БӘЙГЕ мен КӨКПАРДЫҢ МАҚСАТЫ АТТЫ ЗОРЫҚТЫРЫП, АЯҒЫН СЫНДЫРУ ЕМЕС!..
2015 ж. 16 маусым
7743
5
Вера Гаврилко сойылған басты көрмей жүр ме, ет базарларында өзі сүйіп жейтін шошқалардың бастары толып тұр ғой қорқынышты болып, қорықса содан қорықсын...
Соңғы бірнеше күн интернетте Солтүстік Қазақстан облысында болған көкпар жарысы мен бәйге төңірегінде біраз әңгіме қозғалып жатыр. «Ит үреді, керуен көшеді» деп үн қатпай қоя салуға да болар еді. Бірақ сол «шәуілдектерге» үн қосып, айтаққа еріп өзіміздің бауырларымыздың жүргені қынжылтты. Менің ауылымда болып жатқан оқиға болғандықтан, бір-екі ауыз пікір қоса кетуді ұйғардым. 1. Көкпар да, бәйге де спорт түрі. Кез-келген спортта көз шығып, бас жарылуы мүмкін. Тіпті футбол алаңында жүрегі тоқтап, жан тапсырғандар жайлы ғаламторда ақпарат толып жатыр. Сонда әлгі құқық қорғаушысымақтар адам өлді, тоқсан минут бойы жігіттерді жүгіртті, шаршатты деп футболға неге қарсы шықпайды? 2. Қазақстанда жылына жүздеген ат жарыстары өтеді, соның бәрінде бірдей аттың аяғы сынып жатқан жоқ қой. Оқыс оқиға болатыны анық. Бірақ менің «әріптесім» Вера Гаврилко әрбір жарыста аттарды әдейі, қасақана жарақаттайтындай қылып жазған. «Аяғын кесті» дейді. Ол не ветеринар маман ба еді мұндай кесімді сөз айтатындай? Кеспесе, жарақаттан болып ірің денесіне тарап, өліп кетуі де мүмкін ғой. 3. Варварлық, үңгірден шыққандардың әрекеті дегендей ой тастапты. Бұл сөзі ауыр тиді енді. Осы ойы арқылы қазақтың ұлттық ойыны арқылы бар қазаққа тіл тигізді. Су ішкен құдығына түкірудің жақсы емес екенін білмейді-ау. 4. «Көкпар үшін бауыздалған ешкінің басы балалардың жүрегіне жара салды» дейді. Сөздің де жөні болуы керек қой. Сойылған басты көрмей жүр ме еді балалар. Қыл аяғы кез-келген ет базарында бастардың түр-түрі тұр ғой. Вера Гаврилконың өзі сүйіп жейтін талпақ танау шошқалардың бастары да тұр қорқынышты болып. Қорықса содан қорықсын. 5. Ұлттық спортымызды қорғамақ болған бауырлар интернетте испанның корридасы, иттер мен тауықтардың төбелестері туралы жазыпты. Бір жағынан дұрыс қорғағандары, ал екінші жағынан оларды қалай салыстыруға болады? Мүлдем сәйкес келмейді ғой. Мақсаттары мүлдем басқа ғой. Көкпарға немесе бәйгеге шыққан адам атының аяғын сындыру немесе оны зорықтырып өлтіру үшін шықпайды ғой. 6. Соңғы сөзім, 31 арнада істейтін Руслан Құсайынов бауырыма арналады. «Көкек өз атын өзі шақырады». Сол қатынды сөйлетіп, өз ата-бабаңнан келе жатқан көкпарың мен бәйгеңді қаралайтындай басыңа не күн туды... "Қоғамның наразылығын туғызды" дейді, сеніңше қоғамың қазаққа жаны қас анау әйел ме? Бір адамды қоғам деп дабыра қылудың қажеті қанша? http://www.31.kz/video/show/id/8049/show/ib/lang/ruЕрбақыт АМАНТАЙ,
QAZAQUNI.KZ