ЖЕР МӘСЕЛЕСІНЕ НҮКТЕ ҚОЙЫЛАДЫ – ПРЕЗИДЕНТ
2021 ж. 25 ақпан
1805
2
МАКСИМ ҚАЗАҚША,, МАРАТ ОРЫСША СӨЙЛЕГЕН КЕҢЕС
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысы өтті. 2019 жылы 6 қыркүйекте елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен алғашқы отырысы өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұған дейін 4 отырысы болды. Ұлттық кеңес құрамында ротация жасалып отырады. Мәжілістің жаңа құрамында Ұлттық кеңестің 9 мүшесі бар. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің ұсынысымен былтыр 13 заң қабылданып, 9 заң дайындалуда екенін атап өтіп, кеңес ел мүддесі үшін ерекше маңызды шешімдер қабылдайтын құрылымға айналғанын айтты. «Заң шығару жауапты әрі күрделі жұмыс екені баршаға белгілі. Осы тұрғыдан алғанда кеңес мүшелері ауқымды жұмыс атқарды. Ұлттық кеңес алғашқы кезеңде өз қызметін консультативті-кеңесші орган ретінде бастады. Ал бүгінде жаңа реформалар ұсынатын маңызды құрылымға айналды. Кеңестің әрбір мүшесіне белсенді қоғамдық қызметі үшін ризашылыымды білдіремін»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ұлттық кеңесте мемлекет басшысы халық үшін өте маңызды жер мәселесіне нүкте қойылатынын мәлімдеді. Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Жер мәселесін шешуге байланысты бір айдың ішінде 25 наурызға дейін Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылатын болды. «Комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі - комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың ерекше ашықтығын көрсету. Біз жерге қатысты қоғам тарапынан көтерілген барлық мәселені дұрыс және тиімді шеше аламыз деп сенемін», - деді Қазақстан Президенті. Жердің шетелдіктерге сатылмауы мен жалға да берілмеуі - халық күтіп отырған ең басты мәселе! Бұндай талап саяси бағдарламасында жазылған «Ақ жол» партиясы фракциясы биылғы 20 қаңтарда Парламент Мәжілісінің жаңа құрамының алғашқы жалпы отырысында да жер мәселесін қайта көтеріп, мораторий аяқталып келе жатқандықтан, жер мәселесіне түбегейлі нүкте қоюға шақырған болатын.АУДАН ӘКІМДЕРІ ДЕ САЙЛАНАДЫ
Сонымен қатар ҚР ПРезиденті Қ.Тоқаев саяси реформаларды жалғастыру мақсатындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын мәлімдеді. Биыл тамыз-желтоқсан айлары арасында 786 ауыл әкімін халық сайлайды. Әкімдер сайлауы мұнымен шектелмейді. 2024 жылы аудан әкімдерін де тікелей халық сайлайтын болады. Бұл мәселе де «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басты мәселелердің бірі еді. Партия аудан, қала, облыс орталықтары мен мегаполистер әкімдерін халық сайлау керектігін ұсынған болатын. Өйткені халық сайлап, халыққа есеп беретін әкім - халық жағдайын жасайды. Ұлттық кеңесте мемлекет басшысы тұрғын үй, баспана мәселесін жақсарту, энергия күштерін дамыту мәселелерін көтерді. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысын тиімді етіп, реттеуді айтқан мемлекет басшысы «Жаңарған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жергілікті бизнестің бәсекелесі емес, сенімді серіктесі болуға тиіс».-деді. «Білім беруде барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік беру керек»-деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл саладағы маңызды қадам – ақпараттық-коммуникациялық технологияны үздіксіз жетілдіре беруді тапсырды. Педагогика мен медицина мамандықтарын даярлау мәселесін атап өтті. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолайлы жағдай жасау керектігіне назар аударды. Әлі тамыры жойылмай отырған ауыр кесел - құмар ойындарының жолын кесуде қоғамдық бақылаудың рөлін арттырып, тиісті құзыретті органдар жұмысын күшейту керектігіне тоқталды. Ұлттық кеңесте мемлекет мүддесін қорғап, жақсы сөйлеген белгілі журналист, қоғам қайраткері Максим Рожин болды. Бір қызығы Максим Рожин мемлекеттік тілде майын тамызып, маңызды мәселе көтерсе, Марат Шибұтов Ресейдің мемлекетік тілінде сөйледі.. Иә, саяси реформалар барлық жаңғырудың басы екені анық. Өйткені қазір халықтың қоғамдық-саяси белсенділігі артып, үкіметке қояр талабы күннен күнге күшейіп келеді. Әлеуметтік әділетсіздіктерге қарсылық артуда.. Сондықтан ең бастысы, мемлекет басшысы айтқандай, «Жаңғырудың түпкі мақсаты –әділ қоғам орнату» болуы тиіс. Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты