«ТӘУЕЛСІЗДІК» көшесі САТЫЛЫП КЕТТІ
2015 ж. 21 шілде
6982
3
Алматы облысының
әкімі А.Ғ. Батталовтың назарына
Елбасының саясатына қарсы жұмыс істеп, заңды белден басатын шенеуніктердің жауап беретін уақыты жетті!
Алматы облысы Қарасай ауданы, Абай ауылындағы «Тәуелсіздік-2» көшесіндегі тұрғын үй, жер телімдерін, есік алдындағы жол «жеке шаруашылық» мақсатында жеке тұлғаға сатып жіберілуі бітпейтін дауға айналды.
Тұрғындардың қолындағы Қарасай ауданы әкімінің шешіміне сәйкес берілген заңды Жер актілеріне қарамастан Қ.Қошановтың жер телімінің жартысы, Н.Омаровтың жер телімінің бір бөлігі, және «Тәуелсіздік-2» көшесінің бір бөлігі 22.07.2008 жылы Байғазиев Жақшылық Жеңісович деген қырғызға Қарасай ауданының әкімінің шешімімен шаруа қожалығын жүргізу мақсатында сатылады. Сол жерде қатар тұрған 3 жер телімі 1 ай ішінде 3 түрлі мақсатқа және 1 жер телімі екі адамның атына сатылған.
Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 107, 26, 33 баптарына сәйкес көше ортақ қолданысқа жататын жер болғандықтан, жеке пайдаланысқа беруге тыйым салынғандығын білсе де, әкім көзін жұмып сатып жіберген.
Сол жер телімін Ж.Байғазиевтен бір үйде тұратын оның жездесі Мұстафаев Ермұхан Раимбекович сатып алады. Біз көршілердің татулығын еске алып, сол кездегі аудан әкімі Бигелдиев Махаббат Садуакасұлына 29.09.2008 жылы арыздандық. Одан жауап болмағандықтан 17.04.2009 жылы келесі әкім Мұсаханов Аңсар Тұрсынханұлына, 16.07.2010 жылы және 09.06.2011 жылы Тұрлашев Ляззат Махатұлына жазған арыздарымыз да мүлдем жауапсыз қалды. Бірақ, халықтың арызына жауап бермейтін әкімдер тек жоғарылауда. Мысалы, М.Бигелдиев қазір Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары, А.Мұсаханов облыс әкіміне дейін көтеріліп, енді сенатор болып кетті, Ләззат Тұрлашев та сенаторлыққа көтерілді. 2015 жылы 4 мамырда Қарасай ауданының әкімі Амангелді Дәуренбаевқа бесінші рет хат жаздық, әлі жауап күтіп отырмыз.
Әкімдерден қайран болмаған соң, өзара келісейік деп Е.Мұстафаевты шақырдық. «Көршілер араздаспай, көшенің үстіне түскен жерді сенен сатып алайық, болмаса басқа жерден осындай жер алып берейік» деп біз адамгершілікке салып жүрсек, Ермұхан бауырымыздың өз есебі ішінде болып шықты. Кейін амалсыздан Қарасай ауданының сотына арыздандық, 2011 жылы 24 қазан айында аудандық сот У.Касимованың шешімімен «Көше қалсын!» деген соттың шешімі шықты.
Е.Мұстафаев арызданып облысқа шағымданды, бірақ облыстық соттың апелляциялық коллегиясының 13.12.2013 ж. «көше қалсын, шағым қайта қаралмасын!» деген шешімі шықты. Е.Мұстафаев ертеректе дүниеден өткен Мұстафаев Төркен деген ағасының атын салып жүріп, бүгінгі біздің қоғамда сол У.Касимова облыстық соттың шешімін белінен басып, бізді шақырмай, өзінің алдыңғы шешімін бұзады.
Оны естіген соң Қарасай аудандық сотқа қайта шағымдандық, сол кездегі Байгужаев деген аудандық соттың төрағасы, сот процессінде ашықтан ашық, «ағасы менің танысым еді, білгендеріңді істеңдер» дегенді айтып істі Е. Мұстафаевтың пайдасына бұрып шешіп беріп, Қ.Қошановтың тұрғын үй мақсатында бұрын алынған жер телімінің бір бөлігін жоққа шығарды. 2013 жылы сәуір айында ҚР Бас прокуроры А.Дауылбаевтың атына, Алматы облысының прокуроры Г.Миразовтың атына, Қарасай ауданының прокуроры А.Құлбаевтың атына осы болып жатқан заңсыздықтарды тексеріңіз деп жазған арызымызға облыс прокурорының бірінші орынбасары Б.Жүйріктаевтың немкетті етіп жазған жауабын алдық, онда ол 8 жылдан бері соттасып, соттан әділдік таппай жүрген бізге «Сіздердің соттасуға құқықтарың бар» деп, ақыл үйретіпті. Қарасай ауданының прокуратурасына жазған арызымызға «біз жеке тұлғалардың арызын қарамаймыз, олар сот арқылы шешіледі» деген жауап келді.
«Қайдан келесің соттан келем, соттан емес-ау оттан келемін» деп Бейімбет Майлиннің айтқанындай, әділеттік таппаған соң амалсыз, ҚР Президенті Н.Назарбаевқа ҚР Конституциясының гаранты ретінде жазған, және «Нұр Отан» партиясына заңды бұзушыларды тәртіпке шақыру туралы жазған арызымызға Алматы облысы прокурорының орынбасары М.Әлібековтен бізге пысқырмай отырған «әкімнен жауабын аласыңдар» деген хат келді. 2013 жылы шілде айында «Алматы» және «31арна» барып, жабылып жатқан көшені түсірген кезде, сол кездегі Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Сәтжан Манасұлы Кекимов келіп, тез арада шешеміз деп уәде беріп, шығарып салды. Артынша өзі жұмысын ауыстырып, бүгінгі күні Қапшағай қаласының әкімі болып отыр. 2015 жылы 4 мамырда сол даулы жерді түсіруге барған Таң және 31-арна журналистеріне берген сұхбатында аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Бахытұлы Жұмаділ «жолды жапқан қоршауды бүгін аштырамын, тез арада көшенің сатылған бөлігін өкіметке қайтарып, басқа жерден жер беремін» деп, ол да журналистерді алдап шығарып салып, ертесіне демалысқа шығып кеткен.
Қайтадан әкім орынбасарына барғанымызда, ол «Абай ауылының әкімі Айдын Әуезхановқа тапсырдым, сол шешеді» деді. Әуезханов деген өте жылпос жігіт екен, ол жерді қалай сатуды жақсы білсе де, көшенің үстіне түскен жерді қалай қайтып алуға ақылы жетпейтіндігін айтып, «сол Нұрсұлтан Бахытұлы өзі шешсін» деп қайтарып жіберіп, енді жаңа жер иесімен шүйіркелесіп, өз көлігіне мінгізіп алып, жерінің нысанасын өзгертіп беремін деп уәде беріп жүгіріп жүр.
Қоршау сол қаз-қалпында тұр, адамдар өз үйлеріне кіре алмай, үйіндегі адамдар көшеге шыға алмай, жас балалар мектепке бара алмай жатыр. Енді әкімнің орынбасары арызбен барғандарға «өздерің бір-біріңмен келісіп шешіңдер» деп отыр. Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың атынан тексерілуге жіберілген хатқа немкетті жауап берулеріне қарағанда Прокуратура қызметкерлерінің жауапкершілігі қандай деңгейде деген ой келеді. Прокуратура қызметкерлерінің «Жол сатылмайды емес пе» деген арызымызға «Сіздердің шағымдануға құқығыңыз бар» деген күлкілі жауаптарын оқып, біздің елде азаматтардың құқығын қорғайтын мекеме жоқ екенін, бұл жүйенің іріп-шіріп жатқанын сезген Елбасының «Құқық қорғау саласын жөнге келтіру керек!» деген сөзі жайдан-жай емес екендігін түсіндік.
Қарасай ауданына жиналған әкімдер мен құқық қорғау қызметкерлері осындай істерімен халықтың наразылығын тудырып, ашындырып жатыр. Олар заңды аяққа басып, елдің берекесін кетіріп, билік пен халықтың арасын ажыратып отыр. Елбасының саясатына қарсы жұмыс істейті, заңды белден басатын бұндай шенеуніктердің ел алдында да, Елбасы алдында да жауап беретін уақыты жетті.
М. Құрбанова,
Qazaquni.kz