Берік Құрманғали: Тіл – ұлттың өзіндік бейнесі мен рухани келбетін көрсететін төлқұжат
2015 ж. 25 маусым
4774
6
Берік Құрманғали, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы: Тіл – ұлттың өзіндік бейнесі мен рухани келбетін көрсететін төлқұжат
– Берік Уәлиұлы, баспасөз қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің қарсаңында сұхбат құрып отырғандықтан, әңгімеміздің басында Оңтүстік Қазақстан өңірінің бұқаралық ақпарат құралдарының тыныс-тіршілігіне тоқталып өтсеңіз. Журналистердің еңбегін бағалау, шығармашылықтарына қолдау көрсетуге байланысты қандай іс-шаралар жасалып жатыр?
– Облысымызда бұқаралық ақпарат құралдары саны жағынан басқа облыстармен салыстырғанда Алматы қаласынан кейін екінші орында. Өңірлік баспасөз құралдары мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асыруда, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жобалар, атқарылып жатқан игілікті істер жайында өңір тұрғындарына ғана емес, республика жұртшылығын да хабардар етіп келеді. Осы орайда журналистердің еңбегін мемлекет тарапынан бағалау мен көтермелеу мақсатында арнайы марапаттаулар, түрлі байқаулар, спартакиадалар, семинарлар ұйымдастырылып келеді. Дәстүрімізге сәйкес, биыл да байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай көптеген іс-шаралар өтуде. Мәселен, облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарына арналған байқауды атап өтуімізге болады. Байқаудың нәтижесі журналистердің кәсіби мерекесі күні жария етілмек. Берілетін ақшалай сыйақының да көлемі қомақты болғалы отыр. Атап айтсақ, жеңімпаздарға облыстық «Үздік телеарна» аталымы бойынша – 1 000 000 теңге, облыстық «Үздік басылым» аталымы бойынша – 1 000 000 теңге қаржылай сертификат табыс етіледі. Бұдан бөлек республикалық телеарналар мен газеттердің облысымыздағы үздік меншікті тілшілері 500 000, «Алтын микрофон», «Алтын қауырсын» иегерлері де 500 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болады. Ал журналистердің кәсіби мерекесінде тағайындалатын сыйлықтың жалпы жүлде қоры – 4 млн. теңге. Мұның барлығы өңірдегі баспасөздің кеңінен қанат жаюына, сондай-ақ төртінші билік өкілдеріне көрсетіліп жатқан қолдау деп түсінгеніміз абзал.
– Өзіңізді көрермен қауым білікті тележурналист ретінде жақсы таниды. Осыдан 3 жыл бұрын қазақтың қаймағы бұзылмаған оңтүстікке келіп, мемлекеттік жауапты қызметке кіріскеніңізде әріптестеріңіз де шынайы тілектестікпен, қуана қарсы алды. Өйткені журналистің жан дүниесін осы саланың білгір маманы, шынайы жанашыры ғана түсінеді емес пе?! Облыс әкімінің баспасөз хатшысы әрі облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары болып қызмет еткен жылдарда жергілікті билік пен БАҚ-тың арасындағы байланыс қандай деңгейде дамыды деп айта аласыз?
– Билік пен БАҚ арасындағы байланыстың негізгі тетігі ол, әрине, баспасөз қызметі. Ал баспасөз хатшысы ол екеуінің арасындағы алтын көпір іспетті. Бұл дәнекерлік міндетті қалай атқарғанымызды қарапайым халық пен әріптестерім айта жатар. Дегенмен, билік пен бұқаралық ақпарат құралдары арасында тығыз байланыс орнату мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2014 жылғы 8-шілдедегі №217 қаулысымен «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі» кеңес құрылған болатын. Кеңестің негізгі міндеттері өзара іс-қимылдың тиімді жолдарын іздеу, қызметтік құзырет шеңберіндегі мәселелерді шешуге бағытталған шараларды әзірлеу, белгілі бір мәселелер жөнінде ұсыныстар енгізіп отыру және тағы басқа. Мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, жұмыстарынан ақпарат беріп отыру үшін «Оңтүстік» ақпарат орталығын аштық. Орталықта лауазымды тұлғалардың журналистерге баспасөз мәслихаттары, күн тәртібінде тұрған мәселелерге пікір білдіру шаралары ұйымдастырылып отырады. Бір айта кетерлігі, журналистер алдындағы мұндай есеп берулер күнделікті ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар былтырдан бері ішкі саясат және дін істері басқармасының ұйымдастыруымен журналистерге арналған тұрақты семинар өткізіліп келеді. Ол семинарларға елімізге танымал редакторлар, білікті журналистер, сайт жетекшілері, сарапшылар қатысып, тәжірибелерімен бөліседі.
– Жақында Елбасы «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасын жария еткені белгілі. Аталған ресми құжатта «кәсіби мемлекеттік аппарат құру» деп аталатын бөлім бар. Осы мәселеге байланысты ой-пікіріңізді білсек.
– Елбасының бес институттық реформасы 100 нақты қадам негізінде жүзеге асырылатыны мәлім. Оған барлық мемлекеттік органдармен облыстың Ішкі саясат басқармасы да тікелей атсалысуда. Ұлт жоспарының алғашқы бағыты – кәсіби мемлекеттік аппарат құру бөлімінде басты бағдар заманауи, кәсіби мемлекеттік аппарат құруға негізделіп отыр. Осы бағыттың түп мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің корпусын кәсіби және автономды дәрежеге жеткізу. Мемлекеттік қызметкерлер корпусының, әсіресе, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің автономды болуы дегеніміз сайлау, министрлер мен әкімдердің және басқа да жетекшілердің ауысуы кезінде оған әсер етпеуі болып саналады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуінде лауазымдық сатылардан өтіп, кәсіби біліктілігін нақты тәжірибеде жинақтауына көңіл бөлу де аталған реформаның мазмұнында көрініс тапқан. Осы орайда айтайын дегенім, мемлекеттік қызметте кәсіби орындаушылар ғана емес, мемлекетшіл азаматтардің көбірек болғаны дұрыс. Өйткені болашағын, өткені мен келешегін болжай алатын мемлекетшіл адамдар көп болса ғана, бұл қызметтің әлеуеті артып, мәртебесі биіктей түседі.
– «100 қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған шараларға тоқталып өтсеңіз.
– Үстіміздегі жылдың 14-сәуір күні Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер иниститутымен бірлесіп, «Бес институттық реформа: дамуға қарқын қосып, мәңгілік ел болу» тақырыбында өңірлік форумын өткіздік. Ал жуырда «Бес институттық реформа. 100 нақты қадам: Ақпараттық қамту және ілгеріту» атты аймақтық журналистер форумы өткізілді. Форумға қатысушылар «Ақпараттық қамту және ілгерілету», «Мәңгілік Ел қазақстандық біртектілік идеяларын жүзеге асыру», «БАҚ-ғы интернеттегі бұқаралық ақпараттың жаңа буындарын қалыптастыру», «Баршаға арналған қазіргі заманғы идеяны жүзеге асырудың негіздері» тақырыптары бойынша баяндамалар жасап, пікір алмасты. Бес халықтық реформаның маңыздылығы туралы ойларымен бөлісті.
– Биылғы мерекелер жылы аясында атқарылған кейбір шаралар туралы айтып берсеңіз.
– Ресми статистикаға жүгінсек, Оңтүстік Қазақстан облысында 108 этнос өкілдері тұрады. Облыс аумағында қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.
Жергілікті басқару органдарының азаматтық қоғам институттарымен бірлесе жүргізіп отырған жүйелі және мақсатты жұмыстары бар. Олардың барлығы ұлтаралық келісім мен конфессияаралық татулық пен ынтымақтастыққа негізделген. Этносаралық қатынастарды нығайту мақсатында 2014 жылы облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы облыстық этномәдениорталықтар, қоғамдық ұйымдар өкілдерімен бірлесе отырып этнос өкілдері көп шоғырланған Мақтарал, Сарыағаш аудандары мен Түркістан, Кентау қалалары тұрғындарымен кездесулер өткізді. Мұндай кездесулер өткізу биыл да жоспарланып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы — 20 ізгі іс» республикалық эстафетасының бас белгісі «Тайқазан» киелі Түркістан қаласынан бастау алды. Облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының тапсырысы бойынша қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Балалар соққан достық үйі» тақырыбында анимациялық фильм түсірілді.
Бұл анимациялық туындылардың мәні мен маңызы ерекше. Ол жас ұрпақты Отанды құрметтеуге үйретеді. Бірлікті насихаттайды, жастарды адамгершілік пен бауырмалдыққа тәрбиелейді. Халықтар арасында ынтымақтастық пен достықты нығайтады. 1-маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылып анимациялық фильмнің тұсаукесер шарасын ұйымдастырдық. Қазірдің өзінде балаларға арналған «Балапан» телеарнасы бұл туындыны көрсетуге ниет танытып отыр.
– Халқымыздың бай рухани дүниесін, бойына жиған барлық қазынасын, асыл мұрасын бүгінге жеткізген ол ана тіліміздің құдіреті екені белгілі. Ана тіліне құрмет көрсетуде оңтүстік өңірінің орны қашанда бөлек, үлгі боларлықтай. Іс қағаздарды мемлекеттік тілге толықтай көшіруде облыстарыңыз көш бастап тұр. Облыста бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде қазақтілді басылымдар көптеп жарық көруде. Десек те, мемлекеттік тілге қатысты барлық мәселелер өңірде оң шешімін тапқан деп толық сеніммен айта аласыз ба?
– Тіл – ұлттың өзіндік бейнесін анықтайтын, рухани келбетін көрсететін төлқұжат деп айтуымызға болады. Ол ұлттың өзгеден ерек даралығын анықтайтын ерекше белгі. Ана тілі арқылы орнығатын ұлттық сананы қалыптастырушы Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Ахмет, т.б. даналардың шығармашылығында нағыз зияткерліктің үлгісі бар.
Елбасының: «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деген пікірі қоғамда қазақ тілінің қаншалықты маңызды орынға ие екенін білдіріп тұр. Ендеше, қазақ тілінің идеологиялық құрал бола алары сөзсіз.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Осы бағытта құзырлы орындармен бірге кез келген қазақ азаматы болсын, отбасы болсын қызмет атқарса, тілге байланысты мәселелер өзінен-өзі шешілетіні белгілі.
Оңтүстік Қазақстан облысы халқының 90 пайыздан астамы мемлекеттік тілді меңгерген деп айта аламыз. Облыс аумағында 15 оқыту орталығы жұмыс атқаруда, тілдерді қолдану мен дамытуға бағытталған іс-шаралардың нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі 89,5 пайызға жеткен. Сондықтан мемлекеттік тілге қатысты мәселелер оңтүстік өңірде оң шешімін тапқан деуге толық негіз бар.
– Ана тіліміз туралы сөз қозғағанда Сізге кәсіби тележурналист ретінде тағы бір сұрақ қойғымыз келіп отыр. Еліміздегі телеарналардың бүгінгі деңгейіне көңіліңіз тола ма? Қандай бағдарламаларға жоғары баға берер едіңіз? Телеарналардағы тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениеті, тележүргізушілердің біліктілігі мен ұстанымына қатысты қандай ойларыңыз бар?
– Бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе телеарналарда тіл мәдениетінің, сөйлеу мәдениетінің, әсіресе тележүргізушілерге келгенде осы мәселенің қайта-қайта алдымыздан шығуының өзі әлі де болса бұған қатысты шешімін таппаған сауалдардың бар екендігін көрсетсе керек. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. «Астана» телеарнасындағы Жайна Сламбектің «Біздің уақыт» және Қалқаман Сариннің «Кеш емес..», сондай-ақ «Қазақстан» ұлттық арнасындағы Мейіржан Әлібек жүргізетін «Апта.kz» пен Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай» бағдарламасын атап өтер едім.
Жалпы алғанда, тіл мәдениетін қалыптастыратын бірден-бір орта бүгінде теледидар мен баспасөз құралдары болып отыр. Сондықтан теледидарға, әсіресе қазақ тілін жақсы меңгерген адамдар шығу керек деп есептеймін. Өзі тілді ауызекі диалект аясында меңгерген, сөздік қоры аз, кейбір сөздерді дұрыс айта алмайтын, тілінде мүкістігі бар адамдары, теледидарға шығарғаннан ұтпасымыз анық.
– Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысы Шымкент қаласын Қазақстандағы үшінші мегаполис болады деп бағалады. Бұл ретте қаланы осы межеге жеткізу жолында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Биыл Елбасы облысымызға іссапарымен екі рет келді. Әрбір сапарында Мемлекет басшысы өңірдің дамуына жоғары баға беріп келеді. Облыста іске қосылып жатқан жаңа нысандар, бой көтеріп жатқан ғимараттар, жаңа жұмыс орындарының ашылуы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық саясаттың оң нәтижесі екені даусыз. Елбасы былтыр желтоқсан айында жасаған сапарында облыс орталығындағы бірқатар нысандарды ашып, атқарылып жатқан жұмыстармен егжей-тегжейлі танысқан болатын. Бүгінде Шымкентті республикамыздағы үшінші қала ету бойынша қыруар жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі — Шымкент қаласындағы жаңа әкімшілік іскерлік орталығы. Онда бүгінгі таңда бірқатар нысандар облыстық бюджет есебінен салынып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, орталықтың аумағында облыс әкімдігі ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталып, 16 қабатты ғимарат бой көтерді.
Сонымен қатар орталықта мәдени ошақтар облыстық «Отырар» кітапханасы, «Көрме» орталығы, Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры, «Түркістан» сарайы және 500 адамды қабылдай алатын жаңа емхана пайдалануға берілді. Жаңа ауданда қазіргі таңда көптеген көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. «Қазына» этно-мәдени кешені салынды. Онда Наурыз алаңы, облыстық өлкетану мұражайы, Әдет-ғұрып салт-дәстүр орталығы және Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ескерткіш те осы кешеннің аумағында бой көтерді.
Мен мұны осы қаланың тұрғыны ретінде зор мақтанышпен айта аламын. Өйткені осы өңір маған рух пен күш беріп тұратындай. Екі балам осы қалада дүниеге келді. Өңірдің әсемдікке толы табиғаты, ата-бабамыздың қалдырған салт-дәстүрі мен мол мұрасы бұл өңірде әлі күнге дейін сақталған.
– Еркіндікті қалайтын шығармашылық адамы үшін уақытпен санаспайтын, қатаң тәртіпке бағынатын мемлекеттік қызметті атқару қаншалықты оңай немесе қиын?
– Мемлекеттік қызметті атқару, халық үшін қызмет ету – түсіне білгенге зор бақыт дер едім. Бұрын осы мемлекеттік қызметкерлер не бітіреді деп сыни көзбен қараушы едім. Сырттан тон пішу, әрине, оңай. Өзіңіз айтпақшы, шығармашылықтан қатаң тәртіпке бағынатын мемлекеттік қызметке ауысқаныма 3 жыл болыпты. Осы 3 жылда мемлекеттік қызметтің күрделілігі, қиындығы, ерекшелігі, жауапкершілігі қандай болатынын түсіндім. Тоқетеріне келгенде, мемлекеттік қызметкердің ең басты міндеті мемлекетке, халыққа адал қызмет ету. Таңның атысы, күннің батысы жұмыста жүру бір бөлек. Әртүрлі өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысу, ол шешімдердің қабылдануына ықпал ету, қарапайым халықпен жұмыс істеу қашанда маңызды. Өзім тікелей айналысатын ішкі саясат саласындағы дін мәселесі, қоғамдық-саяси ахуал, қоғамдық қатынастар, ақпараттық саясат бағытындағы жұмыстарды жүргізу үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Л.Әбіжетқызы
"Ана тілі"газеті
*Тақырып өзгертілді
qazaquni.kz