“ҰЛТТЫҚ САЯСАТТЫ ҰСТАНАТЫН ПАРТИЯ” – «Ақ жол» ашық сұрақтарға анық жауап берді (видео)
2020 ж. 22 қыркүйек
1751
0
22 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында «Ақ жол» партиясының ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру бойынша жұмысы туралы брифинг өтті.
Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шараға «Ақ жол» партиясының төрағасы, парламенттік фракция жетекшісі Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов пен Мәжіліс депутаты Дания Еспаева қатысты.
Жиын барысында Азат Перуашев Президенттің қыркүйектің басындағы халыққа Жолдауына қатысты пікір білдірді.
«Мемлекет басшысының Жолдауы елдің қазіргі жағдайына сәйкес және пандемия кезінде мемлекетті басқарудағы кемшіліктерді көрсетіп берген, қоғамның өзгерістерге үмітті екенін ескеріп жасалған құжат болды. Көп жағдайда Президент мәселелерді ашық көтеріп, олардың шешімдерін іздестіруді ұсынды. Сонымен қатар, кейбір проблемаға Президент жауапкершілікті өзіне алып, нақты тапсырма берген. Әсіресе Президенттің әлеуметтік саладағы шешімдері ерекше орында тұр. Мәселен келесі жылы зейнетақы қорындағы қаражатты халықтың тұрғын үй мен емделу үшін пайдалана алуы, тұрғын үй бағдарламаларын жақсарта алуы, мұғалімдер мен дәрігерлердің жағдайлардың көтерілуі, инфекциялық ауруларды салу туралы тапсырма бергенін білесіздер», – деді Азат Перуашев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса партияның басты ерекшеліктерін атап өтті.
– «Ақ жол» партиясының өзге партиялардан айырмашылығы – біріншіден, ұлттық мүддені қорғауымыз, ұлттық саясатты ұстануымыз. Біздің партия тұңғыш рет 2007 жылы Ұлттық саясат концепциясын қабылдаған, 2013 жылы «Алаш» бағдарламасын ұсынған жалғыз партия! Ұсынып ғана қоймай, соған байланысты жұмыс істеп келе жатқан партия.
"Ақ жол" партиясының арқасында Қазақ Парламенті тарихында тұңғыш рет 2012 жылы 7 қазанда Алаш арыстарының аттары аталып, ұлағатты істерін ұлықтау мәселесі көтерілді.
"Ақ жол" мемлекет көңіл аудармаса да, Алаштың 95 жылдығын да, 100 жылдығын да атап өтті. 2012 жылдан бері бірнеше рет республикалық ғылыми конференциялар мен Халықаралық мүшәйралар өткізіп, мерекелік медаль шығарды.
2013 жылдан бері «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық бағдарламасы биыл сегізінші рет өтіп келеді. Бұл дәстүрлі байқау аясында жас Алаштанушылар шоғыры пайда болды.
2015 жылы Қазақ хандығы 550 жылын атап өтуді "Ақ жол" ұсынып, Елбасыға хат жазды. Қазақ хандығына арнап халықаралық мүшәйра өткізіп, мерекелік медаль шығарды.
"Ақ жол" партиясы - Қазақстан Республикасының азаматтығын қазақ тілін, ҚР Конституциясын және Қазақстан тарихын білуі жөнінен емтихан тапсырғаннан кейін беруді заңнамалық тұрғыдан бекітуді саяси бағдарламасына жазып қойған жалғыз партия!– деп атап өтті Қазыбек Иса.
-Екіншіден, "Ақ жол"
Президенттік басқару жүйесінен Парламенттік Республикаға көшуді ұсынып отырған партия.
2012-2016 жылдары «Ақ жол» депутаттары Үкімет пен фракциялардың арасында тең қарым-қатынас қағидаларын қалыптастыру үшін көп күш салды. Осы қағидалардың бірі – біз әзерлеген, сегіз жылдан кейін қабылданған «Парламенттік оппозиция туралы» заңда іске асырылды.
2013 жылы «Парламенттік оппозиция» туралы заң жобасын ЕҚЫҰ жоғары бағалады. Бірақ қазақ үкіметі өткізбеді.
2019 жылы Ұлттық Кеңестің екінші отырысында бұл мәселені Президент Тоқаев көтеріп, ол биыл қаңтардан бастап талқыланып, қабылданды. Заң жобасын жасаушы «Ақ жол» партиясы болды.
Бұл заң оппозицияның құрып бермейді - бұл заң Парламенттегі азшылық партияға қосымша кепілдіктер береді. Яғни, алғаш рет біздің заңнамаға «парламенттік оппозиция» ұғымын «Ақ жол» енгізіп отыр.
• «Ақ жолдың» заң жобасын жасағанына қарап, «ойбай, парламенттегі оппозициялық партия «Ақ жол» болады екен» деп шулап кетті. Олардың ішінде кәдімгідей саясаткер боп жүргендер, сақа журналистерді көргенде күлкің келеді. Парламенттегі оппозициялық партия болып парламент сайлауында екінші орын алған партия саналады.
«Ақ жол» еліміздің барлық азаматтары алуы тиіс базалық зейнетақыны енгізуді ең алғаш ұсынған партия. Ал қазір базалық зейнетақыны тек «Ақ жолдықтар» алып жатқан жоқ қой, барлық ел азаматына тиесілі,-деп қорытты сөзін Қазыбек Иса.
Сонымен бірге, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов ауыл әкімдерін сайлау жүйесін бекіту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына қатысты өз ойын айтты.
«Бұл мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Ауыл әкімдерін сайлау туралы бастаманың өзіне 7-8 жыл болып қалды. Қазіргі ауыл әкімдерін сайлаушылар – мәслихаттар. Президенттің беріп отырған тапсырмасы мен қолданыстағы ауыл әкімдерін сайлау жүйесінің арасы жер мен көктей десек болады. Мысалы, қазір ауылдың әкімі болып кім сайланып жатыр? Мәслихаттың ұсынғаны, аудан әкімінің айдауына жүретін, зейнетақыға шығып қалған немесе өмірлік тәжірибесі аз азаматтар бүгін де ауылдарды басқарып отыр. Ал, енді болашақта Президенттің беріп отырған тапсырмасы қандай? Ол сол ауылда тұратын, өз ауылын көркейтуге мүдделі, жаны ашитын азаматтар ауылдарға сайлануы керек», – деді Берік Дүйсембинов бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Брифинг барысында «Ақ жол» партиясы Асхат Аймағамбетовке шабуыл жасап жатыр деген пікірлерге де лайықты жауап берілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дания Еспаева нақты дәлелдермен халық қаржысының жоғалып жатқанын мәлімдеді. Бұл мәселені партия аяғына жеткізетінін қадап айтты.
«Дания Еспаеваның Мәжілістегі Білім және ғылым министрлігіне қатысты депутаттық сауалы қоғамда қатты талқыланды. Көбісі бұл Асхат Аймағамбетовке жасалған шабуыл деп жатты. Осыған байланысты не айтасыздар? Жалпы Дүниежүзілік банктен алынған 67 млн доллар туралы мәселені «Ақ жол» партиясы жиі көтеріп жүр. Осының себебін түсіндіріп өтесіз бе?» деген тілшінің сауалына депутат Берік Дүйсембинов те жауап берді.
– Біздің бұл сұрағымыз – Асхат Аймағамбетов мырзаға азамат ретінде емес, министр ретінде қойылған сауал болатын. Асхат Аймағамбетовті бүгінгі таңдағы қазақтілді ұлтжанды азаматтардың бірі деп аса құрметпен қараймыз. Ол азамат министрдің орынбасары болған кезде талай сұрақтарымызға тікелей жауап берген. Қарым-қатынасымыз өте жақсы. Әлеуметтік желідегі тарап кеткен «министрге жасалған қарсы шабуыл» деген ақпарат жалған. Біздің көтеріп отырғанымыз – интернетің жай-күйі. Оны өздеріңіз көріп отырсыздар. Егер қаржы игерілмесе, сол қаржыны сұрауға ұйытқы болған, бұрынғы министрліктің өкілі кім? Қандай жазаға тартылды? Кім жауапты? 67 млн долларды игермейтін болсақ, ратификация жасап не үшін алдық? Енді жылына сол қарызды резервте ұстап отырғаны үшін 165 мың АҚШ доллары төленеді. Бұл кімнің арқасында төленіп жатыр? Соған жауап алғымыз келген. Бұл қарыз алынғанда Аймағамбетов министр болмаған. Сондықтан бұл Асхат Аймағамбетовтің жеке басына емес, министрлікке қойылған сұрақ екені ескерілсе дейміз, – дейді депутат.
Білім министрлігіне байланысты сұраққа Қазыбек Иса:
- «Ақ жолдың» депутаты өзінің ақшасын сұрап жатқан жоқ, халықтың қаржысын сұрап жатыр. Ол үшін алғыс айту керек қайта.
Ал Асқат Аймағамбетовке бұл сауалға жауап беріп, министрлік миллиардтары қайда кеткені туралы есеп беруге тура келеді. Министр болғаны үшін.
Біз Аймағамбетовты "Қазақ үні" газетінде үнемі қолдап, насихаттап келеміз. Өйткені, қазақы қанды, ұлтшылдығы бар, мектептен шыққан мен білетін Білім министрлерінің бірі осы Асхат Аймағамбетов! Бірақ әліппені қайтарған Аймағамбетов түгілі әліппенің авторы Ахмет Байтұрсынұлы Білім министрі болса да, халық қаржысының қайда кеткеніне есеп берер еді...
Маңызды өткен брифинг барысында Ұлттық саясатты ұстанатын партия– «Ақ жол» барлық ашық сұрақтарға анық жауап берді.