Дулат Исабеков: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ – ОРТАҚ МІНДЕТІМІЗ

Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек!

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, мемлекеттік тіл мәртебесін жеке дара анықтауды талап еткен болатын. Осыған байланысты белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков те өз пікірін білдірді. - Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің мәселесі көптен бері халық қалаулыларының назарынан тыс қалып келе жатқаны көңілімізге кірбің ұялатқанын жасыра алмаймын. Біздің азаматтар өз елінің тілін қолдамаса, талап етпесе, онда қазақтың тілі кімге керек деген ойлар да қылаң берген-ді. Ел Егемендігінің отызыншы жылында атқа қонған жаңа құрамнан жұрт ауқымды істер күтуде.Әсіресе, ұлттық мүддемізді қорғау жолында үнемі алдыңғы шептен көрініп жүрген Қазыбек Исаның Мәжіліс депутаты атануы халықтың жүрегінде үміт отын жаққандай болды. Елдің өзіне артқан зор сеніміне қашан да асқан жауапкершілікпен қарайтын Қазыбек Иса ә деген бетте-ақ елдің көкейіндегі ойды Мәжіліс мінберінде көтеріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке дара анықтау қажет деп талап қойды. «Ақ жол» фракциясы депутаттарының осынау өзекті мәселені билік басында дер кезінде қозғағаны өте орынды деп білемін. Тындырымды тірліктер жолындағы табанды еңбектеріне толағай табыстар тілеймін. Ары қарай осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра отырып, көздеген мақсатымызға қол жеткіземіз деген сенімдемін. Қазақ тілі тек ғана зиялы қауым үшін емес, барша халыққа ортақ нәрсе. Сондықтан бәріміз, осынау игі бастаманы қолдауымыз керек. Елім дейтін Ерлеріміз Елі үшін атқа қонды. Ендігі жерде қаншама жылдан бері бір орында тап жылмай тұрған мемлекеттік тіліміз орнынан қозғалып, алға қарай адымдайды деп білемін. Алдағы уақытта Қазыбек Иса парламентте көтергендей, мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке дара анықтайтын Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек! Сонда ғана Қазақ тілі барлық салада қолданысқа ие болып, еліміздің әрбір азаматының күнделікті тірлігінде біте қайнасып кететін күн туады деген ойдамын,- деді жазушы.