Тоқаев: Абайды ұлт болып ұлықтау – перзенттік парызымыз
2020 ж. 15 қазан
1387
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ұлы ақын Абай ұлдарымен" ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды «Қазақ үні». Мемлекет басшысының ашылу салтанатында сөйлеген сөзін оқырманға ұсынамыз.Құрметті қауым!
Ардақты ағайын!
Хакім Абайды біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз. Ұлы ақынның рухына тағзым ету үшін мен осы қасиетті топыраққа арнайы келдім. Қала тұрғындарын және бүкіл елімізді Абай мен оның ұрпақтарына арналған жаңа ескерткіштің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – біртуар ғұлама ойшылымызға деген зор құрметтің белгісі. Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Ұлы ойшыл жастарды білім мен ғылымды игеруге, өнер мен тілді үйренуге, маңдай термен мал табуға шақырды. Ақын айтқан бес асыл іс: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» – ұлт үшін ауадай қажет қасиеттер. Біз дамуды тежейтін бес дұшпаннан арылып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртамыз. Біз Абай аманатына адал болуымыз керек. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуы осыған байланысты. Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет. Мына еңселі ескерткіш жас ұрпаққа тағылымды ой салуға тиіс. Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері Ақылбай мен Турағұл – елге үлгі болған тұлғалар. Мұнда ұрпақ сабақтастығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай қажы әулетінің тектілігін танытатын туынды. Абай шаңырағының тағылымы – ұлт ұлағатының көрінісі. Жалпы, тәлім-тәрбие ұлт сапасын қалыптастыратын басты фактордың бірі болуы керек! Құрметті қауым! Біз биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге ерекше мән бердік. Мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткіздік. Ақын мұрасын насихаттауға, ұлағатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ден қойдық. Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені жаңа талапқа сай жаңғыртылды. Ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасалды. Бұл – облыс әкімі Даниал Ахметовтің және бір топ азаматтардың еңбегінің нәтижесі. Біз мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол берген жоқпыз. Абай айтқан «мақтаншақтық», «бекер мал шашпақты» тыюдың бір жолы осы деп санаймын. Ұлы ойшылдың мұрасы – еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Абайдың асқақ рухы ұлы мұраттарға жетелей берсін! Шығыс Қазақстан халқына шын жүректен аманшылық тілеймін.