Қазыбек Иса. МЕМЛЕКЕТКЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ БОЛСА, ТІЛДІ КІМ, НЕ ҮШІН ҮЙРЕНЕДІ!?.
2021 ж. 10 наурыз
4394
4
Премьер-Министрдің жартылай жауабына толық жауап
Биылғы 2021 жылғы 3 ақпандағы «Ақ жол» партиясы фракциясының «Мемлекеттік тілдің жеке дара мәртебесін анықтайтын уақыт жетті!» атты ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге жасаған депутаттық сауалына жауап келді. Сайлаушыларымызға берген уәдеміз бойынша Үкімет басшысының жауабын жариялап отырмыз.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жұмыстары Үкіметтің бақылауында жалғасуда – Премьер
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына,«Ақ жол» фракциясының мүшелеріне
2021 жылғы 3 ақпандағы № ДС-31
Құрметті депутаттар!
Сіздердің мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару саласындағы қолданыс аясын кеңейтуге қатысты депутаттық сауалыңызды қарап, келесіні хабарлаймыз.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңында (бұдан әрі – Заң) мемлекеттік тілдің қоғамдық қатынастардың барлық салаларында, оның ішінде мемлекеттік басқаруда қолданылуының құқықтық негіздері бекітілген, оны оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызу жөніндегі міндеттер айқындалған.
Заңның 23-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді.
Мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) жүзеге асырылуда.
Бағдарлама аясында мемлекеттік қызметтің «Б» корпусының лауазымына орналасуға үміткерлерге «Қазтест» жүйесі бойынша шекті мән белгілей отырып, тестілеуден өткізуді енгізу жоспарланған.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілерге тілдерді меңгеру бойынша талаптар белгілеу мәселесін пысықтауда.
Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес, халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлеріне қазақ тілін білу міндеттелген.
Заңның 9-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады. Осыған орай бүгінде Заң талаптарына сәйкес барлық мемлекеттік нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тілде әзірленуде. Мемлекеттік органдар дайындайтын іс қағаздардың 93%-ы қазақ тілінде.
Заңның 10-бабына сәйкесҚазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесінде, ұйымдарында, меншік нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргізу мемлекеттік және орыс тілде қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған заңнамалық жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп, Парламенттің қарауына енгізілді. Заң жобасы деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыруда орфография нормаларын, мәтіндердің мағыналық және тең түпнұсқалық аудармасын сақтау талаптарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 20 қарашадағы №453 Жарлығына сәйкес тілдерді дамыту саласындағы функциялар мен өкілеттіктер Білім және ғылым министрлігіне берілді.
Бұл қоғамдық қатынастардың барлық салаларында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және мемлекеттік тілді оқып-үйренуге жағдай жасау, қазақ тілінің оқыту әдістемесін жетілдіру жұмыстарын бір орталыққа шоғырландырады, сондай-ақ мемлекеттік тілдің дамуына оң ықпал етеді.
Депутаттық сауалда аталған ұсыныстар Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру барысында қарастырылатын болады.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жұмыстары Үкіметтің тұрақты бақылауында, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
А. Мамин
МЕМЛЕКЕТКЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ БОЛСА, ТІЛДІ КІМ, НЕ ҮШІН ҮЙРЕНЕДІ!?.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сауалымызға белгілінген мерзімде жауап бергеніне рахмет айта отырып, Үкімет басшысының назарын тағы да басты мәселелерге аударамыз.
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
1.Сіз мемлекеттік тілдің жеке дара мәртебесін сұраған сауалымызға - «Заңның 23-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді.»-деп, заңға сілтеме келтіріп жауап беріпсіз.
Ал сіз сүйенген «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 23-бабының 3-тармағы осы заң қабылданғалы 1997 жылдан бері 24 жылда, яғни, ширек ғасырдан бері және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық дәуірінде де іске аспаған және іске асатынына елдің үміті жоғалған «жансыз» бап.
Негізі ол заңның 23-ші бабы 2011-2020 жылға арналған Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы бойынша 2013 жылы іске асуы тиіс болатын. Бірақ сол аталмыш бағдарламаның жобасын сол үкімет пен Мемлекеттік тіл бағдарламасы жобасын жасап жатқан Мәдениет министрлігіндегі мемлекеттік тілге қарсы қызметкерлер интернетке салып жіберіп, троллдар тобымен қолдан қарсылық ұйымдастырып, шу шығарған болатын. Сол кезде әдеттегідей ұлттық-мемлекеттік мүддені қорғауда көлеңкесінен қорқатын біздің үкімет пен министрлік бұл талапты тағы да (нешінші рет екенін бір құдай білсін) кейінге қалдырды. Сол кезде бұған қарсылық ретінде біз, ақиық ақын Мұқтар Шаханов бастаған тіл жанашырлары Конституциядан 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп, әйгілі 138-дің хатын жазғанбыз. Алматыда халық ең көп жиналған (5 мыңға жуық) митингіге де шыққан болатынбыз.
Сондықтан да, 2020 жылы «Қазақ үні» ұлттық порталында Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп, ҚР Президентіне жазылған Ашық хатқа еліміздің әлемге әйгілі тарландары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмәділов, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Төлен Әбдік, Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Ғаббас Қабышев, Темірхан Медетбек, Бексұлтан Нұржекеев, Исраил Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет және т.б. қол қойған болатын. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен бұл Ашық хатқа бір жарым айда 125 мыңнан астам адам қол қойып, бұрынғы межелерден 1000 еседей көп тарихи рекордтық деңгейге жетті. Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес. Бұлар тек интернетке қолы жеткендер ғана. Бұл 125 мыңнан астам Ел патриоттары артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрғаны айқын. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті. Белгілі журналист, қоғам қайраткері Максим Рожин бастаған көптеген орыс ұлты өкілдері де Мемлекеттік тілді талап еткен Ашық хатты қолдап, қол қойып, нағыз отаншыл патриоттықтарын көрсетті.
Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да «Қазақ үні» порталында бұл Ашық хатты 902 мыңнан аса адам оқып, 2000-нан аса пікір жазылып қолдау білдірді. Әлеуметтік желілердегі қаптаған қолдаушылардың санын есептеу мүлде мүмкін емес.
Құрметті Премьер-Министр мырза!
Сіздің «Ақ жол» партиясы фракциясының мемлекеттік тілддің жеке дара мәртебесін анықтау туралы депутаттық сауалына жауаптарыңыздың өмірде іске аспай жатқаны туралы осы Президентке жазылған Ашық хатта толық мәлімет бар.
Біздің сауалымыздағы «Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін «Ақ жол» партиясы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында да көтерді. 2020 жылы 28 желтоқсанда Ұлттық Кенес мүшелерімен кездескенде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл ұсынысымыздың өндіріске алынып, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай толыққанды Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасын жасалып, 2020 жылы тамыз айында Үкіметке жіберілгенін мәлімдеді. Яғни, ол заң тұжырымдамасы әлі Үкіметте жатыр қозғаусыз»-деген нақты сауалымызға хатыңызда ешқандай жауап жоқ. Иә, Мемлекеттік тіл туралы заң тұжырымдамасы жобасының тағдыры не болуда Асқар Ұзақбайұлы? Бұл тек «Ақ жол» партиясы фракциясының ғана емес, Президентке жазылған Ашық хатқа (петицияға) қол қойған, артында миллиондар тұрған 125 699 адамның сауалы!
Мемлекеттік тіл туралы заң Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отырған кезеңде қабылданып жатса, бұл Азаттығымыздың да айқындығы деп білеміз.
Кезінде «15 жылдан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды» – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің ащы шындықты жайып салғанынан кейін де тағы он бес жыл өтті?!. Енді тағы 30 жыл өтсе де, қазақ тілін ешкім үйренбейді,себебі Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң жоқ! Тек қағаз жүзінде іс қағаздарын аударма арқылы ғана жоғарыға есеп берумен келеді. Ал іс жүзінде жағдай ауыр күйде.
2.Сіз бізге берген жауабыңызда: «Заңның 9-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады. Осыған орай бүгінде Заң талаптарына сәйкес барлық мемлекеттік нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тілде әзірленуде. Мемлекеттік органдар дайындайтын іс қағаздардың 93%-ы қазақ тілінде. Заңның 10-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесінде, ұйымдарында, меншік нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргізу мемлекеттік және орыс тілде қамтамасыз етіледі.»-деп келтіріпсіз.
Ал өмірдегі шындық қандай? Мемлекеттік органдарда барлық құжаттар алдымен орысша дайындалып, кейіннен қазақшаға аударылады. Мемлекеттік тіліміз мемлекеттік органдарда тек қағаз жүзінде есеп беру үшін ғана керек, ешкімге қажеті жоқ халде. Бұған қоса екі тілде құжат жүргізудің қанша тауқыметі бар: екі есе көп уақыт пен қағаз жұмсау, аудармашылар штатын, арнайы лингвистикалық орталық құру. Ал оның барлығы қосымша қаржы және халықтан жиналған салықтың босқа құмға сіңген судай болуы.
Яғни, 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Қазақстан Республикасының заңы Қазақстандағы тіл саясатын реттеушілік маңызға ие бола алмаған формальды құжат қана.
Себебі, Заңда белгіленген қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі жөніндегі қағида шын мәнінде қоғамда орындалмады. Мемлекеттік тілдің еліміздегі қандай тілден болса да ерекшелігі, басымдығы іс жүзінде орындалмаған, орыс тілінің алдындағы дәрменсіздігі күнде дау тудырып жатқан мұндай заң қоғамда қауқарсыздық танытып келеді. Әсіресе, оның 4, 23 баптарының мүлдем орындалмауы бұл құжатқа деген қоғамның сенімсіздігін әбден қалыптастырып, өзекті мәселеге айналып келе жатқанына талай жыл болды. Яғни, Қазақстандағы тіл кеңістігін реттейтін заңның әлсіздігі мен пәрменсіздігі еліміздегі тіл саясатын да дәрменсіз етті.
Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі ең басты мәселелердің бірі болып тұр!
- Біздің депутаттық сауалымыздағы:«30 жылдан бері әлі күнге мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді білуі туралы талап жоқ. Мемлекеттік тілді білу талабы қазір жаңсақ айтылып жүргендей, азаматтың жеке басын тіліне қарай кемсіту емес, мемлекеттік қызметшілерге, бар болғаны 100 мыңға жуық адамға қойылатын кәсіби біліктілік талабы болуы тиіс. Көлік жүргізушіден жүргізуші куәлігін қалай талап етсе, сонымен бірдей міндет бұл»-деген сауал қойған едік.
Сонымен бірге:
1) Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен соттардың және көпшілікке қызмет ету мекемелері қызметкерлерінің міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі туралы стандарт енгізу;
2) Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтаудың жүйесі мен тәртібін белгілеу, оның қажетті механизмдерін жасау;
3) Заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерді, мемлекеттік органдардың құжаттары мен хаттарын, ақпараттары мен есептерін, іс қағаздарын және т.б. ресімдеудің негізгі нұсқасы – тек мемлекеттік тілде жүзеге асуы тиіс,-деген ұсыныстар беріп едік.
Сіз жауабыңызда: «Мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында мемлекеттік қызметтің «Б» корпусының лауазымына орналасуға үміткерлерге «Қазтест» жүйесі бойынша шекті мән белгілей отырып, тестілеуден өткізуді енгізу жоспарланған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілерге тілдерді меңгеру бойынша талаптар белгілеу мәселесін пысықтауда»-деп жазыпсыз.
2018 жылы 7 қыркүйекте «Қазақ үні» газеті мен сайтында «ҚАЗАҚ ТІЛІ – НӨЛ! Мемлекеттік қызмет үшін МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚҰНЫ ЖОҚ ПА??!» атты мақалада белгілі заңгер Жасұлан Иса Мемлекеттік Қызмет істері агенттігіндегі тапсыратын тестілеулерде қазақ тілі «формальді» түрде ғана қолданылатынын әшкереледі. Қазақ тіліне ешқандай баға қойылмайды.
– ҚР Мемлекеттік Қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агентігінде өз-өзімді сынақтан өткізіп, орыс тіліндегі тесті бір кіргеннен тапсырып, сертификат алған едім. Мақсат -ТЕСТІ ОРЫС ТІЛІНДЕ ТАПСЫРАТЫНДАРДЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН ҚАЛАЙ ӨТЕТІНДІГІН БІЛГІМ КЕЛІП ЕДІ… Тестілеу ішінде, Мемлекеттік тілді білуге арналған сұрақтар болғанымен, өтпелі, дұрыс болатын жауаптардың қанша болуы керектігі көрсетілмеген. Дәлірек айтқанда, Қазақ тілінен 20 сұрақ көрсетіліп, «өтпелі дұрыс жауаптар» деген балл қойылатын жерде, аңырайып НӨЛ (0) тұр! Демек, қазақ тілінен бір де бір сұраққа жауап бермей-ақ, сертификатқа ие бола береді екенсіз. Өз басым 20 сұрақтын 14-не дұрыс жауап берген едім. Бірақ, сертификаттың атауы, «на знание государственного языка и законодательства…» деп басталғаннан кейін, міндетті тұрде Қазақ тілінің бағасы болуы керек еді,-жоқ. Былайша айтқанда, бұл тестілеуге Қазақ тілі көз бояушылық үшін қосылған. Сонда, Мемлекеттік жұмысқа алынатындарға Мемлекеттік тілдің керегі жоқ болғаны»-деп жазып, сертификатының скришотын жариялады.
Дәл қазір де Мемлекеттік қызмет істері агенттігіндегі жағдай осы таз қалпында екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Сонда, Премьер-Министр мырза, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ БОЛСА, ҚАЗАҚ ТІЛІН КІМ, НЕ ҮШІН ҮЙРЕНЕДІ!?.
Неге 30 жылдан бері енді ғана «Мемлекеттік қызметтің «Б» корпусының лауазымына орналасуға үміткерлерге «Қазтест» жүйесі бойынша шекті мән белгілей отырып, тестілеуден өткізуді енгізу жоспарланған»? Ол қашан іске аспақшы енді?
Неге тек «Б» корпусы ғана енді қолға алынуда? Неге «А» корпусы жоқ? Неге жалпы мемлекеттік қызметкерлерден мемлекеттік тілді білу талап етілмейді? Олар сонда мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын мемлекеттің Президентінен артық па? Жоқ, елімізде мемлекеттік тілді білетін 100 мыңдай мемлекеттік қызметкер табылмайды деп ойлайсыздар ма? Сіздердің, яғни биліктің мемлекеттік тілді білетін мемлекеттік қызметкерлер жоқ деп санап, мемлекеттік тілді міндеттемей отыруы – Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттің мемлекеттік тілді дамытуда түк істемгенін мойындауы болып саналады.
Мемлекеттік тілді меңгеруге негіз қалану үшін ең алдымен еліміздегі балабақшалар мемлекеттік тілде болуы тиіс! Мектеп мемлекеттік тілде болып, мектеп бітіру және жоғары оқу орнына түсу ҰБТ-да Қазақ тілінен емтихан тапсыруы міндетті болуы тиіс.Еліміздегі жоғары оқу орындары да мемлекеттік тілде болуы керек.
2020 жылы 1 қазанда Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті өткізген «Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдырудың тиімді жолдары» атты семинар-кеңесте Қазақстан халқы Ассамблеясының қатысуымен еліміздегі барлық этнос өкілдері «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕУ КЕРЕК» деп, арнайы ресми үндеу қабылдады.
Біз енді тағы кімді және нені күтіп отырмыз?!.Ел үміті енді мемлекет тізгінін қолға ала салысымен ұлттық мүдделерімізді қорғауға баса назар аударып, «Ең бастысы – Қазақ тілі», «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп мәлімдеген, таяуда «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында
«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті!» деп атап көрсеткен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта!
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты