Азат Перуашев: Кейбір көршілерден гөрі, Қазақстанда ешқандай ксенофобия жоқ
2021 ж. 10 қараша
2379
2
Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Российская газета" басылымында жариялаған мақаласында Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндерге ксенофобиялық көзқарас барын айтты.
«Қазақ үні» ақпарат агенттігі «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың осы мәлімдемеге қатысты пікірін білген болатын.
- Қазақстанда, кейбір көршілерден гөрі, ешқандай ксенофобия жоқ. Біздің мемлекет бүкіл дүниеге ашық, ешкіммен санкциялық соғыстарды жүргізбейді, ешкімнің жеріне сұқтанбайды.
Еліміз де, қоғамымыз да бүкіл әлеммен терезесі тең, алыс-жақын көршілерге сыйластықпен, аталарымыз айтқандай, «Еңкейгенге еңкей - атаңнан қалған құл емес, шалқайғанға шалқай - пайғамдардың ұлы емес» қағидасымен қарайды.
Жастарымыз әлемнің ең дамыған университеттерінде білім алып, түрлі тілдерді қызығушылықпен меңгеріп жүр. Кәсіпкерлеріміз әлемнің көптеген елдерімен серіктестік орнатып, халықаралық деңгейде жұмыс істеуде. Азаматтарымыздың әлемнің өзге елдеріне еркін барып, шетелдік достарымен араласуына мемлекет тарапынан, не басқа біреуден ешқандай кедергі жоқ. Елімізде 130-дан астам түрлі этникалық топтар бір атаның баласындай өмір сүруде, бір-біріне құда, жекжат болып жататыны да сирек емес.
Ешкімді тіліне, нәсіліне қарап шектеу біздің мемлекетте жоқ. Бұл тек орыс тілді азаматтарға ғана қатысты емес. Лавров мырза шын Қазақстаннан бөлек, басқа бір «жалған Қазақстан» туралы айтқан секілді.
Ал, біздің Ел – әлемге есігі ашық, заманауи мемлекет. Әрине, елімізде түрлі әлеуметтік, экономикалық мәселелер бар. Кей мемлекеттерден ілгері, кей мемлекеттерден кейінірек тұрған шығармыз. Бірақ, біздің еліміздің басты байлығы – этносаралық теңдік, татулық, ұлтына қарамастан адамдардың бір-біріне құрмет көрсетуі, - деді А. Перуашев.
Ол, сонымен қатар, әлемнің кез-келген мемлекеті өз ана тілін дамыту, қолдау саясатын жүргізетінін, Қазақстанда да бұл жұмыстар ешкімді кемсітпей, шектемей рет-ретімен жүзеге асырылып жатқанын айтты.
- Әрине, әлемнің өзге мемлекеттері секілді біз де өзіміздің мемлекеттік тілді қолдауға, дамытуға мүдделіміз. Бірақ, Рейсейдің өзі де, басқа да елдер мұндай қолдауды өз тілдеріне көрсетуде. Мен мұны Ресейде бірнеше жыл тұрғаннан кейін нақты айта аламын.
Соның өзінде, біз қазақ тілінің мемлекеттік тілі ретіндегі дәрежесін тиісті деңгейіне шығаруды басқа тілдерді төмендетпей жүргізуге тырысып жатырмыз. Қазақстанның кез-келген өңірінде орыс мектептері бар, орыстілді газет пен телеарналар жұмыс істеп жатыр.
Ал, миллионнан астам қазағы бар Ресейде қанша қазақ мектебі бар? Біздің білуімізше, соңғы қазақ мектебі бірнеше жыл бұрын жабылып қалған. Қанша қазақтілді мемлекеттік газет, не телеарна бар?
Осыны салыстырғанда, ксенофобия деген сөзді біздің елге келтіруге бола ма?
Әрине, Ресей мемлекеті, халқы - Құдай берген көрші, экономикалық серіктесіміз. Көршілермен біз қашан да дос болуға тиіспіз, бір-бірімізді құрметтеп, сыйлауымыз қажет. Ал, “ксенофобия” секілді сөздер дос елдер арасындағы лексиконға жатпайтын ұғым, - деді Мәжіліс депутаты.
Еске сала кетейік, 2014 жылы Ресей Президенті В. Путиннің «Қазақстанда ешқашан мемлекеттілік болмаған» деген мәлімдемесінен кейін, «Ақ жол» партиясының басшысы Азат Перуашев бірден сұхбат беріп, “Біз өз жерімізге аспаннан түсіп, не инкубатордан шыққан жоқпыз. Қазақтың жері - ата-бабаларымыздан қалған аманат. Ал, мемлекетімізге келсек, ол күні кеше емес, сонау XV ғасырдан, Қазақ хандығы құрылған кезде пайда болған, ал, оған дейін Түрік қағанаты, Алтын Орда сияқты арғы бабаларымыз құрған іргелі көне мемлекеттер болған” - деп жауап қайтарды.
Атап өту керек, келесі 2015 жылы ҚР Президентінің (Н.Назарбаев) бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығы, еліміздің ұлық мерекесі кеңінен аталып өткен болатын.
Ал, былтыр Ресей думасының депутаты В. Никонов Қазақстанның жеріне қатысты атышулы сөзінен кейін "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев қарсы мәлімдеме жасап, аталмыш мәлімдемені «Справедливая Россия» партиясының басшысы, ГосДуманың вице-спикері С. Мироновқа және де сол партияның Госдума депутаттарына жолдаған болатын.