«Алаш» қайраткерлері есімдерін өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында жол картасы әзірленуде – Ералы Тоғжанов
2021 ж. 21 сәуір
6621
0
Биыл, 2021 жылдың 3 наурызында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса "Ақ жол" партиясы фракциясы атынан Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа «АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІН ҰМЫТ ҚАЛДЫРУ – САЯСИ ӘДІЛЕТСІЗДІК» атты депутаттық сауал жолдаған болатын.
Онда «Ел тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің асқақ рухын қастерлеп, есте қалдыру шаралары (көшелерге, мектептерге, елді мекендерге есімдерін беру, ескерткіштер қою, т.б.) елорда мен өңірлерде тиісті дәрежеде жүзеге асуы қажет.
Алайда, еліміздің түкпір-түкпіріндегі Алаш ұстанымын насихаттаған, сол үшін құрбан болған жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ерліктері ескерілмей, есімдері әліге дейін белгісіз болып отырғаны өкінішті. Бұлардың бәрі Тәуелсіз Қазақ Елі үшін құрбан болғандар!»-деп атап көрсетілген.
Белгіленген мерзімде депутаттық сауалымызға тиісті жауап та келді. Біз төменде Үкімет басшысының орынбасары Е.Тоғжановтың жауабын жариялап отырмыз.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына, «Ақ жол» фракциясының мүшелеріне 2021 жылғы 3 наурыздағы №ДС-90 сауалға
Сіздердің Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақ Елі Тәуелсіздігін нығайту мен сол жолда құрбан болған Алаш қайраткерлерін ономастика тұрғысынан қарастыру туралы сауалдарыңызға сәйкес мынаны хабарлаймыз. Мемлекет басшысының «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің ерліктеріне лайықты баға беріп, жоспарлы түрде насихаттау туралы тапсырмасына сәйкес, біртуар тұлғалар есімін ардақтап, мәңгі есте қалдыру бойынша мемлекет тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласында «Алаш» қозғалысының 30 шақты тұлғасына көше атаулары берілген. Оның ішінде, Сіздер ұсынған тізімнен келесі азаматтардың есімдері бар - Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Ермеков, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедұлы, Халел Ғаббасұлы, Уәлитхан Танашұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Жақып Ақбайұлы, Аспандияр Кенжеұлы, Міржақып Дулатұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Ғұмар Қараш, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Шәймерден Қосшығұлұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Бірімжановтар, Нәзір Төреқұлұлы, Смағұл Садуақасұлы, Хайретдин Болғанбайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Телжан Шонанұлы, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов. Сонымен қатар, еліміздің азаттығы үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің есімдерін мәңгілік есте сақтау мақсатында 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласының білім беру ұйымдарына Ахмет Байтұрсынұлының, Әлихан Бөкейханның, Шәкәрімнің есімдері берілді. Қазіргі уақытта Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында елорданың бірқатар білім беру мекемелеріне Нәзір Төреқұловтың, Мұстафа Шоқайдың, Қошке Кемеңгерұлының, Қаныш Сәтбаевтың, Смағұл Сәдуақасұлының есімдерін беру мәселесі қарастырылуда. Алаш қайраткерлерінің атымен бұдан басқа да 30-дан астам көше, 10-ға жуық мектеп аталады. Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы мемлекеттік органдармен қайраткерлердің есімдерін көшелерге, даңғылдарға, мемлекеттік мекемелерге беру үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстар жүргізуде. Осыған орай, мемлекеттік мекемелерге жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің есімдерін өскелең ұрпаққа жан-жақты жеткізу мақсатында, олардың есімдерін елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, объектілерге беру бойынша тиісті жол картасын әзірлеп, жүйелі түрде қарастыру тапсырылды. Сондай-ақ, ҚР Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік хатшының төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің ғалымдары, Президент Әкімшілігі мен Үкімет өкілдері, депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, кірді. Сонымен қатар, мұрағат көздері мен басқа да материалдарды жинау, зерделеу, мемлекеттік комиссияға қорытындылар дайындау жөніндегі 11 бағыт бойынша жұмыс топтарының құрамдары бекітілді. Сіздердің 700-ден астам тұлғаны құрайтын Алаш қайраткерлерінің тізімі Мемлекеттік комиссия қызметін сүйемелдеу жөніндегі жобалық офиске, сонымен бірге тиісті жұмыс тобына жолданып, қарау нәтижелері ғалымдардың мұрағаттарда жүргізген жұмыс қорытындыларына сәйкес ұсынылатын болады (тарихи анықтама негізінде). Жалпы, барлық зерттеу және іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолында қуғын-сүргін құрбандары болған азаматтардың еңбегі мен ерліктерін мәңгі есте қалдыру жөніндегі арнайы жобаны әзірлеу жоспарлануда. Баяндалғанның негізінде, ұлт мүддесі жолында қызмет еткен Алаш қайраткерлерінің рухын қастерлеп, есте қалдыру шаралары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Мәдениет және спорт министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, депутаттық корпусты қосымша хабардар ету тапсырылды. Е. Тоғжанов