Астанада 35 мың адам бір мезетте басын сәждеге иді (фото)
2015 ж. 18 шілде
4037
2
17 шілде
Бүгін, 17 шілдеде, әлемнің барша мұсылман қауымы қасиетті Рамазан айының аяқталып, Ораза айт мерекесінің басталуын атап өтуде. Еліміздегі барлық мешіттер айт намазына жиналған қауымға лық толып, құлшылық етуге келген адамның санында шек болмады.
Астанадағы ең ірі “Хазрет Сұлтан” мешітінде де барша мұсылман қауыммен Ораза айт мерекесінің басталуын бірге атап өтпек болған мыңдаған адам жиналды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі. 12 мың адамға есептелген мешіт барлық келген адамды сыйғыза алмады. Сондықтан құлшылық етуге келгендердің біразы мешіт ауласында намазға жығылды. Бірінші наиб-имам Қуат Ерғалиұлы Ораза айт күллі мұсылман қауымы үшін ең маңызды екі мейрамның бірі екенін айтады. Екіншісі – Құрбан айт мерекесі. Ораза айт алдындағы түнде мұсылмандар қасиетті Рамазан айының аяқталуын атап өтіп, түрлі тәтті тағамдарға толы дастархан жаяды. Ораза айт кезінде мұсылмандарға жақсы, таза киімдерін киіп, иіс су сеуіп, садақа беріп, жақындары мен көрші-қолаңды аралау сүннет болып есептеледі. Егер араларында ренжіскендері болса, бір-бірінен кешірім сұрау да – жақсы амал. Қуат Ерғалиұлының айтуынша, бүгін Ораза айт намазына “Хазрет Сұлтан” мешітіне 35 мыңнан астам адам жиналыпты. Діни басқарма құлшылық етуге келген адамдар үшін барынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, намаздың ыңғайлы етіп өтуін қадағалады. Ал осыдан бірер күн бұрын өткен Қадыр түні қауіпсіздікке жауап берген полиция қызметкерлерінің айтуынша, 30 мыңнан астам адам мешіт табалдырығын аттаған. Наиб-имамның айтуынша, жұма намазы кезінде де әдетте жиналған қауымның саны 12 мыңнан кем болмайды. Демалыс күндері де 1000-2000-ға жуық адам мешітке келіп-кетеді.Заметили ошибку на сайте? Нажмите Ctrl+Enter
Дереккөз: Nur.kz