АУМАҒЫНДА БӨТЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ 6 ӘСКЕРИ БАЗАСЫ БАР ЕЛ ҚАЛАЙ ТӘУЕЛСІЗ БОЛАДЫ?

Естеріңізде болса, «Қазақстан ресейге Балқаш торабын береді» атты мақала жарық көрген болатын. Онда ҚР Парламенті отырысында осыған дейін Қазақстан тарапынан Ресей Федерациясына жалға беріліп келген «Балқаш торабы» полигоны құжаттарын қайта реттеп, жалға беру мерзімін созу мәселелері талқылынап жатқандығы туралы айтылған.

Ресей Қазақстанның ең басты стратегиялық әріптесі, 2011 жылдан бері Ресейдің бастамасымен Кедендік одаққа мүшеміз. Солтүстіктегі көршіміздің талай жылдар үстемдік еткеніне әбден үйреніп те алғанбыз. Олардың  бірде-бір өтініштерін жерде қалдырған емеспіз. Ең өкініштісі, ядролық қарудан бас тартқанымызға 25 жыл болды деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, орыс зымырандарынан, сынақтардан  әлі күнге көз ашпай келе жатсақ та «қыңқ» демейміз.

Дәл бүгінгі таңда Қазақстанда Ресейдің 7 полигоны бар. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-пен жарысып қарулануды мақсат еткен КСРО 1950 жылдардан бастап әскери полигондарын қаптатып аша бастаған.

Бір таңқаларлығы, Ресейдің осы әскери полигондарының басым бөлігін Қазақстан аумағында ашуы. Қазақтың кең даласы – Ресейдің үлкен полигон алаңына айналған және айналып отыр. Әрине, 1992 жылдан кейін қазақ даласындағы полигондардың аумағы әжептәуір азайды. Дегенмен, әлі күнге дейін Қазақстанның 11 миллион шаршы гектары Ресейдің әскери полигондары үшін жалға беріледі. Полигондар еліміздің батысынан бастап, шығысына дейін созылып жатыр. Әсіресе, халық аз шоғырланған  Батыс өңірінде полигондардың көбі орналасқан.  Алдыңғы жылы бір ғана «Тайсоған» полигонын жабу туралы шешім шықты. Мәз болдық. Біреуі болса да жабылады деп.  Енді міне келісім мерзімі аяқталған «Балқаш торабын» біржолата жабудың орнына біздің депутаттар оның мерзімін созуды көздеп отырғандығы күдік тудырады. Сонда бұлар кімдердің мүддесі үшін қызмет етуде?  Қазақстанның жерін өзгеге беріп қойғаннан не ұтамыз?

Расул Жұмалы, саясаткер:

Ашығын айтар болсақ, бұған дейін де Қазақстанның полигондарын Ресейге және өзге мемлекеттерге жалға беру туралы келісімдер болған ғой. Әңгіме болып отырғаны сол келісімдерді мерзімін ұзарту, жаңа мерзімге созу мәселесі. Негізі бұл Кеңес заманынан бері қозғалып келе жатқан  мәселе. Кезінде 90-жылдары Семей полигонын  жапқанда, сонымен тоқмейілсіп, масаттанып жүрдік.  Ал сол кезде Қазақстанның аумағында сондай 8 нысан, қосымша 6 әскери  база болды. Шын мәнісінде соның біреуі ғана жабылды. Семей атом полигоны. Жабылғанның өзінде біздің мүддеміз еш есепке алынған жоқ. Ал ол жерлерде қаншама жарылыстар болды, табиғатқа айтарлықтай зиян келтірді, жергілікті адамдардың денсаулығына да әсер етті. Ал мұның зардаптарын жоюға Ресейден де АҚШ-тан да өтемақы төленбеді.  Бұл проблемалар әлі күнге дейін сол қалпында қалып отыр. Салдарынан Қазақстанның тұтастай бір аумағы дертке ұшырап отыр. Енді қараңыз, Тәуелсіздік алғанымызға 24 жылдан асса да, әлгі нысандар сақталып отыр. Тек алдыңғы жылы Тайсойған полигонын жабу туралы шешім қабылданған. Ал жаңағы полигон аумақтарында не болып жатқаны (саяси тұрғыдан, жергілікті халықтың тұрмысы тұрғысынан) билік өкілдері мен құзырлы органдардан өзге қарапайым халыққа белгісіз, жұмбақ болып қалуда. Мұны қоғам белсенділері айтып-айтып аузымыз таларлық болды. Бізден  зымырандары ұшады. Байқоңырдың гептилі өз алдына бөлек тақырып. Мысалы, батыстан ұшқан зымыран Балқаш маңына келіп құлайды. Бұл Қазақстанға қарсы қолданып отырған қарудың бір түрі ғана. Анау киіктердің, балықтардың қырылып қалуының бәрінің түйіні осыған келіп тіреледі.  Ал сол аймақтардағы халықтың Ресейлік стандарттар бойынша өмір сүруі, олардың әлеуметтік қамтылуы, өз тілінде білім алуы бар, жұмысқа орналасу мәселелері, қаржылық дүниелер т.б. әлі күнге дейін мәселе болып қалып отыр.  Мәселенің үшінші жағы бар. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет бола тұра өзінің аумағында, өзінің жерінде бөтен мемлекеттің 6 бірдей әскери базасын кіргізіп отыруы күлкілі тіпті. Ол жерлерде Қазақстанның үкімі жүрмейді және сөз болып отырған аймақ территориясы жағынан Польша секілді Еуропадағы ірі мемлекеттің аумағымен пара-пар аумақ. Қазақстанның тұтастый екі облысын қамтитын жер.  Сондықтан беталбаты осындай келісімдерді қайта-қайта жаңарта бергеннен еш пәтуа көрмейміз. Мұндай мәселелерді Парламент талқылағанда әсіресе өзіміздің ұлттық құқықтарымыз толықтай ескерілуі тиіс. Ол жалға беріліп отырған аумаққа тиын-тебенмен  ақы төлеп отыр.  Ол полигондардың зардаптары миллион долларлармен өлшенеді де, мың долларлап қана ақы төлейді.  Өткен жолы біздің қаржыгерлеріміз санаған болатын. Егер дәл сол жерді өзіміздің қазақстандық фермерлерге, шаруаларға игеруге беретін болса, біріншіден одан ешқандай зиян болмайды. Ал екіншіден, біз сол жерлерді Ресейге 1500-2000 есе арзанға беріп отырмыз. Тіпті, босқа беріп отырмыз.  Сондықтан өзіміздің Егемендігіміздің кепілі ретінде біз өзіміздің жеріміздегі қандай да бір шетелдік әскери базаларды ығыстырып шығаруымыз керек. Ал Балқаш пен Байқоңырға келер болсақ, айтып отырған аймақтарда Қазақстаның үкімін жүргізу керек. Ол түптеп келгенде Қазақстанның жері. Жалға беру деген – ол меншікке беріп қою деген сөз емес.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

«Қамшы» сілтейді