«Шардара барған шайырмын демес бұл күнде»
2021 ж. 28 наурыз
2705
0
Наурыз тойы өзгеше реңмен өтті
Наурыз мейрамы қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатса да, Кеңес үкіметі бұл мерекені «Діни мейрам» деп танып, 1926 жылы ресми түрде тойлауға үзілді-кесілді тыйым салған еді. Сондықтан, көктемнің осы шуақты мейрамын салт-дәстүрді берік ұстанған қазақ отбасыларында ғана жасырын түрде атап өтетін. Осылайша қазақ жерінде алпыс екі жыл бойы ұмыт болған Наурыз мейрамы 1988 жылы қайта жаңғырды. Жыл басы мерекесі 1991 жылдан бері елімізде мемлекеттік мәртебеге ие болып, тұрақты түрде тойланып келеді. Биылғы Наурыз мерекесі шалғайда жатқан шағалалы да шежірелі Шардара өңірінде өзгеше реңмен өтті. Наурызды атап өту тұжырымдамасына сәйкес он күн бойы түрлі іс-шаралар жүзеге асырылды. Шардаралықтар әз-Наурызды осылайша шат-шадыман көңілмен қарсы алып жатқанда жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің, Халықаралық С.Есенин сыйлығы мен «Алаш» сыйлықтарының иегері, ақын Қазыбек Исаның бір топ әріптестерімен туған жеріне сапарлатып келуі жергілікті тұрғындардың қуанышын одан сайын еселей түсті. Төпеп тұрған жауынға қарамастан халықпен қауышуға асығып келген ақын ұлдарын шардаралықтар да ыстық құшақтарына басты. Жерлесіміз аталған сапары барысында аудан орталығындағы «Абай» мәдениет сарайында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, «Ақ жол» партиясы Шымкент қалалық филиалының жетекшісі Әлімхан Әбжанов, аудан тұрғындары, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестік» мүшелері – жергілікті ақындар қатысты. Кездесуді «Ақ жол» партиясы Шардара аудандық филиалының жетекшісі, ақын-әнші, жыршы Әбдіғаппар Айдаров жүргізіп отырды. Кездесу барысында алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев жиналған көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтай келе елімізде жүзеге асырылып отырған саяси шараларға, соның ішінде демократиялық, көппартиялық мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. «Алланың қалауымен ақын болып, халықтың қалауымен депутат болған жерлесіміз Қазыбек Иса елге есеп беруге келген екен, қош келдіңіз дейміз»-деді. Келесі кезекте сөз алған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса жерлестерімен кездесуге қуанышты екендігін білдіре отырып, «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламаларының қалай жүзеге асып жатқандығын жатық тілмен жеткізді.ЕЛ ТІЛЕГІ 16 жылдан соң ОРЫНДАЛДЫ
– Ассалаумағалайкум ағайындар! Кешегі сайлауда бізге сенім артып дауыс бергендеріңіз үшін зор алғыс айтамын. «Ақ жол» партиясы әрдайым сіздердің сенімдеріңізді ақтайды деп сеніммен айта аламын. Қайта жасақталған Парламент өз жұмысын бастағалы бері біздің әріптестеріміз бірнеше депутаттық сауал жолдады. Біздің көтеріп отырған мәселеміздің халықтың көңілінен шығып жатқанын баспасөз беттерінен, әлеуметтік желілерден оқып-біліп отырмыз. Қазақ топырағындағы тұңғыш партия – «Алаш» партиясы өкілдерінің еңбектерін зерттеу, тарихи тұлғаларымызды тани білу мәселесі күн тәртібінен түспейді. Жер мәселесін түбегейлі шешу туралы ұсынысымыз қолдау тапты. Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы да көптен бері айтып келеміз. Атажұртқа оралғысы келетін шетелде тұратын қандастарымыз үшін көші-қон үдерісін дамыту, осы мәселе төңірегіндегі қағазбастылықты жою туралы ұсыныстарымыз Үкіметте қаралып жатыр. Бұлардан бөлек әрбір салаға байланысты заңдарға толықтыру, өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз – қазақтың көсегесінің көгеруі, көк байрағымыздың көк аспанда биік желбіреуі. Ұлыстың Ұлы күнінде осы Көксу ауылында айтыстың ақтаңгері, кезінде қазақтың мақтанышы болған Камал Ендібаев атындағы жыршы-термешілер байқауына менің елге сапарым тура келгеніне қуанып отырмын. Ұлттық мейрам қарсаңында туған елге арнайы сәлем бере отырып, осы шараға қатысуды құп көрдім. Сондықтан да, тығыз жұмыс кестемізден бір уақыт табуға тырыстық. Жыршы термешілер байқауына ақ жол тілеймін! Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан бауырымыз Қасқырбай ақынның «Шардарада неге айтыс ақындары жоқ» деген сөзін жақсы келтіріп өтті. 2012 жылы менің елу жасқа толған мерейтойым туған елдің төрінде өтіп жатқанда белгілі композитор Қалдыбек Құрманалиев «Ақыны жоқ ауыл – бақытсыз ауыл» деп айтып еді. Шардара ауданы бүгінде - ақыны ең көп ауыл. Сондықтан да мен «Шардара барса, шайырмын демес кім-кімде» деп жазғанмын. Біздің елден айтыс ақындарының шықпай қалуы – үлкен сын. Өйткені, біздің алдымызда айтыстың ақберен ақыны Камал Ендібаев бар. Камал ағамыз айтыс енді шығып келе жатқанда белгілі айтыс тарландары Манап Көкенов, Көпбай Омаров, Қонысбек Әбілов, Есенқұл Жақыпбек, Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбековалардың арасында өзінің дарынымен ерекшеленген ақын. Ол кісі өмірде өзінің елін, жерін жырлап өтті. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын деймін. Осы тұста мен сіздерге «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың сәлемін жеткізгім келеді. Парламентте біздің он екі депутатымыз бар.Тілдің, жердің, Алаштың мұңын мұңдап, күні кеше қазақтың санының көбеюі, қандастардың көші туралы депутаттық сауал жасадық. Осыдан он алты жыл бұрын, яғни, 2004 жылғы өздеріңіз дауыс берген Парламент сайлауы естеріңізде болар. Сол кездегі әділетсіздіктің жолы енді кесіліп, елдің үміті енді ақталды. Мен сайлауда өтпей қалған сайын өзім үшін емес, шын ниетімен барып мені қолдаған, маған дауыс берген Сіздер үшін қиналатынмын. Ал бүгін сіздерге сол кездегі тілектеріңіздің енді орындалғаны үшін құтты болсын айтамын. Шардара қай кезде де, өнерімен, талантымен танымал. Камал Ендібаевтың кезіндегі таланттарды айтсақ та, біз қай жағынан да мақтана аламыз. «Ақ жол» партиясының фракциясы өздеріңіз білетіндей, ұлттық идеологияны қолдайтын зиялы қауым өкілдерінен құралса, екінші жағы кәсіпкерлерді, ауылшаруашылығын қолдау бағытында үлкен еңбек етіп жатырмыз. Парламенттегі аграрлық комитеттің төрағасы – «Ақ жол» партиясының өкілі Ерлан Барлыбаев. Бүкіл ауыл шаруашылығынаи қатысты шешімін табуға тиіс мәселелердің барлығы біздің партия депутаттарының қолынан өтіп жатыр. Сондықтан да, айтатын арыздарыңыз, шағымдарыңыз болса, аудандағы өкілім Әбдіғаппар Айдаров арқылы маған жеткізулеріңізге болады. Айналасы екі айдың ішінде өзім үш депутаттық сауал жасап, оның тысында сайлаушыларды алаңдатқан мәселелер бойынша қаншама хаттарды министрлерге, вице-премьерлерге жеткізіп, оң шешімін табуына мұрындық болып жатырмыз. Осы орайда, сіздер де өздеріңіздің көкейлеріңіздегі мәселелер бойынша арыз-шағымдарыңыз, өтініш-тілектеріңіз болса, жеткізіңіздер. Шешу жолдарын қарастыратын боламыз. Шығарған дарынымен далаға атын, Әр сөзі бір ғибрат саналатын, Елмен бірге есімі жасай берсін, Айтыстың ақтаңгері – Камал ақын! – деді Қазыбек Иса.Шымкент қалалық филиалы төрағасы Әлімхан Әбжанов та өз ойын білдірді: "Белгілі ақын, қоғам қайраткері Қазыбек Исаның депутат болып сайланғанына халықтың қатты қуанып жатқанын көріп отырмыз. Яғни, әділеттілік ерте ме, кеш пе, бәрібір орнайды. Ел ризашылығын көріп тұрып, "Таң атпайын десе де, Күн қоймайды" деген қанатты сөз еске түседі. Менің алдымдағы сөйлеген кісілердің сөзінен ұққаным, Шардарада "Ақ жолдан" басқа партия жоқ секілді. Ақ тілектеріңізге рахмет!"-деді.
Мұнан кейін тұрғындар көкейлерінде жүрген сауалдарға Парламент Мәжілісінің депутаты тарапынан тұщымды жауаптар алды. Жерлесіміз ауданымызға сапары барысында осыдан жеті жыл бұрын құрылған «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» жұмысымен танысып, ұйымның атқарып жатқан істеріне оң бағасын берді. Шара аясында аталған бірлестіктің төрағасы, «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Сәбит Лаханов бірлестік тарапынан осыған дейін жүзеге асырылған жұмыстарға шолу жасап өтті (ұйым жетекшісінің хабарламасы бөлек жарияланып отыр). Жылы шырайлы жүздесуде Қызылқұм ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабай Есімов, жергілікті ақындар – Нұрғали Ыбырайым, Қасқыр Серікбайұлы, Құрманбек Шәметов, Жүсіпбек Тілеубергеновтер жерлесімізге деген ізгі тілектерін жыр жолдарымен білдірді. Еңбек ардагері Ж.Есімов ақсақал: «Қазыбек бала күнінен көз алдымызда өсті. Біз Қазыбектің әкесі Жарылқасын ағамызбен қатар еңбек еттік. Ол кісі адамгершілік, туралық, әділдік дегенді жақтап жүретін еді. Қазыбекте әкесінің сол қасиеті бар. Сөзіме мысал келтіріп жатпай-ақ, оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қайбір жылы ауылымызға келгенде Азат Перуашевтың де қазақтың қарапайым атпал азаматы екеніне көзіміз жетті. Олардың Парламент төрінде көтеріп отырған мәселелеріне ризамыз. Осындай азаматтарымыз аман болсын», – деді. Ал ақын ағамыздың ұстазы, өзі де ақын Нұрғали Ыбырайым өз сөзін: – Халық үнін өзіне қазық етті, Әділдікті қанына азық етті. Ертеңі үшін жасқанбай ерлік қылған, Шәкіртім деп мақтанам Қазыбекті! – деп түйіндеді. Шара барысында сөз алған азулы ақын Қасқыр Серікбай кеңінен толғады:ҚАЗАҚ ЕНДІ ЕШКІМНЕН ҚОРЫҚПАЙДЫ
– Ассалаумағалейкум қадірлі алаш жұрты! Мен бүгін бір алағұзған қуаныштың аясында алдарыңызға шығып қалдым. Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы құтты болсын! Қаншама рет осы сайлауға «Ақ жол» партиясының атынан ұсынылған қазақтың бірегей азаматтарының бірі, қазақ поэзиясы алыптарының бірі – Қазыбек Исамен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болғалы бері алғаш рет жүздесіп отырмыз. Мәжілістің төрінен осындай қазақтың арқалы ақынының төбе көрсетуі – заманымыздың оңға басайын дегенінің бір көрінісі. Аз да болса, Қазыбектің кіндігіне тоқтала кетейін. Мен өзім кезінде Жоғары Кеңестің депутаты болған Нартай Сапаровтың уағында өмір сүрген адаммын. Ұзыната ауылында клуб меңгерушісі болып та қызмет атқардым. Енді қазір шардаралықпыз. Мынау тұрған Шардара кезінде Қызылқұм ауылының орталығы болған. Менің туған жерім – анау Қызылдың құмындағы Өзбекстан шекарасында қалып қойған Қызылқұм совхозы. Біз Қызылда өстік. Қазыбек те Қызылқұмның перзенті. Қазыбекке елу жасқа толған мерейтойында өлең арнадым. Онымен де сіздерді таныстырдым. Қысқасын айтқанда, бұрындары мен Қазыбектің газет бетіндегі бірлі-жарым өлеңдері арқылы ғана таныс екенмін. Кейін шығармаларымен, топтамаларымен, әсіресе соңғы жылда бүкіл поэзиясымен таныса бастадым. Соңғы кезде Қазыбектің поэзиясымен танысуым маған тосын сыйдай болды. Сондағы көргенім, көңілге түйгенім, әсіресе, Қазыбек мынау табиғат, махаббат лирикасында, өзге де күллі нәзіктік лирикасында қазақта болмаған соны сүрлеумен келген ақын. Қазыбектің өзінің кеңістігі ерекше. Қазақ поэзиясында Қазыбектің кеңістігіндей кеңістік аз-ау. Бұл поэзия өлкесіне әркім әртүрлі болып, әрқалай жолмен келеді ғой. Мысалы, менің поэзиямды ақтаратын болса, бірде Қадыр, бірде Төлеген болып, бірде Мұқағали болып көрініс беруім мүмкін. Қазыбек Исаның төккен тері текке кетпеді. Мәжілістің төрінде жалы күдірейіп шыға келді. Міне, елдің үміті ақталып, халықты алаңдатқан өзекті мәселелер өз ретімен шешімін тауып та келеді. Мен Қазыбектей Алаштың айтулы азаматының қайсарлығына тәнтімін. Марқасқамыздың маңдайы қайда жүрсе де жарық болсын. Сәттілік қашан да серігі болып, алдынан Ақ жол ашылып тұрғай. Бұрындары арқа сүйерім жоқ қой деп қорқасоқтайтын едім. Енді Қазыбек Парламентке барды. Осындай айбынды ақыным тұрғанда мен енді ешкімнен қорықпаймын. Қазақ енді ешкімнен қорықпайды. Қазыбек, ей, беренім, дара тұлғаң, Мен де өзіңдей Қызылда жаратылғам. Менің кеудем – керімсал көрігіндей, Сенің кеудең – толқындар аласұрған. Әділеттің жолынан ығыспаған, Азаматсың еңсеңді тік ұстаған. Мен де өзіңдей жусанның исі аңқыған, Ауасымен Қызылдың тыныстағам. Балықкөзін аралап көз жаулаған, Сен аунаған шағылға мен де аунағам. Айырмамыз сен – қазақ ақиығы, Мен – бір бейбақ артымнан сөз қаулаған. Жүр, Қазеке, ойланып тұрасың ба, Мін құйғытып жүйріктің құласына. Сені қайдам, талғамың қандай еді, Мен өлердей құмармын жуасына. Кететұғын гүл қуып құла түзге, Асықты екен несіне мына күз де? Қадау-қадау сойдиған қандымдары, Төсей қоймас желегін, сірә бізге. Баяғыдай Қособа, Оқпанбелі, Сені ақындық бәйгеге қосқан жері. Шарпымады десем мен жалған болар, Замананың жайсыздау соққан желі. Келесіде Қазеке, елге кеңдер, Шөлін бассын жырыңа шөлдегендер. Ақын болып тәйірі, жарыта ма, Күн аунаған Қызылды көрмегендер?! Мұнан соң астанадан ат арылтып келген ақын ағамыз Қазыбек Иса әдеби-мәдени, өнер бірлестігі мүшелеріне шығармашылық табыс тіледі. «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестігін» алғаш құрған бастамашысы, Халықаралық термешілер байқауының лауреаты, жыршы-термеші, ақын Әбдіғаппар Айдаров пен ұйым төрағасы, ақын Сәбит Лахановтарға «Ақ жол» партиясының «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерекелік медалін табыс етті. Осы күні бірлестікке жаңадан мүше болып қабылданған, болашақтарынан зор үміт күттіретін жас ақындар Бекжұма Нарбай мен Дінмұхаммед Ділдәбек ақын ағаларының қолынан мүшелік куәлік алды.Мәдениет үйі ашылып, жыршы-термешілер байқауы өтті
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса түс ауа Көксу ауылына қарасты Сырдария елді мекенінде «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен Көксу ауылдық мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатысты. Көптен бері жөндеу көрмеген мәдени нысанның іске қосылғанына ауыл халқы айырықша риза болысты. Сонымен бірге осы күні аталған мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне орай Көксу ауылының төл перзенті, айтыстың ақтаңгері атанған Камал Ендібаев атындағы «Қызыл тілім, сайрасын» атты аудандық жыршы-термешілер байқауы ұйымдастырылды. Жерлесіміз, ақын Қазыбек Исаның сөзіне жазылған Қалдыбек Құрманәлінің «Шағалалы Шардара» әнін талантты жас әнші Лұқпан Байқожа тамылжыта шырқап, салтанатты кештің шымылдығын түрді. Жиынның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев: «Шардара ауданының мәдени әлеуеті өте жоғары деп есептейміз. Спортшыларымыз, әншілеріміз бен сазгерлеріміз, осы өлкеден шыққан ақындарымыз республикалық, халықаралық, әлемдік додаларда топ жарып жүр. Кезінде Камал Ендібаевтай айтыс өнерінің алып тұлғасы шыққан осы ауылдың жас өнерпаздары ендігі жерде өнерлерін осы мәдениет ошағында одан әрі шыңдай түсіп, мерейімізді асқақтата береді деп сенеміз», – деді. Сонымен бірге ақынның аяулы жары Бибайша Мұстафаеваның иығына оқалы камзол жауып, гүл шоқтарын табыстады. Салтанатты жиынның қадірлі қонағы, ақын Қазыбек Иса жиналған көпшілікті айтулы мерекелерімен құттықтай келе: «Бүгінгідей мереке қарсаңында Шардара ауданында маңызды шаралар орын алып отыр екен. Өнерлінің өрісті болуы үшін оған осындай орда керек, оған осындай орта керек. Ордаларыңыз тігіліпті, енді орталарыңыз өнерлі жастарға толсын. Шайырларының атақтары аспандап жатқан ауданнан алдағы уақытта Камал ағамыздай айтыскер ақындардың шығатынына сенімдімін» деді.Мұнан соң өнерсүйер қауым жыршы-термешілердің сайысын тамашалады. Жыршы-термешілер сайысына К.Ендібаевпен үзеңгілес болған белгілі сазгер, айтыс ақыны Мұхтар Құралов пен ақын Ағман Сабырхановтың қонақ болып келуі байқаудың бағасының салмақты екендігін танытты. Аталған азаматтар кеш барысында К.Ендібаевтың ақындық қасиетіне айырықша тоқталды. Сонымен жырсүйер қауым тағатсыздана күткен байқауда 9 үміткер өзара өнер жарыстырды. Олар бірінші кезекте К.Ендібаевтың термелерін, екінші кезеңде еркін тақырыпта термелер орындады. Термешілердің өнерін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ш.Қаппаров (қазылар алқасының төрағасы), айтыскер ақын, сазгер М.Құралов, аудандық мәдениет сарайының директоры А.Дөңбай, ақын-сазгер Ә.Айдаров, ақын С.Лахановтар болған қазылар алқасы сарапқа салды. Үміттерін үкілеп бәйгеге түскен тоғыз термеші әрбір туындыны тамылжыта орындап шықты. Еліміздегі карантиндік шараларға байланысты көптен бері мұндай шараларды тамашалай алмай жүрген өнерсүйер қауым термешілердің өнеріне ықыластана қолдау білдіріп отырды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені аудандық мәдениет сарайының қызметкері Сәкен Бегманов қанжығасына байлады. Бірінші орынды Көксу ауылының тумасы Берік Исақов иемденді. Екінші орынды Қызылқұм ауылының намысын қорғаған Алмагүл Сатыбалдиева иеленді. Қоссейіттік Талғат Құлыншақов пен аудандық мәдениет сарайының қызметкері Қанат Дауылбаевтар үшінші орынды өзара бөлісті. Ұзын ата ауылынан келген Серік Тасқұлов аудан әкімінің арнайы жүлдесіне ие болды. Камал ақынға арнайы арнау шығарып келген Роза Шығанақова «К.Ендібаев атындағы», Қ.Тұрысбеков ауылының термешісі Ахансері Маханов «Молда Мұса атындағы», Алатау батыр ауылының термешісі Бақдәулет Жұмаділла «Уәли Исақов атындағы» жүлделерді иеленді.КИЕЛІ ҰЗЫН АТА КЕЛІСТІ КЕШЕНГЕ АЙНАЛАДЫ
Елге келген Қазыбек Иса тығыз жұмыс кестесінің арасында ауырып қалған достарының көңілін сұрап шығуға да уақыт тапты. Қоссейіт ауылындағы сыныптас досы Батырбек Матбек пен Шардарадағы аудандағы ел оқитын екі газеттің бірі "Шартарап-Шарайна" басылымының құрылтайшысы Нұрмахан Қарының жағдайларын біліп, көңілдерін көтеріп кетті.
Қазыбек Иса бастаған топ түстен кейін XIV ғасырда салынған қасиетті Ұзын Ата кесенесіне барып зиярат етті. Ақын ұл осында жатқан әкесі Жарылқасын Исаұлы мен шешесі Зейнеп Әубәкірқызының басына барып құран оқыды. Қазығұрттағы Көкібел ауылынан топырағы әкеліп салынған бесінші атасы Құлажан батыр Қошқарбайұлы бабасына қойылған ескерткіш тасқа құран бағыштады.
Кесенені келісті де келбетті кешенге айналдырып, жаңғырту жұмыстарымен (жетекшісі Әлімхан Әбжанов) танысты. Ел тілегін тыңдады.
Жолда әлемдегі зираты сақталған эпостық жыр кейіпкері Мұңлық-Зарлық зиратына да зиярат етті.
Ертесіне 21 наурызда Қызылқұм ауылында ата-бабасына арнап құран оқытып, құдайы ас беріп аттанды.
Іссапар Шымкентте жалғасты.
Сәбит ҚОСПАНҰЛЫ, Шардара ауданы, Түркістан облысыШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРДАСЫ - ШЫҢДАЛУ ОРТАСЫ
Иісі мұсылман қауымы үшін Жаңа жылдың басы болып саналатын әз-Наурыз мерекесі қарсаңында талай да талай шайырға сарқылмас шабыт сыйлаған шырайлы да шұрайлы, шежірелі Шардара өлкесінде тағы бір кереметтей кеш өтті. Қара домбыраның күмбірлеген даусы шықса алдағы бәйгені сезіп, тұяғы қызған тұлпардай тықыршып қалатын сіз бен біздің басымыз тағы бір тамаша сыр кешінде қосылды. Сөйтіп, арқа да жарқа сыр айтып, ағыл да тегіл жыр оқып, ән мен жырға шөліркеген жүректің айызын бір қандыратын күн болды. Қазақ – көне заманнан сөзге шешен халық. Ата-бабаларымыз айтар ойын астарлап, тұспалдап айтуға келгенде алдына жан салмаған десек артық айтқандық емес. Кез келген қазақ екі ауыз сөзді ұйқастырып айта алған. Сондықтан да өзге халықтар қазақтар жайлы «Әу демейтін қазақ жоқ» деп баға берген. Құдайға шүкір, бұл қазақ аузы дуалы ақындарға кенде болмаған. Әзір де кенде емес. Қайта қазіргі уақытта қазақ ақындарының деңгейі анағұрлым биіктеген сыңайлы. «Шаянға барсаң әншімін деме, Созаққа барсаң күйшімін деме» деген қанатты сөзді өткен ғасырдың елуінші жылдарында заманының заңғар жазушысы, әйгілі Мұхтар Әуезов айтқан екен. Ал осы бір салиқалы сөз тіркесіне соңғы жылдары жерлесіміз, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Исаның: «Шардара барса шайырмын демес бұл күнде» деген тұжырымды ойын қоса айтып жүрміз. Бұған ешкімнің дауы жоқ шығар. Қазақ әдебиетінде өзіндік орындары бар жерлестеріміз жоғарыда айтып кеткен Қазыбек Иса, өзге саланың маманы болғанымен өлең-сөзде өзінің орны бар екендігін танытып қойған Бауыржан Қарабеков, бүгінде арамыздан озған белгілі түркітанушы, сыншы-ғалым, ақын Әмірхан Балқыбек, Әлібек Шегебайлар бұл күндері шардаралықтардың ғана емес, күллі қазақтың мақтанышына айналып отыр. Қыдыр дарып, құт қонған Қызылқұм өңірі, шежірелі де шағалалы Шардара өңірі әдебиет пен өнер терең тамыр жайған, дарындарға бай өлке. Осындай өнерлі өңірден шыққан талантты жүйріктерді баптауға үлес қосу үшін 2014 жылы «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестігі» құрылды. Бүгінде Мәңгілік ел атанып, айналамызға ат үстінен қарайтын елге айналдық. Атты ақтап, абыройды сақтап қалу үшін рухани деңгейімізді кемелдендіруіміз қажет. Анық та, алып та болашағы бар Қазақ елінің алтын уығындай туған ауылымызда Абай атамыз өсиет еткендей бойында шапағат пен мейір, ойында өзіне сенетін ақыл мен жігер ұялаған жалынды ұрпақ тәрбиелеу – міндетіміз. Біз осы орайда бірлестікке әдебиетті жаны сүйетін жастарды көптеп тартуды мақсат еттік. Қызылдың даласы, Сырдың жағасы аңыз бен ақиқатқа толы. Кәрі тарих қаншама қызыл тілдің шешенін, қара сөздің көсемін бесіктен шығарды. Киелі топырақ күмбірлеген күйге, нөсерлеген жырға айналды. Шардара тарихы сонау көне замандардан бастау алады. Трагедия мен ерлікке толы ежелгі «Мұңлық-Зарлық» жыры осы өлкеде дүниеге келген. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Майлықожа, Молда Мұса ақындар Қызылдың құмынан қуат алған қаламгерлер. Кеңес Одағы тұсында Қызылқұм тыңы игеріліп, су электр станциясы құрылып, Шардара талай-талай таланттардың шығармасына арқау болды. Асқар Тоқмағанбетов «Асауға тұсау», Қуандық Шаңғытбаев «Шағалалы Шардара» дастандарын жазды. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, Сабырхан Асанов, Тұманбай Молдағалиев, Төлеген Айбергенов, тағы басқа ақындар Шардараны әсем жырларына орады. Әдебиетші, сазгер жерлесіміз Мамыр Жалаңбасов ақын Төлеген Айбергеновтың сөзіне ән жазып, бұл шығарма бүкіл Қазақстанды шарлап кетті. Атақты композитор Нұрғиса Тілендиев, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов, композитор Мыңжасар Маңғытаев шағалалы мекенде талай қонақ болды. Қыр мен Сыр қабысып жатқан бай өлке, баянды өлке өз бауырынан талай ақындарды, әншілерді, термеші-жыршыларды, суретшілерді шығарып, қанаттандырды. Жазушы Жәлел Кеттебеков, Қалмұрат Әжікеев, ақын Камал Ендібаев, Уәли Исқақов, ақын әрі шымшыма сөздің шеберлері Ниятолла Сейданов пен Оңалбай Еспанов, өлең сөздің жанашыры Жарқынбек Қаныбеков, енді таныла бастаған жас айтыскер ақын Тәшман Нысанбаев, түркітанушы ғалым-ақын Әмірхан Балқыбек, жалынды журналист-ақын Жұмабек Мұқанов, кешеге дейін ортамызда жүрген ақын Құдайберген Өтеш, күйші Сәдуақас Шорабеков, әнші ағайынды Жұмабек пен Бейсенбек Бибосыновтар, Жиенбек пен Нұрлыбек Шырынбековтер, Кеңес Ибрагимов пен Әмірхан Алқабаев, суретші Оңғар Арыстанов, тағы басқа да таланттар есімі кейінгі ұрпаққа өнеге, өлмес мұра. Алыста жүрсе де, бір бүйрегін туған аулына бұрып тұратын елімізге белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаны, Бауыржан Қарабекті, Әлібек Шегебайды, Ұлмекен Лесбекова, Бақыт Қалымбетов сияқты жерлес азаматтарды біз мақтаныш етеміз. Ұлы ақын Абай айтпақшы, біздің де негізгі мақсатымыз – «тіл ұстартып, өнер шашпақ»... Биыл құрылғанына 7 жыл толған "Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестік" алғашқы күннен бастап ауданымыздағы ақын-жазушылардың, өнер өкілдерінің шығармашылық кештерін өткізуге, шығармаларын насихаттауға, олардың жыр жинақтарын шығаруға белсене атсалысып келеді. Бірлестіктің ұйытқы болуымен Қасқыр Серікбаевтың «Өткел» және «Қасқыр ақын» атты екі жыр кітабы, Құрманбек Шәметовтің «Бел асқан», Тұрғанбек Қанаевтың «Еңбегім туған еліме», Жүсіпбек Тілеубергеновтің «Жүрегімнен шығады жыр толағай», Жарылқасын Ізбайқызының «Сабыр ет, көңілім, сабыр ет», Нұрғали Ыбырайымның «Періште пейіл», Қанат Дауылбаевтың «Көңілдің көкжиегі», Ұлмекен Лесбекованың «Арман аралы» атты жыр кітаптары оқырмандарға жол тартты. Биылғы жылы марқұм ақын Құдайберген Өтешовтің жыр жинағын шығаруды жоспарлап отырмыз. Осындай іргелі де жүйелі жұмыстарды ақпараттық насихаттауда республикалық «Қазақ үні» басылымы, Шардара ауданынан шығып тұрған екі бірдей газет – «Өскен өңір» мен «Шартарап-шарайна» газеттері елеулі еңбек етуде. Бірлестіктің жарқын қадамдары жаңа есімдер ашып, бәйгеге қосуымен құнды болмақ! Алдағы уақытттары шежірелі өлкеден шайырлардың көптеп шығатынына сенімдіміз. Сәбит ЛАХАНОВ, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» төрағасы, «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары qazaquni.kz