ОРЫСША СӨЙЛЕСЕҢ – ҚҰТЫЛАСЫҢ, ҚАЗАҚША СӨЙЛЕСЕҢ – ТҰТЫЛАСЫҢ!..
2015 ж. 22 шілде
11493
10
Қостанай полициясы Қазақстан заңын мойындамай ма?
"Әкесін сабапты" дегенді естісек те, "әкесін арбаға байлап қойып тұрып сабапты" дегенді көрген де, естіген де емес едік. Қостанайда болсаң, ондайды да естімек түгілі, күнде көретін күнге жеттік...
Қостанайда жол тәртібін бұзба, бұзсаң айыппұл төлеп қана қоймай, неше түрлі жәбірлеу, қорлық, зомбылықтың неше атасын көресің. Көргенде де, жол тәртібін бұзғаның үшін толтырылған әкімшілік хаттаманы қазақ тілінде толтырсаң 20 мың теңге, ал енді жеңілдетілген түрі – орысша толтырсаң 10 мың теңге ғана төлеп, МАИ қызметкерлерінен мадақтау естіп, арқаңнан қағып, аман-есен үйіңе жібере салады екен. Ал енді жаңағыдай жағдайда «Хаттаманы қазақша толтырамын» деп сіресіп, қасарысып қалсаң, көретінің қорлық, зомбылық, қорқыту және түрмеге қамалу.
Тіл мәселесі жайында әділеттік іздеу – қорлық пен зорлыққа көнумен тең, одан басқа жол жоқ!
Қазақы тілді қазаққа барар жер, басар тау қалмапты, қайда барсаң алдыңнан шығатыны Қорқыт атамыздың көрі.
Осыншама таусылып, жүйкемді құртып, ауыр сөздер айтып отырған себебім, осы жылдың 6 шілдесі күні Қостанай қаласындағы Герцен көшесінде ұлты қазақ Жәнібекова Ақтолқын Намиялықызы кешкі сағат ондар шамасында биіктеу жерде ілулі тұрған бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетіпті жеңіл машинасымен. Сол бетте артынан қуып жеткен
МАИ қызметкері, сержант Досмаилов Дәулет (суретте) қасындағы екі қызметтестерімен (олардың да ұлттары қазақ) рөлде отырған Ақтолқынды күштеп машинадан шығармақшы әрекетке барады. Алғашында МАИ қызметкерлері тарапынан мұндай оспадар, оқыс әрекет көрген көлік жүргізуші Ақтолқын сасып қалып, қызылға өткенін мойындамайды. Және полицияның компьютерінен жол тәртібін бұзушылық бейне көрсеткішінде әлгі жол тәртібін бұзушылық сәті шықпай қалыпты. Сол жерде орналасқан полиция бөлімшесіне барғанда Ақтолқын өзінің қызыл бағдаршамға жүріп кеткенін көріп, айыбын мойнына алады. Былай қарасаң оп-оңай нәрсе, жол ережесін бұзу күнделікті болып жататын жайт қой. Ал мына жерде МАИ қызметкерлері қызметтік баптарын асыра орындап, Ақтолқынға әкімшілік хаттаманы орысша толтыруын талап етеді. Және де "қасарыстың" деп айыптап, түрмеге жабамыз деп қорқытады. Сержант Дәулет Досмаилов орыс тілінде дөрекі сөйлескені былай тұрсын, Ақтолқынды «өз еліңе – ауылыңа барғанда (Оңтүстік Қазақстандық екенін бетіне басып) қазақша сөйлесіп, қазақша жазарсың, және де орысша сөйлес бізбен!» деп, жекіріп қорлайды. Жеңіл көлігіңді алып қоямыз деп бопсалаудың соңында «хаттаманы орысша толтырсаң 10 мың теңге төлейсің, ал қазақша толтырсаң 20 мың теңге айыппұл төлейсің» деп қоқан-лоқылық жасайды. Айтолқын: «Жарайды, мен сол 20 мың айыппұлды төлейін, тек қана әкімшілік хаттаманы қазақша толтырамын» – деп, аналардың заңсыздығына бола қоймайды. Мынандай қорлық, оспадарлыққа жүйкесі шыдамай сыр берген Ақтолқын дәрігерлік жедел жәрдемді шақыртқанда, әлгі оны ұстап алған МАИ қызметкерлері, Д.Досмаилов бас болып екі езулері екі құлақтарында мәз-мәйрам күйде отырыпты. Ақтолқын дәрігерлік жәрдем көрген соң, өз-өзіне келіп, сол түні сағат бірлер шамасында Ішкі істер департаментіне барып арыз жазады. Ол жерде "15 шілде күні жауабын береміз" деп арқасынан қағып жіберген екен, осы күнге дейін әлі ләм-мим деп тіс жармапты. Жауап жоқ. «Сіздің ісіңізбен Махмудов деген МАИ қызметкері айналысып жатыр, жауабын сол береді» депті кетерлікке. Ал әлгі майор Махмудов дегені Руза Бейсенбайтегі телефон шалып осы мәселенің мән-жайын сұрағанда, орысша «А кто отменил русский язык?!» өзіне қарсы дүрсе қоя беріпті...
Басқа амалы қалмаған Ақтолқын Қостанай қаласының филиалы «Нұр Отан» партиясына 11.07.15 жылы арыз жазып қалдырса, олар: «Шара қолданамыз, Досмаилов екеуіңді бетпе-бет жүздестіреміз» деп жауап қайтарыпты. Содан осы уақытқа дейін "жүздестіремізбен" жүрсе керек. Аяғынан таусылып, сабылған Ақтолқын ақыры еш нәтиже болмаған соң, сол қаланың прокурорына барса, әйтеуір құдай оңдап, ол жерде қазақша тілге келіп, қазақша сөйлескен екен. «Бұл істі әкімшілік сот қарайды, егер нәтиже болмаса бізге келесіз» деп жылы шыраймен шығарып салыпты. Сол сабылғаннан сабылып жүріп, Ақтолқын 13.07.15 жылы Қостанай қаласының мамандырылған әкімшілік сотына арызданып, арызын тіркетеді. Бұл уақиғаны Қостанайда шығатын «Қостанай таңы» да жазыпты.
Осы жылдың шілде айының 20 күні сағат 16.00 әлгі аталған сотта Жәнібекова Ақтолқын мен сержант Досмаиловтың екеуінің ісі қаралады деген соң ол жерге біз де бардық. Соттың болмайтынын соттың хатшысы хабарлады. Себебін сұрағанымызда «МАИ бөлімшесінен Д.Досмаилов пен А.Жәнібекова жайлы ешқандай құжат түспеді, сол себепті сот осы шілде айының 30 күні істі қарайды» деген Ресей тіліндегі жауап алдық қазақ қызының аузынан... Осы істі қарайтын соттың аты-жөні Айтқожинов Азамат Муратович екен.
Қостанайға сенбі күні таңғы поезбен жетіп едім Щучинск қаласынан. Сол бетте такси ұстап алып Ішкі Істер Басқармасына бардым, осы мәселенің анық-танығын білу үшін. Басшысы генерал-майор Т.С.Маткенов (суретте) болып табылатын Қостанай !шкі істер департаментінің үлкен ғимараты темір шарбақпен қоршалған. Алдында кішкентай үйшік бар екен, полиция кезекшілері отыратын. Сол жерде келген мақсатым, шаруамды айтып Ішкі қауіпсіздік басқармасының (УСБ) тергеушісі подполковник Букенов Илья Валихановичпен ішкі байланыс арқылы телефонмен сөйлескенімде қай тілде сөйлесейік дегеніме «маған ыңғайлысы орыс тілі» деген соң «здрәстиімді» айтып алып іске көштім. Тікесінен «Жәнібекова Ақтолқынның арызы бойынша сержант Дәулет Досмаиловқа қандай шара қолданып жатырсыздар?» деген сұрағыма «Сіз ол істің менде екенін қайдан біліп қалдыңыз?» деп өзіме қарсы сұрақ қойды. Содан біраз бөгеліп барып «бес-алты минуттан кейін осы телефонмен сұраңыз, істі тауып алып жауабын берейін» деді. Айтқан уақытында телефон соқсам «кешіріңіз, менде ондай іс жоқ екен, дүйсенбі күні іс қағаздарды жүргізушы хатшы Әселядан сұрасаңыз, істі кім жүргізіп жатқанын сол айтып бере алады» деді. Маған сол бетте бәрі де түсінікті бола қалды. Жаңағы үзіліс алғанында тергеуші бастығымен ақылдасқан болуы керек. Бастығы арқасынан сылап-сипап қоя бер десе керек, содан мен де далаға шығып бара жатыр едім, кезекші полиция «сыртта тұрған автокөлік «жигулиді» сіз мініп келсеңіз, тез әкетіңіз, ол жерде тұруға болмайды» деді. Әлгі жерден екі көше жүрмей жатып бізді УАЗ машинасымен жол сақшылары ұстап тоқтатты. УАЗ көлігінен әкесі ұл тапқандай қуанып атып шыққан сақшы жүргізушінің куәлігін, тех.құжаттарын алып қойды да, оны көліктеріне қарай ала жөнелді көкпар тартқандай етіп. Сондағы таққан айыптары - жарқырап тұрған күнге қарамай жарық жақпаппыз. Әлгі жерде «шиеттей-шиеттей бала-шағамды асырау үшін таксовать етіп жүрмін» деген жаңағы шопырды аяп қастарына барып, өзімді таныстырдым. Немереммен жасты әлгі МАИ-дің «жүгірмектеріне» қазақша сөйлесейік деген ұсыныс жасадым. Жарайды, мен мінген көліктің жүргізушісі Самат жол ережесін бұзсын-ақ, ал бірақ жаңағы МАИ қызметкерлеріне жекіп, дөрекі сөйлесуге кім құқық берді екен? Мен түсімді суытып олардың сұрап тұрған 9995 теңгесі шиеттей баласы бар Саматқа ауыр тиетінін айтып, егер жібермесе бұл істі жай қалдырмай, Назарбаевтың өзіне дейін шағымданатынымды айтып, әзер дегенде босатып алдым көлік жүргізуші азаматты.
Сонымен менің айтарым, "Қостанайға Ресейдің тілін білмесеңдер бармаңдар, ал бара қалсаңдар, қалталарыңа көбірек ақша салыңдар" дегім келеді қазақ бауырларыма. Жол ережесін бұзып қолға түсер болсаңдар «кәрәшө, кәрәшө, ты прап, ал мен бинобат» деп бас шұлғый берсең ғана аман-есен қаласың. Ал «мен қазақша сөйлесуші едім» деп, заңды талап етсең, біттің, кәлимаңа тіліңді келтіре бер... Хаттаманы қазақша толтырғың келсе 20 мыңнан кем төлемейсің, ал орысша толтырар болсаң – он мың теңге айыппұл!
Ең бастысы – орыс тілінде сөйлессең, мәртебең өсіп шыға келеді және ешқандай дөрекілік, қорлау, жәбірлеу деген Қостанайдың МАИ тарапынан болмайтын шаруа! Қазақша сөйлесем десең – кәлимаңа келтіре бер тіліңді...
Қуаныш МҰҚТАЙ
Қостанай қаласы
21.07.15 жыл
qazaquni.kz