Иманғали Тасмағамбетов: Билік қай тілде сөйлесе – халық та сол тілде сөйлейді
2020 ж. 07 қараша
13376
0
Есім сойы Тәуелсіздік шежіресіне енген аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов «Қазақ әдебиеті» үшін арнайы кең көлемді сұхбат беріп отыр. Сұхбат барысында Иманғали Нұрғалиұлы ұлт Рухы мен руханият дүниесінен бастап, әріп ауыстыру мен тіл мәселесіне қатысты ойларын іркпей ортаға салды.
«Рух» сөзі – Мәңгіліктің синонимі
– Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылға жуық уақытта жоғары мемлекеттік қызметтер атқара жүріп, үнемі ел назарында болдыңыз... Күтпеген жерден зейнет демалысына шығып кеткеніңізге де бір жылға жуықтапты. Құпия болмаса, қазір немен шұғылданып жүрсіз?
– Құпия емес. Ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Мынау айтып келмеген індет басталғалы үйден алыстамауға тырысамын. Оның да бұрын аса мән бермеген қызығы көп екен. Ең бастысы – шығармашылық ойға, бұрын қол тие бермейтін сүйікті ісіңе уақыт жетеді.
Жаңа өзіңіз айттыңыз, көп жыл елдің қызметінде жүрдік. Жатсақ- тұрсақ ойымыз жұмыста, бойымыз үйден алыста болдық. Әрине, оған өкініп отырған жоқпын. Өйткені, еразамат үшін ел-жерінің игілігіне қызмет етуден артық бақыт жоқ. Осы жолда азды-көп елге пайдамыз тиіп, еңбегіміз еленіп жатса, ол да болса осы ақжүрек жұртымыздың арқасы...
Зейнет демалысы деп отырсыз ғой... Мен үшін бұл «күтпеген сый» болды деп айтпаймын. Жеті рет өлшеп, бір рет кескен келелі шешімім. Өз қалауым.
Ашығын айтқанда, бұл өмірде «құлақсыз сандық» секілді тиімсіз болуға арланамын. Сол үшін де, қайнаған істің жолына емес, лауазым- қызметтің қолына қарап отыратындардың қатарынан емеспін.
– Еліміздегі Жастар Ұйымының жетекшілігінен бастап, Премьер-Министрлікке дейінгі және одан кейінгі атқарған әкімшілік-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-ағартушылық салалардағы қайраткерлік қызметтеріңізден жалпы қауым жақсы хабардар екеніне күмәнім жоқ. Әйтсе де, ел-жұрт Сізден, ұлт мәдениеті мен руханиятының жанашыры ретінде, осы төңіректегі пікірлеріңізді көбірек естігісі келетінін білемін. Жалпы қазақ ұлты үшін бүл тақырыптардың өзектілігі неде?
– Ұлт мәдениеті мен руханияты туралы таңды таңға ұрып айта беруге болады. Талай аласапыран заманды, тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерген елміз. Ұлт ретінде жойылып кетудің алдында қалған сәттер қаншама болды. Бірақ, халқымызды осы зұлмат пен нәубеттерден аман алып қалып отырған бір дүние бар. Ол – ұлттың жады. Жаңа өзіңіз айтып отырған ұлттық руханият та, рух та, мәдениет те, тіл де, дін де, тіпті иман, ар-ұят мәселесі де барлығы осының ішінде. Біздің ата-бабаларымыз үшін «Рух» сөзі өте қастерлі ұғым. Мәңгіліктің синонимі. Сондықтан осы ұлттың Жадын мәңгілік қылып сақтау кешегі ата-бабалардан бүгінгі ұрпақ бізге аманат.
Өкінішке орай, бүгінгі жаһандану толқыны кейінгі ұрпақтың бойындағы Ұлт жадын қатты шайқап жатыр. Бұл – үлкен қасірет. Сондықтан біз дәл бүгінгі күнде ұлттық санамызды, әсіресе жас буынның санасын ауық-ауық сілкіп тұруымыз керек. Сіздің сұрағыңыздағы қазақ ұлты үшін бұл тақырыптардың өзектілігі неде дегеннің жауабы – осы.
– Өзіңіз бас болып, монғол жерінен тасқа таңбаланған Күлтегін жазба ескерткішінің көшірмесін жасатып, елімізге алып келгенде, атажұртқа бабалар рухы қайта көшіп келгендей әсерде болған едік. Үлкен Одақтан саяси-экономикалық дербестік алғаннан кейінгі, еліміздің рухани серпілуіне осы бір оқиға себепкер болды десек артық айтқандық емес. Бұл оқиғаның қазақ халқының тарихындағы алатын орны қандай?
– «Тозған ел тарихын жаспен жазады, озған ел тарихын таспен жазады. Жаспен жазған – қанжілік, таспен жазған мәңгілік» деген бар. Адамзат тарихында талай елдің шежіресі тасқа жазылған немесе таспен өрілген белгілер арқылы сақталып, тарих атты ұлы кітаптың мұрағатына қатталып жатыр. Мұның өзі – тұтас өркениеттің өлшемі. Мысырдың Пирамидалары немесе Қытайдың Ұлы Қорғанына қараңыз... Ешкімге ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ.
Жазу мен сызу, мұрағат жию сияқты әдеті болмаған қай халық болсын, кешегісін бүгінімен сабақтастыра алмай, пұшайман күйге түседі. Сондықтан Күлтегіннің келуі, осындай жазба ескерткіштің сырын ашу – біздің ұлттық тарихымызды жаңа белеске көтерді. Білге қағанның, Тоныкөк бабаның, Күлтегін батырдың есімдері төл тарихымызға енді.
Ең бастысы – «қазақта тамыр жоқ, өз мемлекеті болмаған» дегендердің аузына құм құйылды.
Қазір әріп таңдайтын емес, ілім-білім қуатын заман
– Түркі мәдениетінің зерттеушісі ретінде, Сізге тағы бір сұрақ: кейбір ғалымдар түркілік жазба әдебиетінің түп тамырын, осы ата-бабаларымыздың тасқа қашалған көне түркі жазуларынан бері қарай таратып жүр. Ендеше, жазба мәдениетіміздің тарихы-кирилица мен латын жазуының пайда болған кезеңінен де ертерек дәуірлерден, яғни, олардан 5-6 ғасыр бұрынырақ басталады десек, қателеспейміз ғой?
– Оған күмәніңіз болмасын. Бұл сіз бен біздің бүгін ашып отырған жаңалығымыз емес. Осыдан 80 жыл бұрын әлем мойындаған тарихшы-түрколог Лев Николаевич Гумилевтің дәләлдеп кеткен айшықты ақиқаты.
Өкінішке орай, этногенез мәселесінде біз кейінгі уақытта біршама шектеулерге бой алдырып жүрміз. Иә, ұлттық жазба әдебиетіміз Ұлы Абайдың атымен, ұлттық мемлекеттігіміздің негізі Қазақ хандығының құрылуымен тікелей байланысты... Оған дау жоқ.
Бірақ, оның алдындағы 3000 жылғы тарихты қайда қоямыз?!
Біз неге атты қолға үйретіп, дөңгелекті ойлап тапқан көне дәуірдің көшпенді жұртынан бас тартуымыз керек?!
Неге сонау Еділ патшадан басталған өркениеттер көші мен кешегі Шыңғысханның әлемді билеген күшіне таласпауымыз керек?!
Неге Әл-Фараби заманында ғұламалар жинаған кітапханалар мен кешегі Ұлы Моғолдар салдырған мәңгілік ғимараттармен жанаспауымыз керек?!
Бұның барлығы төрткүл дүниеге тараған түркіге ортақ қазына. Ал түркі жұртының түп атасы – мына отырған сіз бен біздің бабамыз.
Ана тілімізді алайық... Ол кешегі Күлтегіннің тасына VIII ғасырда басылған руникалық жазбадан басталған жоқ қой. Қаншама мың жылдар бойы қалыптасып, қанымызға сіңді.
Сондықтан да, бұл мәселеде жүйелілік керек. Тарихшы-ғалымдарымыз ғана емес, тұтас қоғамның ортақ көзқарасын қалыптастыру шарт.
– «Күлтегіннің оралуы» – түпкі тарихымыз бен түркілік мәдениетімізді жаңа қырынан зерделеуге түрткі болды. Елбасы тапсырмасымен 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Осы игілікті істің басы-қасында тағы да өзіңіз жүрдіңіз. Үш кезеңге бөлініп, 7 жыл бойы жүзеге асырылған бұл бағдарламаның негізгі ерекшелігі неде еді? Нәтижесінде қандай шаруалар тындырдық?
– Әр халықтың даму жолы – бұл өзінше бір ерекшелік. Қай мемлекет болсын тарихи, мәдени құндылығын зерделеп, жарыққа шығаруға мүдделі.
Кеңестер Одағы кезінде тарихымызды зерттеу мүмкін болмады. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Сондықтан ата-бабамыздың бай мұрасын зерттеуде ғалымдарымыздың негізгі еңбектері егемендіктен кейін ғана көріне бастады.
Сондықтан, Елбасының тапсырмасын ала сала, біз ең алдымен танымдық дүниелерді көтереміз, осы арқылы әлемге ұлттық руханиятымыздың байлығын паш етеміз, ұрпақты осы құндылықтармен құндақтаймыз деген мақсат қойдық. Архаикаға ұрыну емес, әр рудың «кереметін» дәріптеп, әр ауылға бір-бір батырдың ескерткішін қою емес... Тасқа түскенін хатқа, хатқа басылғанын ұлттық санаға сіңіріп, ешкім жаулай да, даулай да алмайтын ұлттың шынайы рухани бейнесін бекіту еді.
Нәтижесі көз алдарыңызда. Бағдарламаны қабылдағаннан кейінгі бір ғана 2004 жылы 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациясы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілді. 218 нысан тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енді. Ұлттық мәдениет үшін аса маңызды 30 сәулеттік және археологиялық маңызы бар ірі зерттеулер жүргізілді. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Армения, тіпті, Құрама Штаттар және Батыс Еуропа елдеріне де ғылыми зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Олардың қорытындысы бойынша шамамен бес мың қолжазбаның көшірмесі елге жетіп, том-том кітаптар басылды.
Ең бастысы – бұл бағдарлама елге бұрын соңды болмаған рухани серпіліс әкелді.
«Әрбір ұлт – өз болмысының авторы»
– «Мәдени мұраның» заңды жалғасындай болып, 2017-18 жылдары, халықтың «ұлттық, тарихи санасын жаңғыртуды көздейтін», «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасының бағдарламалық мақалалары жарық көрді... Бұл бағдарламаларда көрсетілген басты бағыттар іс жүзіне асып, межелі мұраттарға жеткенде, қазақ қоғамында қандай өзгерістер орнығады деп ойлайсыз?..
– Екі бағдарламаның да түп мақсаты – ұлттың руханиятын қайта жаңғырту. Төл мәдениетін ұмытқан елдің болашағы жоқ. Ал ұлттың болашағы – жас буында.
Жаһандану заманының бүгінгі тасқынында біз ұрпақты қалай тәрбиелейміз – ертеңгі дүние – керуеннен алар еншіміз де соған байланысты болады. Ақселеу Сейдімбек ағамызша айтқанда: «Әрбір ұлт – өз болмысының авторы». Ұлттың сапасын көтеріп, санасын жаңалап отыру керек. Сонда ғана бәсекеге қабілетті ұлт қалыптасады. Мынау дүние-дода есебін ұдайы түгендеп, есесін жібермейтін елмен ғана санасады.
Жоғарыда аталған Елбасының екі мақаласы да ұлтымыздың рухани құндылықтарын ұлт санасында жаңғырта отырып, бүгінгі заман талабына сай қасиеттерді меңгеруге шақырады.
Сөз жоқ, бағдарламаның түпкі мақсаты мен идеясы өте маңызды. Әсіресе бүгінгі күннің уақыт сынағында. Мәселе оның сапалы орындалуында болмақ.
Бірақ, жақсы ойды, жүйелі жоспарды дұрыс түсінбегендіктен бе, көп жерлерде бұл бағыттағы істің барысы сұйылып кетті. Кей аймақтарда науқаншылыққа салынып, «Рухани Жаңғыру» деген ұлағатты сөз жалаң ұранға айналды. Оны мойындауымыз керек.
– Жалпы, қазіргі әлемде біздің қазақ елі сияқты, жаһандық өркениеттегі өз орнын, тарихи тамырлары мен рухани бастауларын шарқ ұра іздеп жүрген, нақты бағдарламалық іс-жоспарлар құрып, мол қаржы бөліп, жоғалтқанын түгендеп жүрген халық бар ма? Әлде, өзге жұрт арғы-бергі тарихын әлдеқашан «қаттап» қойып па еді?..
– Түбін іздеп, руханиятын түгендеу – тек текті елге ғана бұйыратын іс.
Ал енді, арғы-бергі тарихын шашау шығармай қаттап, ала жаздай жаттап алған елді өз басым көрген жоқпын. Рас, тас пен хатқа түскен тарихқа ешкімнің күмәні жоқ. Ондай елдер әлемде жетерлік.
Десе де, жоғарыда әдейі атап өттім, адамзаттың тарихынан әркімнің таласы бар. Бір ғана мысал, мына тұрған солтүстіктегі көршіміздің IX ғасырдан бастап, бүгінге дейінгі жазба тарихы 15 федералдық, 47 өңірлік архивтерде сақталып тұр. Ал енді, қайсысын ашып қарасаң да, міндетті түрде, көшпенді бабаларымыздың ізі жатыр. 70 мың бет көне қолжазбаларды құрайтын «Киргиз-кайсацкие дела» атты 122 қордың өзі неге тұрады?.. Оған бауырлас татар, башқұрт, ноғайға қатысты қорларды, кешегі әйгілі «Орынбор экспедициясын» ұйымдастырған Василий Татищевтің жеке архивын қосыңыз...
Мен бұл жерде Қытай мен Ватиканның архивындағы жәдігерлерді қозғап отырған жоқпын. Бұндай мысалдар өте кәп. Сондықтан да, кезінде сақтай алмаған мирасты әлем аралап іздеп, таласып жүріп тауып, келешек ұрпақтың игілігіне беру бүгінгі күннің парызы деп білемін. Біле білгенге, бұл – болашақ елдігіміздің мәселесі.
Бұл ретте, жаһандық өркениеттегі орнымызды өткеннен емес, бүгіннен іздеген дұрыс деп санаймын.
– Жоғарыда аталған бағдарламаларды жүзеге асыру барысы көлемі жағынан алғанда көңіл көншітеді. Ал, олардың тиімділігін зерттеп жүрген біреу бар ма? Әлде, бұл – қаржыны қазір құйып, «санадағы өзгерістерді» жүздеген жыл бойы күтетін жағдай ма?
– «Қанша өмір сүрсең сонша білім жина» дейді. Жеке адамның өсіп дамуына қойылатын талап бұл.
Ал тұтас қоғамдық сананың жаңғыруына бірді-екілі бағдарламаны қамтыған төрт-бес жылдың ауқымы жете ме?! Әрине, жоқ.
Сондықтан бұл бүгін бастап, ертең нәтижесін көрсете қоятын дүние емес. Шыдам керек. Ынта-жігер қажет. Ең бастысы – мемлекеттік қолдау қажет. Биліктің жол көрсетер қолы керек. Өйткені, адамды қалыптастыратын қоғам болса, қоғамды тәрбиелейтін – билік.
Жасырын емес, халықтың мұрасы, ұлттың тілі деген ұғымдарға шекеден қарайтын, салт-дәстүрді ескінің қалдығына балайтындар билікте аз емес. Сондықтан санадағы өзгерістер соларды райынан қайтарудан басталса, ең басты жетістік осы болар еді.
– Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл, ал, «Күлтегіннің» Отанына оралып, мәдени, рухани мұраларымызды түгендей бастағанымызға берісі - 20 жылдың жүзі болды. Былайша қарағанда, бір ұрпақ ауысуға жете-қабыл уақыт! Сіздіңше, бүгінгі «қоғамдық санада» өзгеріс нышаны байқала ма? Әсіресе, болашақтың иесі – жастарға қарата айтқанда: ой баққандардың үлес салмағы, той баққандармен, тым құрығанда, теңесті ме?
– Медицинада аурумен күресудің ең тиімді жолдарының бірі – вакцина. Денеге құю арқылы кеселдің бетін қайтарады. Адамның саулығын сақтайды. Бүгінгі жаһанданудың ұлттық ұғымға жат түрлі құбылысынан кезінде кейінгі буын жастардың болмысын қорғайтын вакцина – ол осы рухани құндылықтарымыз. Әрине, бүгінгі жастардың көбінің көзі ашық, көкірегі ояу. Қазіргі цифрлық дәуірдің буыны үшін жан-жақты білімді болмаудың өзі мүмкін емес.
Айналып келгенде бәрі өзімізге тіреледі. Күлтегін ескерткішінің көшірмесі келгелі 20 жылдың жүзі болды. Бұл Кеңес кезінде біздің буын үшін арман ғана болатын. Оның бар екенін білгендерден білмейтіндер көп еді. Арман ақиқатқа айналды. Бірақ соны жастарымыз қаншалықты жүректен өткізе түсініп жатыр?!
Ұлттық құндылық пен руханият мәселесінде сыртынан бақылап сын айту – тасада тұрып тас атумен тең әрекет. Сондықтан осыны, тарихымыз тасқа бәдізделген мұрамызды бала санасына жастайынан сіңіру – әрбір отбасы тәрбиесінің ажырамас бөлігіне айналса игі.
Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген ұлы сөзі ұлттық ұранға айналуы керек.
Апам ұрысса да, мақалдатып ұрысушы еді
– «Әкеге қарап, ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» – дейді дана қазақ. Әрине, бұл – аксиома. Дегенмен, ұлдан «батыр» жасаймыз деп, ер бала тәрбиесіндегі Ананың орнын төмендетіп алған жоқпыз ба? Абайдың ұлы тұлға болып қалыптасуындағы әжесі Зере мен анасы Ұлжанның рөлі туралы заңғар жазушымыз Мұқтар Әуезов жеріне жеткізе жазып кетті. Әріден іздемей-ақ, бертінге дейін, ел арасында «Әбіштің анасы», «Иманғалидың анасы» және басқа да аналардың қайраткер балаларына берген өнегесі туралы айтылып келген аңыздар әлі есімізде. Жалпы бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде «акценттер» дұрыс қойылып жүр ме?
Ел құрметтейтін танымал тұлға болып қалыптасуыңызға Сіздің Анаңыз қандай ықпал етті?
– Елдің берекесі – сол елді жетелеген тұлғаларға емес, ең алдымен, осындай тұлғаларды тәрбиелеген Аналарға байланысты.
Сөз жоқ, кім үшін де Ана – ең қасиетті, ең киелі есім. Ұлық әрі ұлағатты ұғым. Одан асқан құдырет жоқ. Болмайды да. Сондықтан да, оның қадірін бірауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Бір ғана айтарым – Апам өзінің ғасырға жуық ғұмырында тағдырдың қиындығы мен қызығын қатар кешіп, мәнді де мағыналы өмір сүрді. Бойындағы бар игі қасиетін тәрбиеге салып, ұрпағына тәлім, ұлтына өсиет етті. Ақырына дейін Аллаға құлшылық етіп, құран-дұғасынан ұдайы ел мен жердің берекесін, халқының мерекесін тілеп өтті.
Анамыздың ерекше бір әдеті еске түсіп отыр. Әрине, жас болған соң балалық болады, қай бір істе шалалық болады. Осындайда Апам кейістік танытып, кейпін өзгертсе де, шайпаулыққа салынып, сөзінің көркін бүлдірген емес. Ұрысып отырса да, мақал-мәтелдетіп ұрысушы еді. Оның санаға әсері тіпті ерекше болады екен.
Әлі есімде, оқу бітіріп, елге келдім. Жаспыз, жігер-жалынымыз жанып тұр. Жастардың жұмысына араласып, көп ұзамай Атырау қалалық Комсомол ұйымының төрағалығына сайландым. Жаңалықты алып-ұшып бірінші Апама жеткіздім. Сонда айтқаны: «Е-е, балам-ау, қызметің еленіп, көтерілгенің жақсы. Бірақ, бұрын әке-шешенің абыройын ағайынның алдында арқалап жүрсең, енді ағайынның ар-ұятын бүкіл аймаққа апара жатырсың. «Қандай тәрбие көрген» дегізбе. Аманатыңа берік бол». Қандай жауапкершіліктің жүгін арқалап тұрғанымды сонда түсіндім. Анамыздың бұл сөзі қай қызметте болсам да бір сәтке де есімнен шыққан емес. Бүгінгі жеткен азды-көпті жетістігіміз болса, ең алдымен Анамыздың ақ сүтіне жарыған, тектілігінен дарыған қасиетінің жемісі деп білемін.
Билік қай тілде сөйлесе – халық та сол тілде сөйлейді
– Әр жылдары: Үкіметті басқардыңыз. Екі мегаполисте Әкім, екі рет Министр болдыңыз. Қандай жоғары лауазымда жүрсеңіз де, қазақ тілін «қызметтік тілге» айналдыруға тырыстыңыз. Және ол оп-оңай жүзеге асып жатты. Сіздің пайымдауыңызша, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде қазақ тілін-мемлекеттік тіл ретінде, қазіргіден де белсендірек пайдалануға қарсы, «қасақана» жасалып отырған кедергілер бар ма?
– Қазақ тілі өзінің ауызша және жазбаша бірізділігі бар әлемдегі жоғары дамыған 600 тілдің қатарында, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие 200 тілдің қатарында екен. Кез-келген тілдің әлеуеті оның сөздік қоры байлығымен өлшенеді. Қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде өте бай тіл. Бұл қазақ тілі – ғылым мен технологияның тілі емес дейтіндерге жауап.
Дегенмен, адамзат тарихында талай халықтың тілі жойылып кеткенін білеміз. Оның басты себебі – қолданыстан шығуы.
Өкінішті-ақ, бірақ тіл мәселесі біз үшін өзінің өзектілігін әлі жойған жоқ. Тәуелсіздігіне 30 жыл болған ел үшін бұл өте ұят.
2001 жылы осы Тәуелсіздіктің 10 жылдығын атап өтетін болып, мемлекеттік комиссияның төрағасы болдым. Сол кезде 5 облысты таңдап тұрып, хат жаздым. Барлығына бір ғана – «іс-қағазды толығымен қазақ тіліне көшіріңдер» деген талап қойдым. Одан бері 20 жыл уақыт өтті. Білуімше, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстаннан басқасында нәтиже жоқ.
Мәселе іс-қағазда ғана емес. Жаңа айтып өттім, жанашырлық ең бірінші биліктен бастау алу керек. Мәселе сонда. Билік қай тілде сөйлесе – халық та сол тілде сөйлейді.
Жасампаз жастарды жоғалту – ұлттық трагедия
– Сізге философ-ғалым ретінде бір сұрақ қойғым келіп отыр. Қазақтың тілі, діні, салт-дәстүрлері, дүниетанымы жалпы мәдениеті мен рухани мұраларын насихаттауда кітап пен киноның маңызы жоғары. Бүгінде жыл сайын отандық нарыққа ондаған кино, жүздеген кітаптар шығарылып жатады. Бұл үдеріске тыйым сала алмайтынымыз өзінен өзі түсінікті. Олардың мазмұны мен көркемдік құндылығына назар аударып, құнттап жатқан ешкім жоқ. Жастар жағы әрине, «жеңілдеуін» таңдайды. Бара-бара ұлттың да салмағын «жеңілдетіп» алмаймыз ба? Аталған салаларды «қатаң» мемлекеттік «қамқорлыққа» алу қажет деп санамайсыз ба? Меніңше, халықтың рухани «саулығы» – мемлекеттік қауіпсіздіктің бірден-бір кепілі емес пе!?
– Жалпы өз басым ой мен шығармашылық еркіндігіне қол сұғуды құптамаймын. Бірақ, мәселенің екінші жағы да бар. Еркіндіктің жөні осы екен деп шектен шықпау керек. Әрине, әдебиеттің де, кино жанрының да бүгінгі дамуы мүлдем бөлек. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп, бұрындары ұлы дарындар мен тума таланттар ғана жүретін салаға бүгінде әркім-әркім азу басып, тіс батырып жүр. Жөн-ақ. Бірақ бір анықтайтын дүние бар. Бұрынғылардың мақсаты – шығармашылықта көркемдік құндылықты басты нысан қылды. Бүгінгілердің денінің мақсаты тек біреу ғана: пайда табу. Сұрағыңызда дұрыс айттыңыз, кітап пен кинода ұлттың тұтас мәдениеті мен руханияты көрініс табады. Себебі бұл жанрлар кез-келген қоғамдағы идеологияны қалыптастыратын бірден бір құрал! Ал идеологияның бастауында қашанда мемлекет тұруы керек.
Қоғамдағы мәдени-идеологиялық ахуал – күле қарап, жүре тыңдайтын дүние емес. Сондықтан мемлекет бұл салаға баса мән беріп, өз қамқорлығы мен қадағалауына алуы керек. Шығармашылық еркіндік деп анайы да тұрпайы дүниелердің экранға шығып кетуіне мен де қарсымын. Біз ең алдымен ұрпақтың бойындағы ұлттық талғамның отбасынан бастау алар тәрбиесімен айналысуымыз керек. Ұлттық талғам қалыптасқанда ұлттық болмысқа жат дүниелердің барлығы да өздігінен шетке ысырыла береді.
– Сіз Кеңестік заманда «Комсомол» деп аталып, бертінде, «Жастар ұйымы» болып өзгерген «Үлкен Мектептен» тәлім алдыңыз. Бертін келе, өзіңіз де миллиондаған жастар мен жеткіншектерге жетекшілік еттіңіз. Салыстырмалы түрде айта аласыз ба: Сіздің бұдан 30 жыл бұрынғы замандастарыңыздың бойында қандай қасиеттер басымырақ еді? Бүгінгі іні-қарындастарыңыздың мінез-құлқынан қандай ізгіліктер іздейсіз?
– Жастар қай заманның да қозғаушы күші. Әрине әр заман жастарының өзіндік арманы, дүниеге деген дербес талғамы болады. Бірақ баршаға ортақ бір ақиқат бар – қай заман, қай уақыт болса да жастар әділетсіздікке қарсы. Тіпті «қылышынан қан тамған» Кеңестік кезеңде де әділет сұрап алаңға шыққан кім? Жастар. От пен оққа бірінші болып кеуделерін тосатын осы жастар.
Жаңа айтып кеттім, әр заманның өз ерекшелігі бар. Өз басым «бұрынғы жастар ғажап еді, керемет еді, қазіргі жастар ондай емес...» дегенге түбегейлі қарсымын. Бүгінгі жастардың заманы – бұл шексіз мүмкіндіктердің, тұңғиық ілім-білім мен озық ой-өрістің уақыты. Ең бастысы, қазіргі жастар – тәуелсіз мемлекетте дүниеге келген азаматтар. Алды 30-ға келіп қалған, санасы азат азаматтар.
Өзімнің де өсіп келе жатқан немерелерім бар, олардың дос-жараны, айналасы бар... Байқағаным, олардың арасында мансап қуу, атақ-дәрежеге жетуден бұрын, өз ісіне берілгендік, қарапайымдылық, креативті болу деген қасиеттер қатты бағаланады. Жаңа технологиялардың арқасында жастар мейлінше ашық әрі толерантты болып қалыптасуда. Оның жарқын мысалын заманауи мәдени форматтарда, жаңа өнер түрлерінің жаппай таралуынан да көріп жүрміз.
Бірақ, бұл жастардың өмірі тек жарқын жағынан көрініс береді деген сөз емес. Өкінішке орай, Қазақстан 15-29 жас аралығындағы жастар арасында суицид бойынша алғашқы үштікке кіреді. Бұл еліміз үшін өте ұятты көрсеткіш. Өйткені, жасампаз әрі шығармашыл жастарды жоғалту – ұлттық трагедия. Басқаша айта алмайсың...
Оның себебін өз басым қайта құру кезеңіндегі ұрпақтың санасындағы төңкеріс пен жаңа либералды жастар көзқарасындағы айырмашылықтан көремін. 90-шы жылдардың барлық ауыртпалығына өзіңіз де куә болдыңыз. Ондай күйзелісті көрмеген ұрпақтың стресске қарсы тұруға осалдығы байқалады. Сол қайта құрудың бел ортасында жүріп «ала сөмке» арқалаған ата-аналарын көп жағдайда түсінбей жатады.
Сөз жоқ, қазіргі жастардың көпшілігі ғылымға қызығады. Бірақ осы салаға өмірін арнап, кәсіби түрде айналысуға дайын емес. Өйткені, жалақысы аз, қоғамдық престижі төмен. Бұл жастардың проблемасы емес, тұтас мемлекеттің проблемасы.
Аш қарын түбінде бір тояды, бірақ оның рухани қазынасы болмаса, жүрегінде «ел» деп соққан базынасы болмаса, бос кеуде адам қалыптасады. Біздің қаупіміз сонда. Жиырмасында ерлік жасамаған, отызында орда бұзбайды, қырықында қамал алмайды. Міне, біз осыны түсіне алмай келеміз. Сондықтан біздің мақсат жастарды бұрынғы мен кейінгі деп екіге бөлу емес, ең бастысы олардың дегеніне сену, қажет жерде ақыл-кеңес беру.
Ана әлемді қолымен тербетсе, Димаш әнімен тербетті
– Сізді кейінгі жылдары тума талант, әлемді мойындатқан біртуар әнші Димаш баламыздың жанынан (тек қана Ресей аумағында ғана емес) жиі көріп жүрдік. Бұл – талантқа тағзым етудің бір көрінісі ме, әлде төрткүл дүниеге танылған жас дарын әлі қамқорлыққа зәру дегенді білдіре ме? Жалпы, біздің елімізде таланттары «тұншығып» жатқан (тек қана әншілік емес, жалпы өнер, ғылым, т.б. салалардағы) болашақ «Димаштарды» іздеп табуға «ешкімнің» құлқы жоқ, немесе оларды анықтайтын жүйе жоқ сияқты көрінеді маған.!? Әрине, бұл бағытта ресми түрде «атқарылып жатқан» жұмыс көп, бірақ, олардың арасында «Димаштарға» орын жоқ... Әлде, мен қателесіп отырмын ба?
– Бір нәрсе анық – Димаш ешкімнің қамқорлығына зәру емес. Жиырмадан енді асқан шағында өнеріне миллиардтарды табындырған жан – шын мәнінде маңдайынан періште сүйген жан. Ұлтына рух беріп, халқының жанын емдеген әнші. Арғы-бергі заманда қазақты осындай биікке көтерген кім бар? Ана әлемді қолымен тербетсе, Димаш әнімен тербетті. Міне, көзінен жас аққанша қолпаштаған сол әлемге қарап отырып, осыны түсінесің.
Әрине, аққан бұлақтың көзін ашып, арнасын тазалап тұру азаматтық ардың ісі. Жалпы қай кезде де тума таланттарды қолпаштап, қамқор болуға емес, қолымыздан келгенше қолдауға тырысайық. Сөз жоқ, жазиралы жеріміз таланттарға кенде емес.
Қажымұқанды туған жер әлі-ақ талай палуанды дүниеге әкеледі, Біржанды еркелеткен ел, талай сал-серіні көтереді. Мәселенің бәрі өзімізде.
Сондықтан да, Димаш Құдайберген, Дәнелі Төлешова, Ержан Мақсым сияқты балауса таланттарымызды қолдауға әр қазақ асығуы тиіс.
– Бүгінгі әңгімені тым ауырлатып алдық-ау деймін, Имеке... Соңғы жағын жеңілдетуді ұсынғым келіп отыр. Сіз Орта Азия халықтарының қолданбалы өнерінің үлгілерін жинап жүреді деп естиміз. «Коллекцияңызда» қанша заттар мен бұйымдар бар? Ең құндылары қайсысы?
– Жәдігерде құн болушы ма еді? Бағасын сарысақал тарихтың өзі беріп қойған дүниелер ғой бұл...
Ұзын-саны 1500 әшекей бұйым жинаған екенмін. Шынын айтсам, ешбірін бағалатып көрмеппін. Бар мақсатым – кең даламызда шашыраған ерекше өнердің өнегесін ашу, кейінгі ұрпаққа мирас ету болды. Ол туралы кітап та жаздым.
Бұл расында да, сонау Сақ бабаларымыздан бері үзілмей келе жатқан ерекше өнер. Олай дейтінім, 2 мың жылда семиотикасы (белгі, ою, таңба) мен зергерлік техникасы аса өзгермеген шеберлік болса, ол осы Орта Азияда ғана бар дүние.
Осыдан 14-15 жыл бұрын болу керек, Алматының әкімі боп тұрған кезім... Ресейлік миллиардер Виктор Вексельбергке ұсыныс жасадым. Ол өзі әйгілі зергер Карл Фаберженің қолынан шыққан «пасхалық жұмыртқалар» дейді ғой, осындай бұйымдардың үлкен коллекциясын сатып алған азамат. Міне, осы коллекцияның Алматыдағы көрмесін ұйымдастырайық дедім. Бірден келісе кетті. Бірақ, көрмені басқа жерде емес, Орталық мемлекеттік музейде, оның ішінде «Сақ дәуірі» залында өткізейік деп шештік. Ондағы ойым – әлемге жарнамасы озған «Фабержені» көруге келген ел, қасында тұрған 2 мың жыл бұрын инемен иіп, аса зор кірпияздықпен түйіп жасалған Сақ алтынын салыстырсын... Ашығын айту керек, алматылықтардың өзі осындай қазынаның қасында тұрғанын біреуі білсе, біреуі білмейді.
Сондықтан, менің жиған-терген коллекциям, ең алдымен, осы елдікі. Үйден іздеп әуре болмаңыз, бәрі Ұлттық музейде тұр.
– Өмірде достарыңыз көп пе?
– Бұл өмірде сыйластықта мін жоқ болса, достықта құн жоқ. Шүкір, достарым көп. Жәй дос емес, 40 жыл қырғын болса да, қасыңнан табылатын қандыкөйлек жан достарым баршылық.
Сұхбаттасқан Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ,
Дереккөз: "Қазақ әдебиеті" газеті