ХОШ БОЛ, АЛАШТЫҢ АРДАҒЫ!
2015 ж. 07 қыркүйек
4875
7
1952 жылы Өскеменде облыстық партия комитетінің пленумы болды. Оған Зайсаннан Б. Кітапбаев та келген. Бар-жоғы жиырма сегіз жаста. Аудандық атқару комитетінің төрағасы. Пленумда обкомның бірінші хатшысы Х. М. Пазиковтың есебі тыңдалады.
Бұл кезде Сталин әлі тірі. Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов еді. Бұл кісі Сталиннің ерекше ілтипат-құрметіне бөленген адам. Партияның соңғы он тоғызыншы съезінде Сталиннің мінбеден түсіп, Шаяхметовтың қасына келіп, ұзақ әңгіме-дүкен құрғанын көргендер аңыз ғып айтады. Обком хатшысы Пазиков те қатал, қатыгез адам. Оның есімін естігенде жылаған бала уанады деседі ел. Оны Шаяхметов қолдайды. Екеуінің де әйелі татар. Қазақша айтқанда—бажа. Сол пленумда Бошай Кітапбаев оған қасқая карап: «Хабир Мухарамович, Вы же Первый секретарь обкома ленинской партии, а не генерал-губернатор царской России!» -деген!
Сол кезде осы сөзді жалғыз Бошай Кітапбаев қана айтты. Осындай өткір ойды қылышынан қан тамған империяның жандаралдарына Бошай Кітапбаевтай қасқая қарап, ең құрғанда оншақты жерден оншақты қазақ айтқанда, біз бүгінгідей жан-жағымызға жалтақтай қарап, мелшиіп отырмас едік-ау?! Өкініштісі – осы! Айтпайын деген жоқ... Айтқызбады! Мына жарық дүниеде өксігін ылғи ішіне жасырған дәл біздей шерлі жұрт бар ма екен?! Сол шер ел егемен болғанда да, шеменге айналып, көкіректі әлі тұншығып жатыр! Кейін осы өксіктің қанды кекке айналмасына кім кепіл?!
"Ат үстінде жарық дүниеге келіп, Евразияны аузына қаратқан қазақтың тағдыр-таланы енді капитализмге тап келді. «Біз атқа мінгенде басқа жұрт жаяу-жалпы еді» деп зар шегеді Бошекеңнің талантты да, қанатты бір бауыры Мұхтар Мағауин. Жылқы мінезді қазақ тарихтың небір өткелегінен өтсе де, өткеніне қарайлай береді. «Дарвин маймылдан жаралса – жаралған шығар, біз арғымақтан тарағанбыз!» (Асқар Сүлейменов) дейді! Тап бір атом бомбасын көзге ілмей, садағын кие тұтқан үндістердің Яман тайпасының соңғы тұяғы секілді... Бошай ағамның да жан дүниесі, хал-жағдайы соған жетеқабыл болып тұр.."деп жазып едім.
... Сол Бошай аға бүгін фәниден бақиға өтіпті...
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
qazaquni.kz