Елмен бірге еңсерген 20 жыл
2022 ж. 06 маусым
1006
0
«Ақ жол» демократиялық партиясының 20 жылдығына орай ақжолдық ардагерлердің, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттардың қатысуымен конференция өткізілді. Жиынды партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ашып, партия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, саясаттанушы, партияның барлық съездеріне қатысушы Бөріхан Нұрмұхамедов, қоғам қайраткерлері Құдайберген Қаңтарбаев, Бақыт Смағұлдар партияның 20 жыл бойы жүріп өткен жолы туралы баяндамалар жасады.
– «Ақ жол» демократиялық партиясының 20 жылдығын үлкен той қылып жоспарлаудан бас тарттық. Себебі, қоғамда ел үшін маңызды конституциялық референдумға қатысты талқылаулар жүріп жатыр. Ата заңымызға үлкен, өзекті өзгерістер енгізілейін деп жатыр. Сондықтан, осындай конференция форматында өткізуді ұйғардық. Партияның 20 жылдығы секілді мерейлі датаны назардан тыс қалдыруға болмайды деп білеміз. Осы жылдар аралығында партиямыз түрлі сынақтан өтіп, халық алдында өз абыройын асқақтатып келе жатыр. Партиямыздың негізін қалаушы азаматтарға, күнделікті өзінің табанды еңбегімен партия мерейін үстем еткен әрбір азаматқа алғысымды білдіремін. Бүгінгі жиынның мақсаты да жиырма жыл бойы жүріп өткен жолымызды, партия өмірі қалай басталып, қалай сабақталғанын, болашақ бағдарымыз қандай деген ой-пікірлерімізбен бөлісу, – деді «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
Демократиялық партияның ардагерлері ұйымның 2002 жылы қалай құрылғанын, осы жылдар ішінде қандай жолды жүріп өткенін, бүгінде қандай жұмыстар атқарып жатқанын, алдағы уақытта қандай міндеттерді көздеп отырғанын айтты.
Талдықорғандық делегат Құдайберген Қаңтарбаевтың ұсынысымен конференция делегаттары өмірден өткен Мұса Патеев, Зымғали Көбенов, Алтынбек Сәрсенбаев және т.б. секілді «Ақ жол» демократиялық партиясын құруға қатысқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Конференция делегаттары Конституцияны реформалау мен жалпыхалықтық референдумның тартымдылығын да талқылады. Басты ұстаным – Президент Қ.Тоқаев ұсынған Негізгі заңға енгізілетін өзгерістердің саяси жүйені демократияландыруға және парламентаризм институттарын нығайтуға бағытталғанын ескере отырып, оларды қолдау.
Ұйымдастыру мәселелерінен конференция делегаттары 8 маусымнан бастап құрылатын Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарында «Ақ жол» ҚДП-ның филиалдарын ашу туралы шешім қабылдады.
Конференция аясында партия ардагерлерінің естеліктер жинағы мен алғашқы құжаттарының тұсаукесері өтті.
«Ақ жол» партиясының қызметін үздік жариялаған журналистер де марапатталды.
Соңында он бес жылдан астам өтілі бар бір топ партия құрушыларына «Ақ жол» партиясына ХХ жыл» төсбелгісі табыс етілді.
ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУДЕН АМАН ӨТКЕН «АҚ ЖОЛ»
Тұтқындауға ордер берілетін кезеңнен... марапаттауға орден берілетін кезеңге жеттік...
Тарихына қарасаң, талай тар жол, тайғақ кешуден өткен, талай тартыстардан күшейіп, тарлан ашуға жеткен «Ақ жол» партиясының бүгінгі 20 жылдығымен бәріңізді құттықтаймын!
Бұл күнге де жеттік, құдайға шүкір дейік.
«Ақ жол» партиясының тарихына қарасақ, партияны басқару кезеңін үш кезеңге бөлуге болады.
Алғашқы кезең – «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген атам қазақтың даналығын ескермей, бес қошқардың басын бір қазанға сыйдырғысы келген, ақыры бастары бірікпей, бөлініп кеткен 5 төрағасы бар партия кезі.
Екінші кезең – белгілі саясаткер Әлихан Байменовтің басшылық жасаған, биліктің де, өздерін радикалды оппозиция санаған партиялардың да қаралауына, яғни екі жақты жасалған шабуылдарға төтеп берген кезеңі. Негізі, Әлекең зиялы, мәдениетті және иманды кісі ғой. Сондықтан, «Аққа –құдай жақ» кімдікі тура екенін Алла біледі, жауап жазудың қажеті жоқ» дейтін. Бірақ мен шыдамай, олардың жаласын әшкерелеп отырып, қарымта жауап қайтарып жүрдік. Олардың оншақты газеттеріне жалғыз тойтарыс берген «Қазақ үні» газетіне де биыл 22 жыл болды...
Осы кезеңде «Ақжолдықтардың» алды абақтыға қамалып, түрлі тосқауылдардан көз ашпаған кезең.
Үшінші кезең, үздік кезең – партияны басқаруға Азат Перуашевтің келген, парламентте партия фракциясы құрылған кезең.
Елдің заң шығарушы билігіне кіріп, Парламент мәжілісінде «Ақ жол» фракциясы құрылып, халық аманатын орындап, ұлттық мүддені қорғауға заңды кіріскен кезең. Билікті өзінің халық арасындағы саяси-қоғамдық ықпалымен мойындатқан кезең. Бұл кезде қудалаулар тоқтатылып, билік «Ақ жолмен» санасатын болды. «Ақ жолдың» ақтаңгерлері мемлекеттік марапаттауға да іліне бастады. Яғни, ақжолдықтар тұтқындауға ордер берілетін кезеңнен марапаттауға орден берілетін кезеңге жеттік...
Сондықтан да жалпы жиырма жылдық партия тарихын екіге бөлуге болады. Ол Азат Перуашевке дейін және Азат Перуашев келгеннен кейінгі кезең.
«АҚ ЖОЛДЫҢ» АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
1. «Ақ жол» партиясының өзге партиялардан айырмашылығы – біріншіден, ұлттық мүддені қорғауымыз, ұлттық саясатты ұстануымыз.
Біздің партия тұңғыш рет 2007 жылы Ұлттық саясат концепциясын қабылдаған партия. Белгілі саясаткер Амангелді Айталы ағамыз басшылық еткен жұмыс тобы Ұлттық концепцияны ұлт мүддесін қорғайтын құжатқа айналдырды. Мемлекеттік тіл, латын әліпбиі, ұлттық мүддені қорғайтын ұлттық идеологияны қалыптастыру мәселелері ең алғаш осы концепцияда тұжырымдалды.
2. «Ақ жол» партиясы Қазақ Парламенті тарихында тұңғыш рет 2007 жылы Алаш арыстарының аттарын атап, ұлағатты істерін ұлықтау мәселесін көтерді.
«Ақ жол» партиясы Парламент Мәжілісінде «Ақ жол» фракциясы құрылғалы бері отыздан астам Алаш мәселесіне арнап депутаттық сауал жасаған жалғыз фракция.
2012 жылы «Алаш» бағдарламасын ұсынған жалғыз партия!
Ұсынып ғана қоймай, соған байланысты жұмыс істеп келе жатқан партия.
2012 жылдан бері «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық бағдарламасы биыл он бірінші рет өтеді. Бұл дәстүрлі байқау аясында жас Алаштанушылар шоғыры пайда болды.
«Ақ жол» мемлекет көңіл аудармаса да, Алаштың 95 жылдығын да, 100 жылдығын да атап өтті.
3. «Ақ жол» 2011 жылдан бері ұлт мәселесіне арналған көптеген республикалық ғылыми конференциялар мен Халықаралық мүшәйралар өткізіп, бірнеше рет мерекелік медальдар шығарды.
2011 жылы Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына арналған, 2014 жылы Алаш арыстарына арналған, 2015 жылы Қазақ хандығына арналған, 2017 жылы «Алаш Орданың» 100 жылдығына арналған, 2020 жылы Абай мен Алаш арыстарына арналған халықаралық мүшәйралар өткізіп, мерекелік медальдар шығарды. Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналып ұлттық монетаме пошталық марка шығаруды және Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуді, жыл сайын мемлекеттік тілде диктант жазуды ұсынған «Ақ жол» партиясы.
4. «Ақ жол» партиясы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды саяси бағдарламасына енгізген жалғыз партия.
Парламент пен Ұлттық Кеңесте Тәуелсіздік алғалы 30 жыл бойы ондай биік мінберден айтылмаған, 70 жыл Кеңес одағы кезінде айтылмақ түгілі ойлауға болмайтын Мемлекеттік тіл туралы заң керек деп талап қойған, және оның іске асуы үшін күресіп жатқан партия.
«Ақ жол» партиясы – Қазақстан Республикасының азаматтығын алу кезінде мемлекеттік тілден және ҚР Конституциясын мен Қазақстан тарихынынан емтихан тапсыруды заңнамалық тұрғыдан бекітуді саяси бағдарламасына жазып қойған жалғыз партия!
5. «Ақ жол» Президенттік басқару жүйесінен Парламенттік Республикаға көшуді ұсынып отырған партия.
2012-2016 жылдары «Ақ жол» депутаттары Үкімет пен фракциялардың арасында тең қарым-қатынас қағидаларын қалыптастыру үшін көп күш салды. Осы қағидалардың бірі – біз әзірлеген, сегіз жылдан кейін қабылданған «Парламенттік оппозиция туралы» заңда іске асырылды.
2013 жылы «Парламенттік оппозиция» туралы заң жобасын ЕҚЫҰ жоғары бағалады. Бірақ қазақ үкіметі өткізбеді.
2019 жылы Ұлттық Кеңестің екінші отырысында бұл мәселені Президент Тоқаев көтеріп, ол 2020 жылғы қаңтардан бастап талқыланып, қабылданды. Заң жобасын жасаушы «Ақ жол» партиясы болды.
Яғни, алғаш рет ел заңнамасына «парламенттік оппозиция» ұғымын «Ақ жол» енгізіп отыр.
6. «Ақ жол» қандастар мәселесін тұрақты түрде көтеріп келе жатқан партия. Бұл тақырыпта бірнеше рет парламентте мәселе көтерді. Азаматтық алуды жеңілдету, «қазақ» деген анықтама беруді жолға қою және т.б. көптеген маңызды мәселелер орындалуына ықпал етті.
2017 жылы «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев пен партия төрағасының орынбасары ақын Қазыбек Иса Бейжіңге барып, Си Сзин пиннің әлем партияларын жинаған форумында ең бірінші рет Қытайдағы қамаудағы қазақтардың мәселесін көтерді. 112 қазақтың тізімін Қытайдың сыртқы істер министрі деңгейіндегі адамға тапсырғанбыз. Содан 79 адам босатылып шықты. Бұл Қытайдағы қазақтардың қамалып жатқаны туралы халықаралық дәрежеде тұңғыш көтерілуі, Бейжіңнің төрінде, Қытай көсемінің өзі өткізіп жатқан жиында айтылған мәселе болатын.
7. Желтоқсан көтерілісінің заңдық бағасы беріліп, «Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар» статусын белгілеу, оларға әлеуметтік жеңілдік жасау мәселелерін көтерген партия да – «Ақ жол».
8. Әрқайсымыздың көшеде көлікпен жүрсек, кафеде тамақ ішсең, дүкеннен киім алсақ, пайдаланатын банк карточкаларымыздан үкімет 2020 жылдың 1 қаңтарынан салық ұстайын деп отырғанда, оны тоқтатқан да «Ақ жол» партиясы! Біз сол кезде ол туралы «Ақ жол» халықты қорғап, салықты жеңді» деген мақала жаздық «Қазақ үні» газетіне...
9. Еліміздің барлық азаматтары алуы тиіс базалық зейнетақыны енгізуді де ең алғаш ұсынған – «Ақжолдықтар».
Бұлар «Ақ жолдың» парламентте атқарған қыруар шаруаларының бірер бөлігі ғана.
Егер қандай жолмен болса да, қандай оппозиция болса да, «Ақ жол» парламентке келмесе, осының бірі де істелмес еді. Алаштың аты мүлде аталмас еді парламентте.
Көзі ашық, сауатты, нақты іспен айналысып жүрген адамдар Парламентте халық сөзін сөйлеп отырған өте белсенді партия «Ақ жол» екенін жақсы біледі
Бірақ «Ақ жолдың» Ұлттық мүддеге, Алашты насихатттауға, халық проблемаларын шешуге істеген жұмыстарының жүзден бірін істеп көрмегендер кезіндегі негізсіз жабылған жалалар мен жаппай қаралаудан қалған нашар әдетпен кейбіреулердің ел мен ұлт үшін саусағын қимылдатпай-ақ, аузын қимылдатып, қаралай беруі әлі жалғасуда.
Ал жалпы айтар болсақ, кәсіпкерлер мен ұлт зиялылары қос қанаты болып табылатын «Ақ жол» партиясын ел қазір нақты істер партиясы ретінде біледі және ұлттық мүддені қорғайтын партия ретінде сенеді.
Азат Перуашев «Қазақтың Шекспирі» деп тура атайтын аты әлемге әйгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков: Мен өзім «Ауыл» партиясында болсам да, ашық айтарым, қазір нақты іспен айналысып, ұлттық мүддемізді қорғап келе жатқан жалғыз партия «Ақ жол» деген болатын.
Қазақтың тарлан ақындары Исраил Сапарбай, Ибрагим Исаев марқұм, Серік Тұрғынбек, Ханбибі Есенқарақызы, «Тақиялы періште» фильмінің бас кейіпкері, аты аңызға айналған актер, былтыр өмірден озған Әлімғазы Райымбеков, белгілі әнші Кенжеғали Мыржықбаев, танымал актер Асылбек Смағұл және т.б. ұлт зиялылары «Ақ жолдың» айтулы мүшелері.
«Ақ жол» – жиырма жылда атын ауыстырмаған, затына сай қайрат көрсетіп келе жатқан жалғыз партия!
«Ақ жол» – өзін конструктивті оппозициялық партия ретінде жариялап, заң шығару билігіне, яғни парламентке келген және халық аманатын орындап келе жатқан жалғыз партия.
«Ақ жол» – «Түбегейлі өзгерістер қажет» атты бағдарламасының басым бөлігі Президент Жолдауы арқылы референдумға шығарылып отырған партия!
«Ақ жол» – ұсынған саяси өзгерістері Конституцияны өзгертейін деп жатқан партия!
Халық үнін білдіріп, ұлт мүддесін қорғап келе жатқан «Ақ жол» партиясы бүгінде Парламентте 12 депутаттық фракциясы бар, 220-ға жуық Мәслихат депутаты бар, 15-тей ауыл әкімі бар партия.
Биыл 20 жылға толып отырған «Ақ жолға» ең үлкен тартуды ҚР Президенті Қ.Тоқаев жасады. Партияның тура туған күні 16 наурызда жасаған Жолдауында «Ақ жол» ұсынып келе жатқан саяси өзгерістерге өмірге жолдау берілді.
«Ақ жол» – салмақты саясаткерлері, қайратты қайраткерлері бар партия! Жол бастаған көсемдері, сөз бастаған шешендері бар партия! Жаудан қайтпаған батырлары, даудан қайтпаған ақындары бар партия! Парламентте халықтың үнін жеткізіп, Алаштың аманатын орындап келе жатқан партия!
«Ақ жол» партиясының ең үлкен мүшесі Сәрсенбай Қаңтарбай ақсақал биыл тоқсан тоғыз жасқа аяқ басты. Талдықорғанда тұрады, әлі тың, құдайға шүкір. Ал сексен төрт жастағы ақтөбелік Ұлбибі Құбашева осы жиынға қатысып отыр, «Ақ жол» партиясына 20 жыл» медалімен марапатталып, ақ батасын берді.
«Ақ жолдың» ең жас мүшесі күні кеше ғана он сегізге толған күні партияға өткен Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университетінің бірінші курс студенті Нұрбол Нұржанұлы.
Яғни, үш жүздей белсендісі, үш жүз мыңдай қолы бар, үш жүздің басын қосқан бүкіл қазақтың бас батыры атанған Бөгенбай батырдың ұрпағы Азекеңдей қолбасшысы бар партия!
Ендеше біз, кімнен қорқып, қандай жаудан қайтуымыз керек?!
Алдағы аламандарда «Ақ жолдың» ақбоз тұлпары ақ маңдайы жарқырап, алдан көріне бергей деп Ақ жол тілейміз!
Алға, «Ақ жол»!
Жаңа дәуірге қадам басқан Тәуелсіз Қазақ Елінің көк туы көкте мәңгі желбірей бергей!
Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Қазыбек ИСА,
ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары
"АҚ ЖОЛ" БАРДА - ЕЛ АДАСПАЙДЫ!
Аса құрметті Азат Тұрлыбекұлы!
Қадірлі саясат майданында қазақтың қамы деп жүрген Алаштың ардақтылары!
Баршаңызды бүгінгі айшықты оқиға, кешегі елім деп еңіреп өткен Алаш зиялыларының мұрагері – «Ақ жол» партиясының жиырма жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Сөзімді кәрі тарихтың қатпар-қатпар тереңінде жатқан, Көктүріктің көк байрағын желбіреткен Білге мен Күлтегіндей қағандардың қыран құстай қанаттарын қомдап, ақылшысы болған Тоныкөк бабамыздың тасқа қашатып жаздырған: «Мен бай халыққа хан болып отырмадым. Ішінде тамағы, сыртында киімі жоқ, аянышты, төмен халыққа хан болып отырдым. Түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Аш халықты тоқ қылдым, кедей халықты бай қылдым» деген даналық сөзімен бастағым келіп отыр.
Осы даналық сөз тасқа қашалғалы мыңдаған жыл өтті. Сонау сақ пен ғұннан басталатын шежіре жолда ел тізгінін ұстаған қағандар да, хандар да, баһадүр батырлар да түнде ұйқы көрмей, күндіз күлкі көрмей, қызыл қандары төгіліп, қара қабырғалары сөгіліп, қым-қуыт заманның зарын тартты. Алаштың Әлихан бастаған ақиық ұлылары да түн ұйықтамай, күндіз отырмай, қазақты азат етемін алысты. Сұрқия заманның ащы запыранын жұтты. Алашы үшін өлімді де олар қасқайып тұрып қарсы алды. Сол ұлылардың бізге аманат еткен қарызы мен парызын қал-қадірінше орындап, ұлт мүддесі үшін қызмет етіп жүрген ат төбеліндей топтың қақ ортасында «Ақ жол» партиясының айналасына топтасқан сіздер де барсыздар.
Иә, бүгінде біз азат елге айналдық. Қазақпыз деп кеуде қағып, марқаятын шағымыз да бұл. Бірақ, азат екенбіз деп тып-тыныш отыра алар ма екенбіз. Айналамыз аласапыран, арпалысқан дүние. Батысымыз алай-дүлей қара түнек бұлт болып ақ таңды тұмшалағандай көрінеді. Шығысымыз да айдаһар болып ызылдаған желдің өті. Қазақтың Ұлы даласы да қарбаласқа түскен сыңайы бар. Ол – отыз жылдан кейінгі жаңа өзгерулер «Жаңа Қазақстан» болып көшін түзеген елдің болмыс-бітімі боп көз алдымыздан көлбеңдейді.
«Ақ жолдың» жиырма жылдық керуен жолында айпара күнде адасқан кезіміз жоқ. Әрдайым елдің ортасынан табылдық. Әлихандар айтқан ақиқатқа қылау түсірмеуге тырыстық. Соңғы он жылымызда Парламенттік фракция ретінде биліктің бір тұтқасын қолымызға нық ұстадық. Басқалар тосылып, айта алмағанды «Ақ жол» болып айттық, биліктің бойындағы мінін де, кем-кетігін де тасада тұрып емес, биік мінберде тұрып жеткіздік.
Саясат аренасында «Ақ жол» партиясы басқа партиялар сияқты «абырой» биікке биліктің қауқар-қарымымен емес, өзінің тірнектеп жүріп жинаған ақ адал еңбегімен жетті. Әлі де болса, бұл абырой-беделді бізге көпсінетіндер бар, жоқ емес. Бұған өткен сайлаудағы көрсеткіште айқын мысал.
Осыдан он шақты жыл бұрын Ақмола облысы бойынша сайлауға қатысқан 380 мың сайлаушының 24604-і «Ақ жол» партиясына дауыс берді. Ал, өткен сайлауда біздің дәйекті ақпараттарымыз бойынша «Ақ жол» партиясына отыз пайызға жуық сайлаушы өз дауыстарын берді. Билік партиясының да пайызы осы шамада болғанын біреу білер, біреу білмес. Жалпы, халықтың «Ақ жол» партиясына деген ілтипаты ерекше, әділ сайлау дәл бүгін өтсінші, Парламенттегі ең көп дауыс алған екі партияның біреуі болатынымыз айдан анық.
Оппозициялық партия саналғанымызбен, «Ақ жолдың» ұстанымы елдік, ұлттық құндылықтар, кешегі туған жұртына азаттық әперемін деп құрбан болған «Алашорда» идеясын ұстанған бабалар жолы. Біз жүйедегі оппозициямыз, яғни, бұл оңшыл қанатты білдіреді. Әсіресе, кәсіпкерлердің және халықтың басқа да санаты мүддесін қорғайтын партия болып саналады.
Саясат – мемлекеттік басқару жүйесінің бір түрі. Кез келген мемлекет өз дамуында саяси партиялар арқылы өседі, өркендейді. Жас қазақ мемлекеті өз тәуелсіздігін алғалы бері мемлекеттік басқару құрылымында саяси партияларға арқа сүйеп, бұл сала ортақ мүддеге жұмылудың арқауына айналды.
Елдің саяси өмірінде «Ақ жол» ҚДП-ның да алатын орны айрықша екенін білеміз. Бүгінде бұл партия Парламенттегі фракциялардың бірі ретінде өз жұмысын жалғастырып, жоғары заң шығару органында белсенді қызметімен көрінуде.
Ал, осы саяси партияның Ақмола облыстық филиалының бұл келелі істерден сырт қалмай, барынша атсалысып отырғанын атап өтуге болады. Ақмола облыстық филиалы 2002 жылы ашылды. Бүгінгі мереке күні облыстық филиалымыздың тізгінін ұстап, ерекше үлестерін қосқан Парламенттің өткен екі шақырылымда Мәжілісінің депутаты болған Меруерт Айтқажықызы Қазбековаға, Серік Бексейітұлы Бейсембаевқа зор ризашалық білдіргенді жөн көріп отырмын.
«Ақ жолдың» Көкшетау мен Ақмола өңіріндегі беделі бүгінде әжептәуір өсті. Биліктің бірден-бір санасатын саяси құрылымы екенімізді ауыз толтырып айта аламыз. Себебі, осыдан оншақты жыл бұрын қандай бір басқосуымызды өткізсек, ғимарат таба алмай әлекке түсетінбіз. Билік маңайына жолатпайтын, «Ақ жол» десе, кез келген бюджеттік мекеме басшысы тайқақсып, сөйлесуге қорқатын. Қазір бұл түбегейлі өзгерді. Тіпті, соңғы екі облыстық конференциямызды бұрынғы кеңестік заманда екінің бірінің аяғы баса бермейтін «Советтер үйі» ғимаратының қақ төрінде өтті.
Жалпы, филиалдың өзінің алдағы күндерге деген сенімі нық екеніне сендіреміз. Елдік мүддені бәрінен биік қою үшін жан-тәнімізбен қызмет ететін боламыз. Сөз соңында шығыстың данасы Жүсіп Баласағұни бабамыздың сөзін айта кеткенді жөн көріп отырмын.
Ол: «Адамға екі нәрсе тірек тегі: бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі» деген екен. Сондықтан осы заманның озық ойлы тұлғасы болу үшін көзің жіті, құлағың сақ, көңілің кең бола отырып, жақсы адам өзінің жыртық шапанымен де сыйлы бола алатынын әркез санамызға түйгеніміз абзал болар еді дегім келеді. Адам бола білу оңай емес, ал, саясат майданында сөз қаруыңмен тегеуірінді күштерге қарсы қаймықпай қауқар көрсету әсте оңай емес. Гетеше айтсақ: «Өзі үшін әрекеттенген азап шегеді. Өзгелер үшін еңбек еткен адам олардың қуанышына да ортақтасады».
Ендеше, құрметті бауырлар, партиялас достар!
Бүгінгі қуаныштарыңыз ұзағынан болсын. Еңселеріңіз биік, абыройларыңыз асқақ болып, елдің мүддесі жолындағы еңбектеріңіз елене берсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, ағайын!
Бақыт Смағұл,
"Ақ жол" партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары
qazaquni.kz