Азат Перуашев: РЕСЕЙ БИЗНЕСІ ЕУРОАЗИЯЛЫҚ ОДАҚТА ЖАЛҒАН БАСЫМДЫҚҚА ИЕ

  abto Ресейлік кеденшілер өз мәселелерін қазақстандық тасымалдаушылардың құқығын шектемей шешуге тиіс. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Ресей кеденшілерінің өз жерлері арқылы өтетін қазақстандық автокөлік тасымалдаушыларды Одақ заңына қайшы келсе де, толық кедендік тексерулерден өткізуіне байланысты осылай деп мәлімдеді. Халық қалаулысы осы жағдайға түсініктеме бере келе қазақстандық бизнес солтүстік көршілеріміздің еріксіз тұтқынына айналып отыр деді. «Біз Ресейдің Батыс елдерінің "санкция" атты қаһарына іліккеніне түсіністікпен қараймыз. Бірақ, бұл олардың жеке проблемалары болуға тиіс» - деді мәжілісмен. Перуашев Қазақстан барлық елдермен жақсы қарым-қатынаста екенін алға тартып, ресейліктер үшін біз ешқандай зардап шекпеуіміз керектігін айтты. Кәсіпкерлердің шағымына орай Ресей тарабы бұл мәселені ушықтырмай, оң шешімін табуға тиісті. Әйтпесе, Еуразиялық одақта ашық, шынайы бәсекелестікке қауіп төнетінін ескертті депутат. «Біз бұл орын алған келеңсіздіктер арқылы ресейліктер еуразиялық одақ аймағында өз кәсіпкерлеріне жасанды басымдылық бергісі келетінін көріп отырмыз. Өз жерлерінде одақтас болып саналатын біздің кәсіпкерлердің құқығын қасақана шектеу үстінде. Ал біз болсақ олардың кәсіпкерлеріне кең жол ашып бердік. Кез келген сауда орындарына барып көріңізші, сөрелерде жергілікті өнімдерге қарағанда ресейліктердің тауарлары анағұрлым көп кездеседі» - деді Азат Перуашев. almaty.palata.kz