Назарбаев: Түркістан – елдігіміздің алтын бесігі
2020 ж. 29 қыркүйек
1569
1
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Халықаралық әуежайдың ашылу салтанатына қатысып, бірқатар нысандарды аралады. Таяу уақытта елорда, Алматы, Ыстамбұл тұрғындары киелі мекенге ұшақпен тура жететін болады. Кейін Қазақстанның басқа облыстары мен Меккеге қатынауға мүмкіндік туады. Әуежай жылына 3 млн-ға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта Түркістанға сапарлайтын туристердің саны 2,5 млн, ал 2030 жылға қарай 3,5 млн адамға дейін жетеді деп жоспарланып отырғанын ескерсек, бұл халықаралық әуежай қызметінің маңызы зор.
Былтыр Түркістанда біраз нысан пайдалануға берілді. Олардың дені әлеуметтік маңызы зор ғимараттар еді. Биыл мәселен, әкімшілік-іскерлік орталықтар салынады деп жоспарланған 89 нысанның тағы 23-і тапсырылады. Соның бірі – Конгресс холл. Бұл – салтанатты жиындар өтетін, мың орындық көрермен залы бар мәдени орталық. Ал спорттық жиындардың ордасы жеті мың адам сиятын стадион болмақ. Онда акробатика, бокс және ауыр атлетика жаттығу залдары орналасқан. Көне Түркістан бұрыннан туризмнің орталығы. Бұл жерге жылына 1,5 млн турист келеді. Келген мейман кем дегенде бір түнеуі керек. Қазір соның қамы жасалып жатыр. Шаһарда бірқатар бес жұлдызды қонақ үйлер болады. Солардың бірі – «Риксос Түркістанды» Елбасы аралап көрді. 120 орындық кешеннің құрылысына 5,7 млрд теңге инвестиция тартылған.
Инвестиция демекші, қала құрылысына қарастырылған 400 млрд теңгенің 53%-і инвесторларға тиесілі. Түркістанның құрылысына қазір жұмсалған қаражат кейін еселеп қайтатынын компаниялар бағамдап отыр. Күшейтілген карантин тұсында да құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Күні ертең Түркістан туристер көптеп келіп, іргелі жиындар өтетін шаһарға айналады. Айта кетейік, наурыз айында сәтін салса, Түркістанда түркі әлемі елдерінің басшылары кездесіп, саммит өткізеді деп жоспарланып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Аз ғана уақытта шаһарымыз танымайтындай болып түледі. Соның куәсі болып отырмыз бәріміз. Түркістан – елдігіміздің алтын бесігі. Қазақстанның рухани орталығы деп айтып келеміз. Соған байланысты мәртебесі де, сыртқы түрі де солай болуы керек. Түркістанның өсіп-өркендеуі тек біздің елдің ғана емес, күллі түркі жұртының абыройы. Оған қазір бәрі қарап отыр. Кеше Өзбектанның Президентімен сөйлескенде де бұл жөнінде әңгімелестік. Түркияның салып жатқандарын көріп отырсыздар, жаңағы аэропорт тікелей инвестицияның арқасы. Иен далада заманауи үлкен аэропорт салынды. Қасиетті шаһардың күн санап өркендеп келе жатқанына баршамыз қуанамыз.