2021 жылы - ТӘУ ЕТЕР ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ 30 ЖЫЛ !
2020 ж. 31 желтоқсан
2046
0
Бәрімізді тышқандай інімізге қуып тыққан қу тышқан қанша зуылдаса да, күнтізбе бойынша қуып шығып, маң-маң басқан маңғаз Сиыр мөңіреп кіріп келеді...
Өтіп бара жатқан 2020 жыл - еліміз үшін де, әлем үшін де ерекше ауыр жыл болды!
Әлемді жаулаған жаман індет қаншама мың адамның өмірін қиып кетті. Мылтықсыз майданда шейіт кеткендердің пейіште нұрлары шалқи бергей!
2020 жыл Әлем ұстазы Әбунасыр әл Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы ұлы Абайдың 175 жылдығы және Қазақ Республикасының 100 жылдығы аталған жыл ретінде ерекшеленді.
2020 жылы елімізге белгілі басылым, атына сай шын мәнінде Қазақ үні болып жүрген "Қазақ үні" ұлттық қоғамдық-саяси апталық газетіне 20 жыл толуымен де есте қалды!
Ұлт мұраты -Мемлекеттік тіл туралы заң керектігігін қолдап, 125 мыңнан аса адам қол қойған жыл ретінде ерекше есте қалды.
2020 жыл күнтізбесінің соңғы парағын жыртып, кіріп келе жатқан Жаңа жылымыз -2021 жыл - Жақсылықтар жылы болып, жетістіктерге жете берейік!
Әр күніміз шуақты, денсаулығымыз қуатты болып, Мерекеміз де, Берекеміз де арта берсін!
2021 жылы - ТӘУ ЕТЕР ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ 30 ЖЫЛ толады! Көк түріктен көктеген көк тулы Тәуелсіз Қазақ Елі - Мәңгілік Елге айнала бергей!
Сиыр жылы сүтті де, құтты жыл, ең бастысы денсаулығымыз мықты жыл болғай!
Отанымызға тыныштық, отбасымызға ырыс-құт тілейміз!
Әрқайсымыз да әрдайым маңдайымыздың маржан терінің жемісін көре берейік!
Алла жар болып, Жұлдызымыз жарқырай берсін!
Тәуелсіз Қазақ үні биіктен шырқала берсін деп, әр азаматқа Ақ жол тілейміз!
Құрметпен, Қазыбек Иса
Қазақ үні