Тоқаев пандемия кезіндегі қауіпті құбылыстарды айтты
2021 ж. 30 наурыз
1208
0
Мемлекет және Үкімет басшылары деңгейіндегі онлайн форумды өткізуге БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Канада және Ямайканың премьер-министрлері Джастин Трюдо мен Эндрю Холнесс мұрындық болды. Іс-шара COVID-19 пандемиясы кезеңінде халықаралық күш-жігерді даму бағытын қаржыландыру саласына қарай жұмылдыруға арналды.
Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы мемлекеттер тобының төрағасы ретінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясы басталғалы бері Топқа мүше елдер шетелдік инвестициялардың азаюы, сауда-саттық пен ақша аударымдарының төмендеуі, қаржылық қарыздардың өсуі, орташа алғанда экономиканың 2,4 пайызға құлдырауына себеп болған бюджет мүмкіндігінің айтарлықтай кемуі секілді аса қауіпті құбылыстармен бетпе-бет келгенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы мемлекеттер тобына мүше елдердің пандемия салдарынан туындаған қаржылық қиындықтарын жеңілдетуге байланысты бірқатар нақты ұсынысын ортаға салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік банктің дағдарысқа қарсы 160 миллиард доллар көлеміндегі көмегі мен Халықаралық валюта қоры беретін 1 триллион доллар кредит жүйесін пандемия салдарынан айтарлықтай зардап шеккен елдерге бөлу аса маңызды деп санайды. Президент жаһандық қаржы құрылымдарын, БҰҰ институттарын, сондай-ақ, өзге де халықаралық және өңірлік ұйымдарды Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы мемлекеттер тобына мүше елдердің экономикалық өсімді қайта қалпына келтіруге бағытталған іс-қимылы кезінде олардың ерекше қажеттіліктеріне баса мән беруге шақырды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы мемлекеттер тобына мүше елдерге арналған Вена бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасының өзектілігі арта түскеніне тоқталды. Осыған орай серіктес мемлекеттерді Аддис-Абеба бағдарламасында белгіленген барлық жеті бағыт бойынша жүргізілетін жұмыстарды жұмыла атқаруға, сондай-ақ, дамыту мақсатындағы ресми көмектің қазіргі деңгейін сақтап қалуға үндеді.
Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастықты Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы мемлекеттер тобына мүше елдердің денсаулық сақтау жүйесін дамытуды қолдауға, сондай-ақ, қажетті вакцинаны уақытылы және тиімді бағада сатып алуына көмек көрсетуге шақырды. Президент Топқа мүше елдердің орнықты инфрақұрылымын ынталдандыру және сауда-саттық рәсімдерін жеңілдету, цифрлық трансформацияға қол жеткізуіне қолдау көрсету қажеттігі туралы атап өтіп, жеке сектордың қайта қалпына келтіру жұмыстарына белсенді қатысу керектігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шараларға тоқталып, Қазақстан «БҰҰ-ның гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі жаһандық жоспарын» жүзеге асыруға елеулі үлес қосқанын және коронавирусқа қарсы күрес кезінде бірқатар шет мемлекеттерге жәрдем бергенін еске салды.
Мемлекет басшысы қазақстандық «KazAID» халықаралық даму агенттігінің іске қосылғаны жайында мәлімдеп, Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға қолдау көрсету мүмкіндігі бар БҰҰ-ның Орнықты даму орталығын Алматыда ашу жұмыстары жайында айтты. Президент Қазақстанның өзге мемлекеттер мен көпжақты ұйымдарға көрсеткен қолдауы ретінде осындай қадам жасап отырғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында вакцина салуға және экономиканы қайта қалпына келтіруге біршама уақыт кетіп, соған сәйкес ұзақмерзімді перспективада оның салдары ондаған жылдар бойына сақталуы ықтимал екені жайындағы болжамын ортаға салды. Оның пікірінше, азаматтардың осал топтарын, елдер мен экономиканы қорғау үшін қазіргі қабылданып жатқан шаралардың барлығы ортақ мүддені көздейді. Мемлекет басшысы мұның дағдарыстан шығатын бірден-бір жол екеніне сенімді және оны халықаралық қоғамдастықтың ортақ міндеті деп санайды.
Форумға Аргентина, Венесуэла, Египет, Италия, Канада, Пәкістан, Түркия, Қатар, Франция, Эквадор, Жапония, Ямайка және басқа да мемлекеттердің басшылары, сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Халықаралық валюта қорының, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, Дүниежүзілік банктің, Дүниежүзілік сауда ұйымының, Еуропалық одақ пен Африкалық одақтың жетекшілері қатысты.