Руза Бейсенбайтегі: Мемлекеттік тілдің мәртебесі кезек күттірмейтін мәселе
2021 ж. 08 ақпан
2929
6
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, мемлекеттік тіл мәртебесін жеке дара анықтауды талап еткен болатын.
Осыған байланысты "Тіл жанашыры" Құрмет белгісі иегері, қоғам қайраткері Руза Бейсенбайтегі де өз пікірін білдірді.
Мемлекеттік тіл тиісті тұғырына қонғанша, бұл мәселе күн тәртібінен түспейді
Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін «Ақ жол» партиясы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылы өткен бірінші отырысында көтергені мәлім. Осынау ұсыныс бойынша қоғам талабына сай Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасы жасалып, 2020 жылы Үкіметке жіберіліпті. Аталмыш заң тұжырымдамасының Үкіметте қозғаусыз жатқаны әрбірімізді алаңдататыны анық.
Бұрын туған тілін білмесе де, биліктің тізгінін ұстағандардың тірлігіне шыдау мүмкін болса, қазіргідей геосаяси жағдайда қол қусырып отыру қауіпке бас тігумен бірдей.
Қазақтың ұлан байтақ жеріне көрші мемлекеттердің көз тігіп отырған осындай кезде іргемізді бекемдей түсуіміз қажет. Көршіміз Қытайдың Балқашқа дейінгі жерлерді өздерінің жерлері деп оқытуы бізді ойландыруы тиіс. Біз қазір олардың «еркеліктерін» көтере берсек, мемлекетімізге өз қолымызбен қауіп төндіреміз. Сондықтан да біз қазақ тіліне деген қарсылыққа бұдан былай төзе алмаймыз. Нақтырақ айтсақ, бір тіл – бір мемлекет болуы керек. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керектігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шегелеп тұрып тектен текке айтқан жоқ. Енді осы бағытта нақтылы істер атқарылатынына сенімдіміз.
Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін заң жүзінде жеке дара анықтауды жүрегі елім деп соққан әрбір азамат қалайтыны сөзсіз. Қазақ тілін қолдап, «Қазақ үні» ұлттық порталында 130 мыңға жуық қол жиналуы ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығындағы тарихи жағдай десек асыра айтқандық емес.
Бұл қазақ тілінің мәртебесі кезек күттірмейтін мәселе екендігін көрсетіп тұр. Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «Ақ жол» партиясының фракциясы атынан қойған осынау ел үшін аса маңызды талабы халық болып жаппай қолдауды қажет етеді. Қазақ тілі өзінің тиісті тұғырына қонғанша, біз бұл мәселені күн тәртібінен түсірмеуіміз тиіс.
Сондай-ақ, мен халық қалаулыларының арасында ұлтқа жаны ашитын елдің бірден-бір азаматы деп Қазыбек Исаны танитындықтан, ендігі жерде еліміздегі мемлекеттік мектептердегі барлық бастауыш сынып оқушыларына сабақ тек ғана қазақ тілінде өткізілуін талап етсе деген ұсынысым бар. Бұл қазақ тілінің абыройын одан әрі асқақтатуға бағытталған жол.
Өзім тұрып жатқан Керекуде мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінде таза қызмет көрсететін мекеме жоқтың қасы. Ол үшін полиция қызметіне жүгініп, тек ғана заң жүзінде талап етуіміз қажет. Бұл тұрғыда жергілікті биліктің көзбояушылық әрекеттеріне жиі тап боламын. Мұны әлеуметтік желілерде айтып та, жазып та жүрмін. Өзімді қолдаушы халқым барда қазақ тілі үшін күресе беретінімді тағы да айта кеткім келеді.