Қазақ тілінде хаттама толтыртқызбаған полицейлер жазаланбақ
2015 ж. 16 шілде
4280
11
Қостанай қаласындағы тілге қатысты өршіген дау "Қостанай таңы" газетінде жазылып, оған "Қазақ үні" ұлттық порталының араласуымен ақыры шешімі табылды. Бұл ел көңілін аударған мәселе туралы кеше КТК арнасы да хабарлады.
Көше тәртібін бұзған Ақтолқын Жәнібековаға хаттаманы мемлекеттік тілде толтыртқызбаған полицей С.Д.Досмаиловтың әрекеті ғаламторда қатты айыпталды. Тілге қатысты осы мәселені халық та бір ауыздан қолдады, әрине. Бір күннің ішінде qazaquni.kz сайтында сол мақаланы 4500-ден астам адам оқып, фейсбук желісінде 200-ге жуық көшіріп басылып, 80-ге жуық пікір жазылып, қатты қолдау болған еді.
Екі апта бұрын бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, кінәсін мойындаған Ақтолқын полицейлердің үстінен шағымданған еді. Айтуынша ереже бұзған сәт түскен таспаны көрсету үшін тәртіп сақшылары оны бөлімшеге апарып, ұзақ ұстапты.
Әрі полицияның қарсы болуына байланысты түсініктемені қазақша жаза алмай қор болған келіншектің арызы бойынша, Ішкі істер департаменті тексеруді бастаған.
“Қызметтік тергеу жүргізілуде. Тексеру қорытындысы бойынша азаматша Жәнібековаға түбегейлі жауап беріледі. Егер де полиция қызметкерінің осы заңды бұзғаны тексеру барысында анықталса ол жазаға тартылады”, – деді Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Әділбек Нұрмахин КТК арнасына берген сұхбатында.
Ақтолқын Жәнібековаға полицей Досмаилов: "ОРЫСША хаттама ТОЛТЫРСАҢ 10 мың теңге, ҚАЗАҚША ХАТТАМА ТОЛТЫРСАҢ, ЕКІ ЕСЕ АРТЫҚ 20 мың теңге ТӨЛЕЙСІҢ” -ДЕП, ҚАЗАҚ ТІЛІНІЕ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ ҚАРСЫ ҮГІТ ЖҮРГІЗГЕН. БҰЛ ҮШІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР СЕРЖАНТ ДОСМАИЛОВТЫ ЖҰМЫСТАН ҚУУ БЫЛАЙ ТҰРСЫН, ҮСТІНЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАУ КЕРЕК!"-дейді qazaquni.kz сайты оқырмандары.
Бұл мемлекеттік тіл туралы маңызды мәселе әділ шешімін тапқанша біздің қадағалауымызда болады.
qazaquni.kz