, өзі соған масаттанып отыратын. Қартайды. Ұл қайырымсыз болды, жар мейірімсіз болды. Баба рухын сыйлауда бірсыр бар ма дейсің сондайда.
* * *
«Әке көрген – оқ жонар» деген мақалды айтып бата берген қария жас жігітті мақтап отыр. Шынында да, ол әкеден ерте жетім қалған болатын. Әкесін көріп отырып-ақ жетесіз боп өсетіндерді қария білмей ме екен деп біреулер таңданған кейіп білдірді. Жетімдікке мойынсұнбай шыңдалып өскен пысық жігіт, расында, әке көргендей парасатты еді.
* * *
Әулие моласының тұсынан қатты жүріп өту қауіпті дегенге құлақ аспаған салқамдау жігіт ащы суға тойып алып зулап бара жатқан. Қас қағымда машина ауып түсті, аяғы сынды.
Сынықшы түзеп берген. Жазылғасын оны мазақ етті. Сынған жері қайта тайып, орнына келмеді. «Өзіңнен өзгені әулие тұт» дейді халық.
* * *
Сырт көзге сезімдері сезілмейтін жұп жұрт қатарлы өмір сүріп жүрген. Аяқ астынан ері дүние салды. Тығыншықтай жап-жас әйел жылына жетпей көз жұмды. Аққу махаббат адамның жүрегіне жазылатын сезім болса керек.
* * *
Бойы қысқа деп мынау пысық жігітті менсінбеген тәкаппар қыз он жылдан кейін тойда кездесті. Жастық шақтың елесі көз алдында қайта жаңғырды. Жарын еркелеткен жігіт жанарындағы отты ол кезде байқамағанына өкініп, бармағын тістейді. Қызғалдақ ғұмырдың да қысқа болатынын кеш ұқты.
* * *
Қыз әкесінің арқасында лауазымы өскен жігіт жарына біреу сұрақ қойса, жалпылдап жауап беріп әбігер. Көпшілік орында сөйлемегенін тілеп, алдында бәйек болып отырғаны. Қайтсін, әйелінің тілі мүкіс. «Ата даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтер» дейді жұрт оған.
* * *
Бизнес. Бұл жолы тек қана өзің баюдың жолы деп ұқты жас жігіт. Кластас досын алдады. Жиен аға, нағашы апасын да алдады. Енді бір келісімге қол қойғызу үшін өз қызының өмірі саудаға түсіп тұр екен. Олай болмайды деп кесіп айта алмапты, ойланайын деп уақыткескен.
О, сұмдық-ай...
* * *
Ата-анасы қалада тұрған, өзі биік ғимараттың оныншы қабатында дүниеге келген Ділназ бастауыштың оқулығындағы «Жайлауда құлын-тайлар ойнақ салады» деген сөйлемге түсіне алмады. Анасы жайлау деген біздің шөп өсетін двор сияқты деп түсіндіреді.
Енді машинадан аяқ алып жүргісіз аулаға терезеден қарап: «Олар құлындарды басып өлтірген» деп Ділназ еңіреп жылап отыр. Еркін құлынның мекені тек қана дала екенін ол әлі ұқпайды. Сол дала құлыны еркіндікті толық көрмей тұрғанын да ұқпайды.
* * *
Пионермін. Атеизм тақырыбына өткен тәрбие сағатынан келсем, әжем жайнамазын жайып, намазға отыра кетті. Мен сөйлескім келеді, ол мойын бұрмайды, өйткені намазды бұзуға болмайды. Ызам келді. Намазы біткен соң оған:
– Әже, бекер намаз оқисың. Құдай деген жоқ нәрсе екен, – дедім.
– Тәйт, оны анау ербиген мұғаліміңе айт, екінші әрі маған айтпа, – деді.
Кешікпей маған қызылша шықты, өрт боп жанып жатырмын, дәрі де бермейді.
Біздер бала ауруымен түгел ауыратын едік қой. Жаным қиналды.
– Алла-ай, басым-ай, әжетай, су берші! – деймін. Сонда әжем:
– Тәйт, Аллада нең бар? Ленин-Сталиніңе жалын, бәлкім көмектесер, – деді.
Менің бала жүрегім олардан көмек жоқ екенін сонда-ақ сезгендей еді.
* * *
Ол мерейтой өткізді. Қойма бастығы болған. Елден жүн-жұрқа, тері-терсек қабылдаушы еді. Одан алыпсатарлықпен айналысқан. Өз күнін өзі көрген. Бірақ ешкімге шапағаты тимеген.
Мерейтойдың не үшін өткізілетінін білмесе де, ұлыларға бұйырмаған шақырту билетін жасатып, ресторанға дастархан жайып отыр. Ал жұрт тост бергенде не айтарын білмей дал болды.
«Сенің атаң кім?» деген сауалға немересі үндемейді, бәлкім сол бала бірдеңе сезеді...
* * *
– Осы күннің келіндері көргенсіз, – деді бір әйел.
– Осы сенде ене болды ма? – деп сұрады екіншісі.
– Болғанда қандай! Мен Жәкеме тиген күннен бастап, ол қақпас біздің үйдің есігін ашпайтын болған. Өмір бойы қызының қолында тұрып өлді, – деді өз ұлы әлі үйленбеген әйел...
* * *
Ең басты мақсатым – қазақ қыздарының тәрбиесіне көбірек көңіл бөлу. Қазақ қыздарына ұлттық тәрбиеден дәріс беру. Біздің мемлекеттік бағдарламада ондай сабақ жоқ. Ал мен қазақ қыздарының ұлттық тәрбиесіне байланысты дәрісті қайдан алам? Лиро-эпос жырларымыздан, дастандарымыздан, Құртқа, Ұлпандардан алам. Қыз Жібек, Баяндардан, Тұмарлардан, кешегі Әлия мен Мәншүктен әкеліп, бүгінгі еліміздің мақтаны болып жүрген қыздармен жалғастырып, дәріс оқимын. Қазір өсіп келе жатқан ұрпақ өзінің ұлтының ертеңгі болашағы екенін білсін деймін. Өзім де үш қыз өсірген анамын. «Қыздары мықты болмай, қоғамы мықты болмайды» деген ойдамын. Қыздары парасатты, анасы ақылды болмаса, қоғам әлсірейді деген ойдамын. Біз қазақ әйелін «Еркектермен тең құқылы, бірдей жұмыс істейді» деп трактор айдауға да, үй салуға да, арақ ішуге де үйреттік. «Жалғызбасты әйел болсаң, жұмыстан шығармаймыз, кәсіподақтан көмектесеміз» деп әйелді қоғамға өгізше жектік. Қазақ әйелі сұлулығынан айырылды. Әдемілігін, нәзіктігін жоғалтты. Қазақ әйелі ұлағатты ана болатын қабілетінен айырылды. Өзгеге еліктеді. Ұлы ұлттың парасатты жүрегі – ана болу деген үлкен өнер, үлкен тәрбие. Бізге осындай ана қажет!
* * *
Бір әйел менен:
– Сіз кім болып істейсіз? – деді.
– Ақынмын, – дедім.
– Е-е... – деді.
– Өзіңіз кім болып істейсіз? – дедім мен.
– Сатушымын, – деді.
Мен оған да:
– Е-е... – дедім.
Ол менің қалтамда ештеңе жоқ дегені шығар, мен оның басында ештеңе жоғын өз тілімен айттым, бірақ ол түсіне алмайды-ау.
* * *
Бір күні көп білетін Қадыр Мырза Әли ағамнан:
– Аға, «ұят» деген сөз осы қазіргі қолдану тілімізден шығып қалған жоқ па? – деп сұрадым.
– Сол сөз дәл бүгін өмір сүруге кеселін тигізуі мүмкін, пайдасын көріп тұрған адамды атауға қиналам, – деп жымиды ақын ағам.
Рас сияқты.
* * *
Әжем қазақ мақалын өте көп қолданатын кісі еді. Үйге біреу келіп кетсе, мақалмен қорытынды жасайды. Бұл түсінген адамға – үлкен сабақ.
Бір күні ауылдағы ең сауатты, ең сыйлы адамның ұлы келді. Бірақ отырып та оқсатпады, сөйлесіп те оқсатпады.
Оның берекетсіздеу екенін сезген әжем ол кеткесін өзіне-өзі сөйледі. – «Атаға тартып ұл тумас, анаға тартып қыз тумас» деген осы екен, – деді.
Бірде бригадир келді, ат үстінде шіреніп сөйлесті де, есік алдымен текіректеп, басын кекжитіп өте шықты. Ол кеткен соң әжем тағы да өзіне-өзі сөйледі. – «Жасық туған жаманың атқа мініп зор болмас. Асыл туған бекзатты қойға салсаң қор болмас» деген осы, – деді.
Әкем де, анам да ерте кетіп, жұмыстан кеш келетін. Мені әңгімелесуге қораш санайтын әжем «Ермек етсін деп құдай бере салған» деп арқалайды, мен ол кезде шынымен кішкенемін, оқуға да барғаным жоқ, бірақ жаңағы суреттер көкейдегі бір ақ парақтай сана беттеріне жазылып қала береді екен де, есейе келе қайта жаңғырып тұрады екен.
Тағы бірде сыпылдап сөйлейтін келіншек келді. Әжемнің іші-бауырына кіре түсіп қымыз ішті, бір уыс құртын орап алды, жентін мақтады, одан да алды. Азғантай отырғанда біраз адамды жамандап үлгерді. Ол кеткең соң әжем: «Қос үйді қоса қондырмастың өзі ғой», – деді.
Бір күні көрші ауылдың бір азаматы кештетіп келіп:
– Қаладан жаяулатып келем, қонуға бола ма? – деді.
Жиендік жақындығы бар екен. Әжем:
– Қонып кет, шырағым, үй жетеді, – деді.
Кешкі ас үстінде әңгіме айтты. Әжем неге жаяу жүргенін сұрады. Ол айтты:
– Атым бар еді, бір жылдай алыстым, жегуге көнбейді, жайдаққа төзбейді, қамшыға бағынбайды, шаршатты. Соны көз көріп, құлақ естіген жер алмады, алысқа апарып сатып келе жатырмын. Союға қимадым, өзім ат сойғанды ұнатпаушы едім, – деді.
Келесі күні жолаушы кетті, әжем тағы да өз-өзінен сөйлеп жүрді. – «Иә, атың жаман болса сатып құтыларсың, қатының жаман болса қайтіп құтыларсың?!» – деді.
* * *
Ескі көлдің орны. Бір кезде «Табынбай» көлі, қазір атауы ұмытылған. Айналасындағы көне төмпешіктер – жертөле үйлердің сілемі.
Шамасы, 1921 жыл немесе 1931 жылдары аштық болған. Сол төмпешіктердің астында бір шаңырақ, бір әулет түгел жатыр. Аштан өліп қалған отбасын көмуге ешкімнің халі көтермепті. Сасыған өліктердің үстіне өз үйлерін құлата салған. Өмір сүруге айналған мекен өздерінің моласына айналарын кім білген. Мұның бәрін қарт әжем Қатира айтып отырушы еді.
Иә, бұл қазақтың басынан не өтпеген...
* * *
Адамзат тарихы – тоғышар тойынғанның өмірбаянын сызып тастап, аш-жалаңаш жүрсе де, арып-талмас, өлмес өнер, өшпес із қалдырған адам мен әділдік үшін күресе білген қайсарлар еңбегінің екшелеген естеліктерінен жинақталып жасалады.
* * *
Ақымақты жеңемін деп таласу ақылдылық емес шығар.
Атақ-даңқ аламын деп жүгіру маған алақан жайған сұрамшақты елестетеді.
* * *
Әжем:
– Екі көз бір-біріне жау болған соң, ортасына мұрын қойған, – деп отырушы еді. Ойлап тұрсам, бұл сөздің мына тірлікте үлкен мәні бар екен. Сақтыққа үйреткен салауатты мысал тәрізді.
* * *
Әйтсе де...
«Асыл туған бекзатты
Қойға салсаң қор болмас.
Жасық туған жаманың
Атқа мініп зор болмас.
Тегі таза жібекті
Шұлғау етсең бөз болмас», –
деген бабам Әбубәкір Кердерінің нақты жыр жолдарымен кейде іштей келісе алмай, қынжылатын сәттерім болады.
«Ау, баба, анау бір бекзат қор болып жүр ғой; анау жібектің қазіргі халі бөзден төмен» деп, тірі болса, таласып қалар ма едім, кім білсін...
* * *
Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Әбубәкір Кердерінің жыр жолдарын оңашалау отырыста сыбырлап айтатын ұстаздар өкілі қазір дүниеден өтіп кетті. Әділдік жеңетініне олардың ұрпағы куә болды. Біз де бүгін айта алмайтын кей шындық келер ұрпақтың үлесіне тиетіні ақиқат.
* * *
1999 жыл. Атырау аталған өлкеден мұнай табылып, оның бүкіл әлемге аты тарағанына 100 жыл толғаны тойланды.
Алайда ғасыр бойы мұнай өндірген елдің тұрмысы мен тауқыметі талайға мәлім. Шулаған той өтіп жатыр. Біреулер ода жазып тастаған. Менің ақын жүрегімді мынадай жолдар мазалайды:
– Өтетін бұл өлкеде тойлар ғажап,
Көл-көсір той жасамау жайлауға жат.
Ғасырлар мұнай атқан бұл өлкенің
Ұрпағы неге кедей?–
Ойлан, қазақ!
* * *
Кенжем Тахмина кішкентайында:
– Мама, сен жоқта біздің үйге өзі қазақ, аузы орыс апа келді, – деген.
Әлі күнге көшеге шықсам, қызымның сол сөзі есіме түсіп, өзі қазақ, аузы орыстармен сөйлесіп, үйге қайтамын.
Қазаққа қазақша ауыз қашан бұйырар екен?!.
"Қазақ үні" газеті