Қазақстанда бір баланың мектепке қажет құралдарына 100 мың теңгеге дейін шығын кетеді

Теңге бағамының еркімен жіберілуі салдарынан базарларда мектепке қажетті құрал-жабдықтар құны қымбаттады. Бүгінде бір баланың мектепке қажет құралдарына 100 мың теңгеге дейін шығын кетеді, - деп хабарлады Алматы арнасы.

Фото rfdeti.ru

Фото: rfdeti.ru

Сарапшылар оқу құралдарының құнын бет алды көтеру негізсіз деп отыр. Себебі оқушыға керек-жарақтың біразы өзімізде де өндірілетін көрінеді.

Назгүл Жетпісбайқызы жаңа оқу жылына екі бірдей баласын дайындап әлек. Арзанын іздеген ана балаларына оқу-құралдарын алу үшін базарға келген.

Мұнда да баға былтырғыдан жоғары. Айтуынша, қажетті құралдарды алу үшін оған 120 мыңдай теңге қажет. Ал 1 қыркүйекке дейін оқу құралдары тағы қымбаттамақ.

«Биыл бағалар өте қымбат. Бір форманы былтыр 9 мыңға алсақ, биыл 12-13 мың теңге. Екі балаға 50-60 мыңнан 120 мың кетейін деп тұр. Оқу құралын алмағанда», – дейді ата-ана Назгүл Жетпісбайқызы.

Мектепке қажетті құрал-жабдық сатушылар бұрынғы алынған тауар бағасын көтермегендерін айтады. Алайда енді сатып алынатын тауар қымбаттау болмақ.

Өйткені көк қағаздың құны шарықтай салысымен, “Барахолкадағы” заттың бағасы 40 пайызға бірақ секірген. Десе де мамандар «мектеп құралдарын бет алды өсіру негізсіз» дейді.

Өйткені кеңсе тауарларының көбі – отандық өнімдер. Бұл тұста президенттің өзі тауар бағасының шектен тыс шарықтамауын қатаң тапсырған болатын.

«Осы жылы кеңсе тауарларының бағасы өткен жылмен салыстырғанда өскен. Дәптерлер алуға бір балаға 5 мың теңге жететін еді. Бірақ доллар көтерілгенмен, біз баға қосқан жоқпыз. Біріншіден – мектеп жәрмеңкесі, екіншіден – бұл алдыңғы жолы алынып қойған. Ендігі тауар бағасы өсуде, біз де өсіреміз»,- дейді сатушы Гүлсанам Рахметова.

Ал әлеуметтік жағдайы төмен және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар оқу құралдарын тегін алады. Бұл «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында жүзеге асуда. Тамыздың ортасында басталған шара Медеу ауданында да жалғасын тапқан.

«Аудан бойынша бізде 66 бала жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған. 12 бала көп балалы және көмекке мұқтаж отбасыларда. Осы балалардың бәрінің тізімдері анықталып, әрқайсысына қандай көмек қажет екенін біз біліп отырмыз», – дейді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Данагүл Айнақұлова.

«Мектепке жол» акциясы қыркүйектің 30-на дейін жалғасады. Ал көмекке мұқтаж оқушыларды арнайы құрылған штаб өкілдері анықтайды.

Дереккөз: Алматы ТВ