Қазыбек Иса. ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ - ХАЛЫҚ ТАЛАБЫН ҚОЛДАУ
2020 ж. 23 қараша
2859
0
"АҚ ЖОЛДЫҢ" АЙЫРМАШЫЛЫҚТАРЫ
«Ақ жол» партиясының XVI құрылтайында сөйлеген сөзінің толық нұсқасы
1. ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ - АЛАШ ИДЕЯСЫН ҰСТАНУ "Ақ жол" партиясының парламенттегі 3 партиядан, сайлауға қатысатын 6 партиядан, жалпы еліміздегі тіркелгені, тіркелмегені бар барлық партиялардан артықшылығы – біріншіден, Ұлттық мүддені қорғауы, Ұлттық саясатты ұстануы. Алаш идеясын басты бағыты етіп алуы. 2. МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ ТАЛАП ЕТІП ОТЫРҒАН ЖАЛҒЫЗ ПАРТИЯ -"АҚ ЖОЛ" "Ақ жол" партиясы тұңғыш рет 2007 жылы Ұлттық саясат концепциясын, 2012 жылы «Алаш» бағдарламасын қабылдаған және Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп отырған жалғыз партия! Осы мақсаттарды іске асыруда нақты жұмыс істеп келе жатқан партия. Ал бұл Ұлттық мүддені қорғау, Алаш идеясын ұсыну, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап ету - билік партиясының да, өздерін ғана "нағыз оппозиция" санайтын партиялардың да аттап баспайтын, айшылық жерден алыс қашатын, қайта бұл Ұлттық мүдде -Тәуелсіздік тіректеріне, мысалы Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдауға қарсы шығып жүргені елге жақсы белгілі. 2012 жылы мамырда "Ақ жол" партиясы Тілдер туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жасады. Тіл туралы заң жобасының жетекшісі Азат Перуашев парламентте қанша айтысқанымен Үкімет заң жобасын бекітпей тастады. Сөйтіп, Қазақ тілін дамыту туралы заң жобасына Қазақ үкіметі қарсы шықты. Бұл туралы "Қазақ үні" мен "Дат" газеттері бастап, бірнеше БАҚ жазды сол кезде. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында жасаған баяндамамда көтерген болатынмын. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бұл ұсынысты өндіріске алып, толыққанды, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасын жасап, Үкіметке жіберді. Енді қоғам Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы Үкіметтен шықпай қалмаса, немесе Президент Әкімшілігіне өтпей қалмаса, Президентке жетпей қалмаса деп алаңдап отыр. «Ақ жол» партиясы Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жуық арада қайтадан ұсынатын болады. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау еліміздегі ең басты мәселеге айналып келеді. Осы мақсатта «Қазақ үні» ұлттық порталында осыдан үш жыл бұрын, 2017 жылы 26 ақпанда жарияланған «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНСІН!» атты Қазақстан Президентіне жазылған Ашық хатқа еліміздің әлемге әйгілі тарландары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмәділов, Өмірзақ Айтбаев, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Төлен Әбдік, Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Ғаббас Қабышев, Темірхан Медетбек, Бексұлтан Нұржекеев, Исраил Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет және т.б. бастаған 125 ұлт зиялысы қол қойды. Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен бұл Ашық хатқа бүгінде 125 мың адам қол қойып, қолдап, бұрынғы межелерден 1000 еседей көп тарихи рекордтық деңгейге жетіп отыр. Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес. Бұлар тек интернетке қолы жеткендер ғана. Бұл біржарым айда ғана 125 мыңға жеткен Ел патриоттары артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрғаны айқын. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті. Белгілі журналист, қоғам қайраткері Максим Рожин бастаған көптеген орыс ұлты өкілдері де Мемлекеттік тілді талап еткен Ашық хатты қолдап, қол қойып, нағыз отаншыл патриоттықтарын көрсетті. Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да «Қазақ үні» порталында 900 мыңдай адам оқып, 2000-нан аса пікір жазылып қолдау білдіруде. Әлеуметтік желілердегі қаптаған қолдаушылардың санын есептеу мүлде мүмкін емес. Ел үміті ел тізгінін қолға ала салысымен ұлттық мүдделерімізді қорғауға баса назар аударып, «Ең бастысы – Қазақ тілі», «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп мәлімдеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта! Ел басшысы Ел тілегін орындап, Ұлт аманатын орындайды деп сенеміз! 3. ПАРЛАМЕНТ ТАРИХЫНДА АЛАШТЫ АЛҒАШ КӨТЕРГЕН - "АҚ ЖОЛ" ПАРТИЯСЫ 1)."Ақ жол” партиясының арқасында Қазақ Парламенті тарихында тұңғыш рет 2007 жылы Алашорданың 90 жылдығында Алаш арыстарының аттары аталып, ұлағатты істерін ұлықтау мәселесі көтерілді. Үкіметке жасалған депутаттық сауалда "Алаш тағылымы" атты кешенді бағдарлама қабылдап, астанада "Алаш аллеясын" ашу, 13 желтоқсанды "Алаш күні" деп атап, бүкіл мектептер мен жоғары оқу орындарында Алаш туралы дәрістер оқуды ұсынды. 2007 жылдан бері "Ақ жол" партиясы латын әліпбиіне өтуді қолдап, ұсыныстар беріп келеді. Латын әліпбиінің соңғы нұсқасындағы қателерді мен Ұлттық кеңестегі баяндамада " Қазақтың І әрпін қайтарып, екі диграфтан құтқарыңдар"-деп атап өткен болатынмын. ҚР Президенті Қ.Тоқаев бірден нұсқау беріп, ол қателер жөнделген соңғы нұсқа дайын болды таяуда. 2012 жылы 7 қазанда "Ақ жол" партиясы тағы да Алаштың 95 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту мәселесін көтерді. Алаш арыстарына барлық қалаларда ескерткіштер орнатып, мектептер мен жоғары оқу орындары оқулықтарына Алаш тақырыбын енгізуге шақырды. Бірақ үкімет көңіл аудармаса да, "Ақ жол" партиясы өзінің филиалдары арқылы Алаштың 95 жылдығын да, 100 жылдығын да еліміздің барлық өңірінде атап өтті. 2012 жылдан бері елордамызда бірнеше рет республикалық ғылыми конференциялар өткізсе, Алматыда Халықаралық мүшәйралар өткізіп, мерекелік медаль шығарды. 2011 жылы Алаш рухындағы жастардың Азаттық сұрап алаңға шыққан Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына арнап, республикалық мүшәйра мен ғылыми-конференция өткіздік. 2013 жылдан бері «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық бағдарламасы биыл тоғызыншы рет өтіп келеді. Бұл дәстүрлі байқау аясында жас Алаштанушылар шоғыры пайда болды. 2).Тура осыдан 103 жыл бұрын, 1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері тарих сахнасына Қазақтың алғашқы заманауи саяси партиясы «Алаш» шықты. Ал бір ғасырдан кейін, 2017 жылдың 2 желтоқсанында Қытай астанасы Бейжіңде Әлемдік саяси партиялар көшбасшылары форумына қатысқан «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев 125 елден жиналған 600 делегат қатысқан дүниежүзілік дүбірлі жиында «Алаш» партиясының атын асқақтатты. Ол қатысушыларды Орта Азиядағы алғашқы заманауи саяси партияның 100 жыл толу мерекесімен құттықтап, Алашорда туралы қазақ тілінде сөйлеп, ағылшын тілінде баяндама жасады. 3).Алашорданың көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын ЮНЕСКО бойынша тойлау туралы бастама көтерген де «Ақ жол» партиясы. Ұлттық банкке Әлихан Бөкейханның бейнесі бейнеленген монета шығаруды, Қазпоштаға маркі шығаруды ұсынған да «Ақ жол» партиясы. 2017 жылы «Ақ жол» партиясы ұйымдастырған «Алаш арманы – Тәуелсіз Қазақ Елі» атты халықаралық мүшәйра өтті. Сонымен қатар «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» республикалық жас ғалымдар байқауы биыл 9-шы рет өткізіледі. 2018 жылы «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалы бойынша республикалық Мағжан оқулары өтті. 4. ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 550 ЖЫЛДЫҒЫ - "АҚ ЖОЛДЫҢ" ҰСЫНЫСЫ 2015 жылы кейбір елдердің басшылары да, қосшылары да "Қазақ мемлекеті болмаған" деп жалғандыққа барып жатқанда Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтуді «Ақ жол» партиясы ұсынып, Елбасыға хат жазды. Қазақ хандығының мерейтойына арнап халықаралық мүшәйра өткізіп, мерекелік медаль шығарды. 5. ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫ - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛЕТІНДЕРГЕ БЕРІЛУІ КЕРЕК! "Ақ жол" партиясы – Қазақстан Республикасының азаматтығын Қазақ тілін, ҚР Конституциясын және Қазақстан тарихын білуі жөнінен емтихан тапсырғаннан кейін беруді заңнамалық тұрғыдан бекітуді саяси бағдарламасына енгізген жалғыз партия! 6. МЕМЛЕКЕТ аты - ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ болуы керек. Биыл, 2020 жылы «Алаш» автономиясынан бастау алатын және қазіргі Қазақстанның негізін қалаған Қазақ автономиялық республикасына 100 жыл толды. 2019 жылы «Ақ жол» демократиялық партиясы үкіметке бұл тарихи күнді ресми атап өтуді және «Қазақстан» терминінің орнына тоталитарлық кеңес билігінің өзі мойындаған «Қазақ Республикасы» атауын қолдану туралы мәселені көтерді. Бұл бастаманы Ш.Уәлиханов атындағы тарих институты бастап, көптеген қоғамдық ұйымдар қолдады. Бірақ Қазақ Республикасының 100 жылдығын атап өту мен Қазақ мемлекетіне Қазақ атын қайтаруды Қазақ үкіметі қолдамады. Парадокс демей не дейміз бұны?!. "Ақ жол" тағы да тарихи бірегейлігімізді білдіретін Қазақ Республикасы мемлекеттік атауын қайтаруды ұсынады.7. 4 МИЛЛИОН ҚАЗАҚТЫ ҚЫРҒАН АШАРШЫЛЫҚ - ҒАСЫР ЗҰЛМАТЫ
2020 жылғы мамыр айында «Ақ жол» демократиялық партиясы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі шараларды жалғастыру туралы тапсырмасына қолдау білдірді. "Ақ жол" кеңестік тоталитарлық биліктің қазақ халқына әдейі жасаған, 4 миллион қазақты қырған 1929-1932 жылдардағы «Ұлы жұт» (Ашаршылық) -Ғасыр зұлматын халықаралық деңгейде "Геноцид" деп тану жөніндегі жұмыстарды бастауға шақырды. Коммунистік идеялардан арылу және қуғын-сүргін жылдарында большевиктердің зорлығынан қуғын-сүргін көрген және атылған миллиондаған құрбандарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруді мемлекеттік саясаттың басты міндеттерінің бірі деп санайды. Қазіргі қолданыстағы нысандар мен ұйымдардың атауларындағы коммунистік атауларды, оның ішінде саяси партиялардың атауларына тыйым салуға шақырды. Бұл ұсыныс қазір өз нәтижесін бере бастағаны белгілі. 8. ҚАНДАСТАРДЫ ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ЖИНАУ - КЕЗЕК КҮТТІРМЕС МӘСЕЛЕ 2017 жылдың 1 желтоқсанында Қытай астанасы Бейжіңде Әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының I халықаралық форумына қатысқан «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Қытайдың мемлекеттік төрағасы Си Жинпинге жазылған, Қытайдағы қамалған 112 қазақ тізімі бар хатты Қытай басшылығына тапсырды. Сонымен қатар «Ақ жол» партиясы атынан да, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың қолы қойылған xат берілді. Екеуінің де қытайша аудармасы да қоса берілді. Бұл – Қытайдағы қазақтар қысымы туралы Қытай басшылығына алғаш ресми жариялау еді. 112 адам тізімін дайындаған «Атажұрт» қоғамының алғашқы басшысы Қыдыралы Оразұлы кейін 79 адамның қамаудан босатылып, аман-есен елге оралғанын мәлімдеп, «Ақ жол» партиясына алғыс айтты. «Ақ жол» партиясы бағдарламасында қандастарымыздың Қазақстанға оралуына басты назар аударып, баспана мен жұмыспен қамту атап көрсетілген. 9. ПАРЛАМЕНТТІК РЕСПУБЛИКАҒА КӨШІП, ҚАРЖЫНЫ ХАЛЫҚ БАҚЫЛАУЫ КЕРЕК ."Ақ жол" - Президенттік басқару жүйесінен Парламенттік Республикаға көшуді ұсынып отырған партия.Парламент бірпалаталы орган болуы керек. 2012-2016 жылдары «Ақ жол» депутаттары Үкімет пен фракциялардың арасында тең қарым-қатынас қағидаларын қалыптастыру үшін көп күш салды. Осы қағидалардың бірі – біз әзерлеген, сегіз жылдан кейін қабылданған «Парламенттік оппозиция туралы» заңда іске асырылды. 2013 жылы «Парламенттік оппозиция» туралы заң жобасын ЕҚЫҰ жоғары бағалады. Бірақ қазақ үкіметі өткізбеді. 2019 жылы Ұлттық Кеңестің екінші отырысында бұл мәселені Президент Тоқаев көтеріп, ол биыл қаңтардан бастап талқыланып, көктемде қабылданды. Заң жобасын жасаушы «Ақ жол» партиясы болды. Бұл заң оппозицияны құрып бермейді – бұл заң Парламенттегі азшылық партияға қосымша кепілдіктер береді. Яғни, алғаш рет біздің заңнамаға «парламенттік оппозиция» ұғымын «Ақ жол» енгізіп отыр. «Ақ жолдың» заң жобасын жасағанына қарап, «ойбай, парламенттегі оппозициялық партия «Ақ жол» болады екен» деп кейбіреулер шулап кетті. Олардың ішінде кәдімгідей сақалы ағарған саясаткер боп жүргендер мен сақа журналистерді көргенде күлкің келеді. Парламенттегі оппозициялық партия болып парламент сайлауында екінші орын алған партия саналады. Ал ол партияны алдағы сайлау анықтайды. Мысалы, "Ақ жол" еліміздің барлық азаматтары алуы тиіс базалық зейнетақыны енгізуді ең алғаш ұсынған партия. Ал қазір базалық зейнетақыны тек «Ақ жолдықтар» алып жатқан жоқ қой, барлық ел азаматтарына тиесілі. 10. ӘКІМДЕРДІ ХАЛЫҚ САЙЛАУЫ ТИІС "Ақ жол" демократиялық ұстанымдағы партия. Әкімдерді халық сайлауын баяғыдан бері айтып келеді. Келесі жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ұсынуымен елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдерін халық сайлайтын болды. "Ақ жол" ауылмен қоса қала, (облыс орталықтары да) аудандар әкімдерін де сайлауды ұсынып отыр. 11. ӘДІЛ САЙЛАУ-ӘЛЕУМЕТ ТАЛАБЫ "Ақ жол" партиясы әділ сайлауды талап етіп, азаматтардың сайлау құқықтарын қорғау, сайлаулардың бұрмалануын болдырмау мақсатында сайлау реформаларын жасау керек деп санайды. Азаматтардың дауыстарын ұрлау арқылы билікке ие болу, яғни билікті басып алумен бірдей қылмыс үшін жазалайтын кез келді. Жаңа саяси партияларды 10 мың мүшеге дейін тіркеумен жеңілдету, сондай-ақ Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлауда партиялық өту шегін 7-ден 5% - ға дейін төмендету қажет. 12. ЖЕР САТЫЛМАУЫ ДА, ЖАЛҒА ДА БЕРІЛМЕУІ ТИІС Жердің сатылмауы да, жалға да берілмеуі -"Ақ жолдың" басты талабы. 2016 жылы Жер мәселесі қатты көтеріліп, еліміз бойынша халық алаңға шыққанда құрылған Үкіметтің Жер туралы комиссиясында партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сепаратистік пиғылдарды болдырмау мақсатында жерді сатуды ғана емес, жалға да бермеуді, әсіресе, біздің елмен шектесіп жатқан мемлекеттердің азаматтарына және компанияларына жерді жалға беруге де тыйым салуды ұсынды. Алайда шенеуніктер осы ұсыныстарымызды комиссияның қорытынды хаттамасына енгізбеді. ● Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылы шетелдіктерге жерді беруге қарсы шыққан 2016 жылғы көптеген митингілерден кейін жерді сатуға жарияланған мораторий мерзімі аяқталады. Бұл мораторийді қабылдатуға "Ақ жол" партиясы да үлес қосты. 2016 жылғы 30 сәуірде Алматыда сол кездегі Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісі Аида Балаева еліміздегі барлық БАҚ басшыларымен жиын өткізгенде, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, "Қазақ үні" газеті президенті Қазыбек Иса Жер Кодексіндегі жерді сату және жалға беру туралы баптарға мораторий жариялау керектігін, әйтпесе, жағдай мүлде ушығып кететінін мәлімдеді. Бұл ұсынысты барлық БАҚ басшылары бірауыздан қолдады. Бұл сөзіміз үш күннен кейін "Қазақ үні" газеті мен сайтында "ЕЛБАСЫ ЕЛДІҢ ЖЕР ТУРАЛЫ СӨЗІН ЖЕРГЕ ТАСТАМАУЫ ТИІС" деген атпен мақаламызда кеңінен талқыланып жазылды. «Ақ жол» демократиялық партиясы мораторийдің аяқталуы қарсаңында тағы да жерді сатуға және жалға беруге тыйым салуды талап етеді. Осы шектеулерді заңмен бекіту керек деп санайды. Биыл Үкімет сайтында "Қазақстандағы шетелдік компаниялар сол өздері орналасқан жерге ие бола алады" деген заң жобасы жариялана салысымен "Ақ жол" партиясы төрағасы Азат Перуашев дабыл қақты. Бұны барлық қоғамдық ұйымдар қызу қолдап, ақырында Үкімет сайтынан заң жобасын алып тастауға мәжбүр болды. Бұл туралы сол кезде белгілі қоғам қайраткері, қазір ұлттық мүддені қорғап, сепаратизмге қарсы шыққаны үшін теріс пиғылды қызыл коммунистердің жала жабуымен ісі тергеліп, үйқамақта жатқан Марғұлан Боранбай фейсбуктегі парақшасында "Ақ жолға" алғыс айтып жазды. 13. ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІК - ҚАЗАҚСТАНДА КЕДЕЙЛЕР БОЛМАУЫ КЕРЕК! "Ақ жол" партиясы жер асты қазба байлыққа толы Қазақстанда кедейлер болмауы керек деп санайды. Өйткені байлар мен кедейлер арасының қатты алшақтауы мемлекетке қауіп төндіреді. Қазір халық үшін ең басты мәселе -баспана зары! Тұрғын үй үшін несие алушылар мен олардың балаларын шаш ал десе, бас алатын коллекторлардан қорғау үшін – «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдануы керек. Онда кедейлікке ұшыраған қарыз алушылардың жалғыз баспанасы мен әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуы қамтамасыз етілу тиіс. Біздің азаматтарды баспанасыз қалдыруға болмайды! ● Жас отбасыларын ынталандыру және бала туу өсімін арттыру үшін «Ақ жол» демократиялық партиясы 2013 жылдан бастап жас отбасылар үшін ипотекалық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды бірінші бала туғанда - 25%, екінші бала туғанда - 50%, үшінші бала туғанда-75% мөлшерінде енгізуді табанды түрде ұсынып келеді. 4-ші бала өмірге келген кезде мұндай отбасы үшін ипотеканы 2% - ға дейін төмендете отырып, көп балалы отбасы санатына қосылуы тиіс. 14. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС - ОФШОРДАҒЫ МИЛЛИАРДТАРДЫ ЕЛГЕ ҚАЙТАРУ КЕРЕК "Ақ жолдың" негізгі бағыттарының бірі-сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Партия төрағасы Азат Перуашевтың оффшордағы банк есепшоттарына мемлекеттің қолжетімді болуын алғаш көтерген және сол үшін қайрат көрсетіп жүрген депутат екені елге белгілі. ● Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тағы бір басым бағыты - шенеуніктердің оффшорлық аймақтардан халықтан алынған миллиардттаған қаражатты ел игілігіне қайтару керек. Бұл туралы партияның бірнеше депутаттық сауалдары жасалды. Үкімет пен Бас прокурорға бірнеше рет сауал жолдады, бірақ олардан бас тартқан, жалтарған жауаптарды алуға мәжбүр болдық. Біз олардың жүзеге асырылуын талап етеміз. ● Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың маңызды құралы биліктің жариялылығы мен оның қоғам алдындағы есептілігі болып табылады. Баспасөздің аузын жабуға болмайды, «Ақ жол» демократиялық партиясы әшкерелеуші жарияланымдар үшін журналистерді қудалауға жол бермей, оларды қорғау жолында қызмет етеді. Біз журналистің мақаласы үшін жала жабу туралы қылмыстық іс қозғауды алып тастап қана қоймай, оны әкімшілік кодекстен шығарып, азаматтық құқықтық қатынастар саласына көшіру қажет деп санаймыз. 15. ОТАНДЫҚ ӨНІМ ҮШІН КҮРЕС - КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ Кәсіп болмай, нәсіп болмайды. Мемлекеттің қуаты негізінен шағын және орта бизнестің дамуына байланысты. Сондықтан "Ақ жол" партиясы кәсіпкерлікті үнемі жүйелі түрде қолдап келеді. Ауыл шаруашылығына субсидия беруді қолдап бірнеше депутаттық сауал жолдады. Бұл жолда Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәселесін Бас прокуратада көтеруге дейін барды. "Ақ жол" отандық өнім өндірушілер мүддесін қорғау үшін ЕурАзЭҚ пен барлық шетелдік компаниялар үшін мемлекеттік сатып алу нарығын жабуды ұсынамыз. Шетелдік тауарлар, егер оларды өндіру Қазақстанда қажетті мерзімде ұйымдастырылмаған жағдайда ғана сатып алынуы мүмкін. Қалған барлық жағдайларда отандық өндірушілердің тауарлары басымды қолданылуы тиіс. 2014 жылы Үкімет «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңынан «қазақстандық тауар» және «қазақстандық өндіруші» ұғымдары алынып тасталды. «Ақ жол» фракциясының депутаттары ғана қарсы шығып, осы нормалардың сақталуы үшін 9 рет дауыс берді, қалған екі фракция 9 рет "Ақ жолдың" ұстанымына қарсы дауыс берді және отандық бизнесті мемлекеттік сатып алулардан қорғауды алып тастады. Кейіннен партия қазақстандық кәсіпорындардың ұлттық компаниялар мен ірі жер қойнауын пайдаланушылардан мүдделерін қорғау үшін «сатып алу туралы» заңды қабылдау талабымен жиырма депутаттық сауал жолдадық, бірақ үнемі бас тартқан жауаптар алдық. 16. ХАЛЫҚТЫ ҚОРҒАП, САЛЫҚТЫ ЖЕҢГЕН ПАРТИЯ 2019 жылы қаржы қиындығын қарапайым халықтың есебінен шешіп ала қойғысы келген Қаржы министрлігі банк карталарындағы онлайн аударымдарға салық салатын боп, 2020 жылдың қаңтарынан қамбасын ашып, дайын отырған. Өйткені қазір халықтың басым бөлігі күнделікті тұрмыста банк карталарын пайдаланады. Ал енді біздің үкіметтің «керемет экономикалық шешімінің» арқасында, 2020 жылдан бастап, біз, мысалы "Каспигольд" банк картасы арқылы ас ішсек те, киім кисек те, көшеде көлікпен жүрсек те салық төлейтін едік... Атқа мініп, аттан салған «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Үкімет басшысына депутаттық сауал жасады. Өз еңбектерімен күнін көріп жүрген қарапайым халықтың онлайн-төлем жүйесіне салық салудың дұрыс еместігін айтқан Азат Тұрлыбекұлы үкіметке халықтың тиынын санағанша, миллиондаған пара мен офшорлардағы миллиардтаған қаржыны іздеу керек деп мәлімдеді. Қарапайым халықтың қақын қорғаған «Ақжолдықтардың» аттаны Үкіметтің есін жиғызды. «Ақ жол» партиясы халықты орынсыз салықтан қорғап қалып, Үкіметпен тартыста жеңіске жетті! ҰЛТШЫЛДЫҚ - ҰЛТЫҢДЫ СҮЮ Алашорданың негізі – Ұлтшылдықта. 1922 жылы Алаш көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығында сөз сөйлеген Сәкен Сейфуллин Ахаңның барлық қырын мақтап келіп, «Ең бастысы, Ахмет Байтұрсынұлы -ҰЛТШЫЛ» деп ардақтаған болатын. 2017 жылы 5-наурызда Әлихан Бөкейханның туған күні Ахмет Байтұрсынұлы мұражайында өткен Алашқа арналған аста сөйлеген сөзімде Алаштың 100 жылдығында кеңес империясы кезеңінде атылып кеткен Ұлтшылдық деген ұғымды ақтап алып, ардақталатын сөзге айналуы тиіс деп айтып едім. Сол сөзімді тағы да қайталаймын. Яғни, "Ақ жол" партиясының саяси бағдарламасында атап көрсетілгендей, Қазақ Еліне Алаш идеясынан артық Ұлттық идея жоқ! "Ұлтқа қызмет ету - білімнен емес, мінезден"-деп, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан тура тауып айтқан. Ендеше, Тәуелсіздіктің 30-ыншы жылында, Көк түріктен көктеген Қазақ Елінің Көк туы көкте мәңгі желбірей беруі үшін, Алаш арманын орындау жолында "Ақ жолға" мінез көрсететін кез келді! "Ақ жол" - ұлт зиялылары мен кәсіпкерлер негізгі ядросы болып табылатын халықтың демократиялық партиясы. Алдағы Парламент сайлауының аламан саяси бәйгесінде "Ақ жолдың" ақбоз тұлпары алдан көріне берсін! Қазыбек ИСА, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі "Қазақ үні"