Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 1 ақпаннан бастап егіледі
2021 ж. 19 қаңтар
1464
0
Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны 1 ақпаннан бастап егу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина егу шаруасын жеделдету мақсатында келесі бағытта жұмыс жүргізілуде: 2021 жылғы 19 қаңтарда Спутник V вакцинасының 20 мың дозасын әкелу жөнінде Қарағанды фармкешені мен РФ тікелей инвестиция қоры келісімге келеді. 20 қаңтарда бұл вакциналарды «СҚ-Фармация» компаниясына арнайы тәртіп бойынша бір рет әкелуге рұсқат беру көзделген. Осыдан кейін халықтың бұған дейін белгіленген топтарына 1 ақпаннан бастап коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу жоспарлануда», - деді Алексей Цой.
Министрдің айтуынша халыққа екпе жұмыстары вакцинаның жеткізілу мөлшеріне қарай салынады.