ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МЕКЕМЕЛЕРІ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРІЛІП, ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ ҚОЛЫНА ӨТПЕК!!!
2015 ж. 10 тамыз
3296
3
Еліміздегі денсаулық сақтау саласын тағы да үлкен өзгерістер күтіп тұр. 2020 жылға дейін Қазақстандағы медициналық ұйымдардың бірқатары шетелдік компанияларға берілмек. Тіпті міндетті мемлекеттік көмектің кейбір түрлері де жеке қолдарға өтуі мүмкін.
40 жылдық профессорлық қызметінде Кеңес одағының да, тәуелсіз Қазақстанның да денсаулық саласындағы бірнеше реформасын көрген, кейбіріне өзі де араласқан Камал Ормантаев жаңа “Денсаулық” бағдарламасы бойынша еліміздегі медицина ұйымдарын жекешелендіруге ашық қарсылық білдіріп отыр.
Профессор жеке меншік медициналық орталықтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі беруге де келіспейді.
“Шетелге барлығын беруге болмайды. Бұл әлі піспеген, талқыланбаған мәселе. Шетелге береді деп жатыр. Қанша процентін береді? Олар бізде емдей алмайды. Шетел дәрігерлерінің дайындағы басқа”, – дейді дәрігер, академик Камал Ормантаев.
Академиктің айтуынша, бұл бағдарламаны кеңінен талқылау керек. Ал бағдарламаны жасаушылар медицинада бәсекелестікті арттыруды басты мақсат етіпті. Яғни, лицензия алған жеке меншік ұйымдар кепілді қызметті де атқарса, дәрігерге көріну жеңілдер еді дейді.
Шетелге барлығын беруге болмайды. Бұл әлі піспеген, талқыланбаған мәселе.“Жеке меншік медициналық ұйымдар арнайы лицензия алған жағдайда, мемлекет жүргізіп отырған кез-келген медициналық қызметтің түрін көрсете береді. Оған шектеу қойылмайды. Ол ота жасау немесе стационарлық қызмет болуы мүмкін. Біздегі денсаулық сақтау ұйымдары бірден болмаса да, кезең бойынша жеке нысанға айналады”, – дейді Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы бас директорының орынбасары Нағима Исатаева.
Камал Ормантаев бұған қоса денсаулық саласындағы кемшіліктерді түзетуге іс жүзінде көшкен жоқпыз дейді. Оған халықтың көп бөлігінің ауылды жерде тұруы да кедергі. Медициналық қызметте ұмтылыстан гөрі жоспар күйіндегі ұраншылдық басым деп есептейді.
“Кемшіліктер көбейді. Денсаулық саласы өте қиын мәселе. Ура-ура денсаулығымыз жақсарып келе жатыр, үйтіп-жатыр-бүйтіп жатыр деген әңгіме көп. Іс жүзінде елдің жағдайы, аурулар да көп”, – дейді академик.
Ал денсаулық сақтау ісінің мамандары “Денсаулық” бағдарламасын алдағы бес жылда медициналық көмектің сапасын арттыру үшін қабылдамақ. Алайда қазіргі таңда шет елдік ешбір компаниямен ресми келісім-шарт жасалмапты. Яғни, бәрі әзірге тек жоспар.
Дереккөз: 31 канал