Әлібек Қаңтарбаев: Лихаревтің ескерткішін «жаңғырту» - шовинистердің көңілін табу
2020 ж. 10 қыркүйек
3319
2
Жанкешті басшы болса неге Қасымдай батыр атасының ескерткішін қасқайтып қоймаған - Әлібек Қаңтарбаев
Өскеменде Ресей империясының басқыншылық әрекетінің символы болған майор Иван Лихаревтің ескерткішіне қатысты дау өршіп тұр. Себебі осыдан бірер ай бұрын Чехов пен Горький көшелерінің қиылысындағы автожолдың бойында елеусіз, шаңға көміліп тұрған ескерткіш қалпына келтіріліп, Андреевский шіркеуінің алдына «қоныс аударылды». Лихаревтің субұрқақ үстіндегі кемеде тұрған бейнесі айбарлана түскен. Бейнебір қазақ жерін отарлауға Ертісті кешіп келе жатқан Лихаревті көргендей боласыз. Бұл – ел тұтастығын ойлағандардың ашуына тиетін композиция.
Бұл туралы "Айқын" басылымы хабарлайды.Отарлаушы майорға ескерткіш орнатқанымыз аздай, енді оны сылап-сипап төрге оздырғанымызға зиялы қауым қатты өкпелі сыңайлы. Орыстілді басылымдардың ол ескерткішті «Өскеменнің 300 жылдығына орай ашылды» деп жазғаны ескі жараны тырнағандай, жаңа жараға тұз сепкендей әсер етеді. Ал әлгі ескерткіш белгінің ашылуына арналған шағын шараға қала әкімі Жақсылық Омардың баруы біраз жұртты түңілдірген болса керек, олар Шығыс Қазақстан облысының әкіміне хат жолдады.
Қайсенов кім, Лихарев кім?
Қалай десек те, сырт қараған адам дәл осы облыс орталығында басы да, аяғы да жоқ интернационализм фестивалі өтіп жатыр деп ойлайтындай. Ал Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО филиалы директоры Әлібек Қаңтарбаев Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар Қазақстанның тәуелсіздігіне нұқсан келердей шараға мұрындық болды деген пікірде.
«Мүмкін, қала әкімі ондай іс-әрекетке саналы түрде бармаған шығар, бәлкім, әрекеттің көгентүптегі зардабын ескермеді ме, ол жағы белгісіз. Ол Ресей империясының Қазақстанның шығысындағы басқыншылық әрекетінің символы, майор И.Лихаревтің ескерткішін «рухани жаңғыртып», осы өңірдегі шовинистік пиғылдағы сепаратистердің нұсқауына сәйкес жұмыс істеп, көңілін тапты», – дейді.
Өскеменнің атқарушы билігі әспеттеп жүрген лейб-гвардия майоры Иван Михайлович Лихарев деген кім? Ол – ХҮІІІ ғасырдағы патша офицері, Петр біріншінің қандықол жендеті. Оның Ертіс бойын жайлаған, бейбіт жатқан қазақ халқын қырып-жойғаннан, атып-асқаннан басқа «жақсылығы» жоқ.
«Ұдайы күші басым басқыншылардан тек көшіп-қону арқылы ғана жұртын аман алып қалған, осы тактиканы ғана стратегиялық бағыты ретінде пайдаланған қазақ елін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстай алмай жанталасқан Петр патша біздің елді жан-жағынан қыспаққа алуды көздеп, бекіністер салуға кіріскені тарихтан белгілі. Соның бірі – Өскемен. Яғни, оның жендеті Лихаревтің біздің елге бейбіт, прогрестік жолмен емес, басқыншылық, отарлау мақсатымен келгені тағы рас», – дейді жазушы.
Жазушының айтуынша, өңірдегі зиялы қауым өкілдері Өскеменде Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновке жөні түзу бір ескерткіш қою керегі жайлы Шығыс Қазақстан облысы әкіміне бірнеше мәрте құлаққағыс еткен. Қайбір жылы қаһарманға Чехов көшесінің бойындағы жанармай құю стансасы жанынан тәштиген кеуде мүсін орнатылыпты. Сол кеуде мүсін ұзақ жылдар бойы өскемендіктердің ұяты мен арының безбені сынды ары-бері өткен қалалықтардың, келген қонақтардың аянышы мен ызасын туғызыпты.
«Халық Қаһарманы жанармай құятын колонка секілді бүрісіп, сан жылдар өксіп тұрды. «Аруақты бұлай қорламай-ақ, анау жапырайған кеуде мүсінді алып тастау керек қой» деп шулағанымызды құлағына қыстырған басшы болған жоқ. Айғай-шумен бұрынғы Киров саябағы Қасым Қайсенов аталды. Айғай-ұранмен жаңағы Қайсеновтің колонка-мүсіні саябақтың ішіне кіргізілді. Қайда дейсіз ғой: бақтың қамшылар жақ бүйіріне, әдейі тімтініп, иісшіл итпен іздеп бармаса, екі дүниеде пенде баласының табуы мүмкін емес көртам қуысқа апарып жапырайтып қойыпты», – дейді.
Жазушы қала әкімінен қазақтың батыры, кешегі күні кеудесін оққа тосқан Қайсеновтен гөрі ұлтымызды жаныштауға, отарлауға келген Лихарев неге артық болған деген сұрақтың жауабын білгісі келеді.
Әкім ашылуға барған жоқ
Біз мәселенің мән-жайын білу үшін Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Ахметжановқа хабарластық. Оның айтуынша, ескерткіш белгінің ашылу салтанаты өтпеген.
«Қала басшысы қаладағы жөндеу жұмыстарын тұрақты бақылап жүреді, аула жөнделсе де, ағаш отырғызса да барып тексереді, сол сияқты жұмыс бабымен жүргенде ескерткіш белгіге тап болған», – дейді бөлім басшысы.
Ал ескерткіш белгінің көшірілуіне жол жөндеу себеп болыпты.
«Бұл 1990 жылы орнатылған ескерткіш белгі болатын. Қала орталығында орналасқан екен. Қала жоспарындағы жолды кеңейту жұмысына байланысты ескерткішті көшірдік. Ескерткіш белгі тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгендіктен, оны алып тастай алмаймыз. Сондықтан қала тұрғындарымен ақылдасып, ескерткіш белгі шіркеу алдына орнатылды», – дейді ол.
Айтқандай, ол ескерткіш белгінің көшірілуінің Өскемен бекінісінің 300 жылдығына қатысы жоғын ескертіп: «Биыл біздің жоспарымызда Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Өскемен қаласы күнінен басқа мәдени іс-шара жоспарланған жоқ», – деп еді. Алайда өскемендік ustinka.kz сайты ескерткіш белгінің Өскемен бекінісінің 300 жылдығына орай таныстырылғанын тайға таңба басқандай етіп жариялапты. Карантинге байланысты салтанатты ашылу өткізілмегенімен, ескерткіш белгімен композиция құрған субұрқақтың іске қосылуына қала басшысының келгенін де атап өткен. Ескерткіш белгі композициясын абаттандыруға қалалық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Сергей Коротин өзі сұранғанын да сол сайттан білдік. Сайт субұрқақтың символикалық іске қосылу сәтінен фоторепортаж берген, ол суретте қала басшысы анық көрінеді. Сонда қала билігі Өскемен бекінісінің 300 жылдығын атап өтпейді, бірақ сайт басқаша жазады. Ендеше ақпаратты бұрмалаған сайтқа неге ескерту жасалмаған?
Айтқандай, осы жылдың тамыз айында «Өскеменге – 300 жыл» деген төсбелгі шығарылыпты. Авторы кім екені белгісіз. Қала басшылығы мұны қалай байқамай қалған? Өскемен қамалының 300 жылдығын Өскемен қаласының 300 жылдығы етіп көрсету кімге керек?
Журналист Азамат Қасым Өскеменнің мың жылдық шежіресі бар қала екенін, онда түркі тілдес халықтар тұрғанына дәлел болар тарихи материалдар жеткілікті екенін айтып та, жазып та жүр. Бұл мәселе бүгін пайда болған жоқ. Күзге салым қайталанып тұратын жыр.
Қайсеновке ескерткіш тұрғызып берсін…
Жазушы Әлібек Қаңтарбаевтың айтуынша, Ресей мен Қазақстанның экономикалық-мәдени қарым-қатынасы үшін біраз мемлекетаралық байланыс керек те шығар, бірақ ол үшін рухымызды саудалаудың қажеті жоқ.
«Егер де қала әкімі Жақсылық Омар еліміздің ертеңі жарқын, руханияты биік болуы үшін тер төгіп жүрген жанкешті басшы болса, Қайсенов атындағы саябақтағы большевиктердің жендеті, идеялық тұрғыдан баяғы заманда іріп-шіріген Кировтың ескерткішін алып тастап, орнынан Қасымдай батыр атасының ескерткішін қасқайтып отырып неге қоймаған? Ресейдің өзі қала-даласындағы большевизм жендеттеріне қойылған ескерткіштерінің баршасын баяғыда құртқан, біздікі не далбаса?» – дейді ашынып.
Ол қазақ үшін қадірлі саналатын Абылай, Қабанбай, Кенесары, Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Райымжан Мәрсеков сынды басқа да арыстарымыздың Өскеменге кіре алмай, өгей баланың күйін кешіп тұрғанына қынжылады. Өскеменде аталған тұлғаларға арналған ескерткіш жоқ.
Ал Лихаревтің мүсіні қойылған ескерткіш композиция мемлекет тарапынан қорғалатын тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне ілінген. Бұл ескерткіш белгі бұл тізімге қашан енгізілген, кім енгізген? Ендеше айтайық, ескерткіш белгіні аталған тізімнен алып тастау еш қиындық туғызбайды. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға сәйкес, қаланың атқарушы билігі тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия құрады. Аталған комиссия тарихи-мәдени мәнін жоғалтқан ескерткішті мемлекет тарапынан қорғалатын тарихи-мәдени ескерткіштер тізімінен алу туралы шешім шығарады. Тек ол үшін сол ескерткіштің тарихи, мәдени мәні жоқ екенін ғалым тарихшылар дәлелдеп, ұсыныс жасауы керек. Демек, бұл қала басшылығы, қаладағы қоғамдық ұйымдар мен тарихшы ғалымдар бірлесе атқаратын жұмыс. Тек бір-бірінің жұмысына кедергі келтірмесе болғаны. Бұған өзге ұлт өкілдері қалай қарайды деп бас ауыртудың қажеті жоқ. Себебі олар Ақ патша мемлекетінің емес, Қазақстан Республикасының азаматы.
Әрі-беріден соң осыдан екі жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының Зырянь ауданын Алтай деп өзгерткенде ешкім бас көтерген емес, қолдаған. Ал халықты жұмылдыру –жергілікті басшының жұмысы.
Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын, Абайдың 175 жылдық мерейтойын осындай ескерткіштермен қарсы алу мемлекеттігімізге сын. Ал халықтың рухына серпін беріп келе жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының үшінші жылында отаршыларды ұлықтау аталған ескерткішті қайта жаңғыртқан басшыға сын.
Балтық жағалауы елдері – Латвия, Эстония, Литва тәуелсіздік алысымен отарлаушылар ескерткіштерін алып тастады. Ал біз керісінше мемлекет тарапынан қорғалатын тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізіп, шаң басқан жерінен жаңартып, көкке көтеріп жатырмыз.
Өкінішті-ақ…
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ,
Дереккөз: "Айқын" газеті