Отбасы банкінің 1 716 431 салымшысы мемлекеттік сыйлықақы алды
2022 ж. 06 ақпан
1216
0
Отбасы банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) 1 716 431 клиентінің шоттарына демалыс күндері мемлекеттік сыйлықақы түсті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша депозиттерге барлығы 61,7 млрд теңге аударылды. 116 680 теңге көлеміндегі мемлекеттік сыйлықақының ең жоғары мөлшеріне Отбасы Банкінің 382 406 салымшысы ие болды. 2021 жылы олардың әрқайсысы өз есепшоттарында кемі 583 400 теңге немесе 200 АЕК жинақтаған. Депозиттерінде одан да көп қаражат жинаған клиенттер сыйлықақы берілмеген жинақ бөлігі бойынша мемлекеттік сыйлықақыны 2022 жылдың қорытындысы нәтижесінде алады. – Өткен жылы 601 367 қазақстандық алғашқы жарна жинап, қолжетімді шарттармен баспана сатып алу үшін Отбасы банкінде жаңа депозит ашты. Бұл рекордтық көрсеткіш, оған біржолғы зейнетақы төлемдерін жинақ шоттарына аудару мүмкіндігі де сеп болды. Желтоқсан айының 15 күнінде бұл мүмкіндікті 34 мыңнан астам адам қолданды. Олар өз депозиттеріне 55 млрд теңге аударып, оған қоса үстінен мемлекеттік сыйлықақы алып, баспаналы боламын деген мақсаттарына бір табан жақындай түсті, - деп түсіндірді «Отбасы Банкі». Мемлекеттік бонус болашақта жылдық 5 пайыз мөлшерлемесімен тұрғын үй заемын алу үшін депозит бойынша жинақтау мерзімін қысқартуға көмектеседі. Мемлекеттік сыйлықақы мен банк сыйақысы бірігіп, Отбасы банк депозиттерін нарықтағы ең тиімді салымдардың біріне айналдырады. Өйткені олар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 14%-ға жетуі мүмкін. Статистикаға сүйенсек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларының тұрғындары Отбасы банкінде қаражат жинақтаудың бұл артықшылығын жоғары бағалайды. Себебі бұл қалалар ең үлкен депозиттік портфельге ие. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы 122 520 теңгеге тең болады. Оған қол жеткізу үшін Отбасы банкіндегі шотқа кемінде 612 600 теңге (200 АЕК) жинақтау қажет.
qazaquni.kz