Тоқаев: Халыққа жемқорлардың ұсталғаны туралы әдемі рапорттың түкке керегі жоқ
2020 ж. 19 тамыз
1215
0
Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Бұл бағытта бірқатар маңызды міндеттер атқарылған, атап айтқанда, Қазақстан халықаралық ГРЕКО ұйымына мүше болды, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған жағдайда оның басшысының қызметінен босатылуы заңмен бекітілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстары күшейтілді.
– Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан, яғни, 820-дан 912-ге өскен. Transparency International ұйымының 2019 жылы өткізген сауалнамасының қорытындысы бойынша азаматтардың 28,7 пайызы мемлекеттік ауруханалар мен емханаларды сыбайлас жемқорлықтың ордасы деп атаған. Бұл басқа мемлекеттік мекемелермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, мысалы, полиция – 11,3%, жер қатынастары басқармасы – 7%, мемлекеттік балабақшалар – 6,9%. Өз денсаулығына алаңдап ауруханаға барған адамдардың қажетті медициналық көмек алу үшін кімге қанша ақша берем деп уайымдауына жол беруге болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың табысы азайып, экономиканы қолдауға бағытталған қаржыны жымқыру тәуекелі артқан пандемия кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажеттігін атап өтті.
– Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, медицина саласындағы сыбайлас жемқорлықты тексеру және әшкерелеу жұмыстары пандемия шарықтау шегіне жетіп, дәрі жетпей жатқаннан кейін ғана басталған. Цифрландыру жүйесіндегі заң бұзушылықтар ондаған миллиард ақша шығындалғаннан кейін барып қозғалған. Бүгінде білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік нысандарға қыруар қаржы бөлініп жатыр.
– Бір жылдан кейін осы салаларға бөлінген қаржы жымқырылды, ал жауапты министрліктер көштің соңында қалды демейтінімізге нақты сенімді болуымыз керек. Миллиардтаған қаржы қолды болып кеткеннен кейін, халыққа кінәлі адамдардың ұсталғаны туралы әдемі рапорт бергеннің түкке де керегі жоқ. Бұл бағыттағы жұмысты түбірімен қайта құру керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің барлық бағыттағы жұмыстарына жаңа серпін беру керек деп санайды. Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі әрекетсіздік халықтың наразылығын тудырып, құқықтық ниглизмге әкеп соғады. Дегенмен жемқорлыққа қарсы белсенді күрестің соңы науқаншылыққа ұласып кетпеуі керек. Сонымен қатар бұл жауапты және заңға бағынатын мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына кері әсер етпеуі тиіс.
Мемлекет басшысы деректер қорын одан әрі интеграциялау және мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жеделдетуге баса мән беруді тапсырды. Бас прокуратура кәсіпкерлерді дәлелсіз қылмыстық қудалау фактілеріне жол бермеуі керек.
– Өткен жылғы Жолдауымда заңды бизнеске кедергі келтіру аса ауыр мемлекеттік қылмыс екенін айтқан едім. Бұны барлық құқық қорғау органдары, оның ішінде, Бас прокуратура ескеруі тиіс. Кәсіпкер мен инвесторлар сыбайлас жемқорлық қысымынан берік қорғалғандарын сезінуі тиіс, – деп атап өтті Президент.
Бұған қоса сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барлық салалары бойынша қатаң қоғамдық бақылау жүргізілуі тиіс.
– Адамдар әлі де жоғары оқу орындарында, колледждерде, тіпті мектептердегі сыбайлас жемқорлықты айтып, шағымданады. Жемқорлық азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті, қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе – осы. Ал кәсіпкерлер жер комитеті, өртке қарсы қызмет, салық және кеден органдарын жемқорлық жайлаған деп есептейді. Жолдың сапасына байланысты да жұртшылық қатты алаңдаулы. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы маған су шаруашылығы саласында айтарлықтай түйткілдер бар екенін хабарлады. Міне, осы мәселелер бойынша қоғамдық бақылау тетігі жұмыс жасауға тиіс. Бұл шараға үкіметтік емес ұйымдарды тартқан жөн. Оларды нормативтік-құқықтық актілерді сараптау ісіне қатыстыру керек, – деген тапсырма берді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Кеңесті қорытындылай келе ел қауіпсіздігі мен халықтың амандығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жүйелі әрі табанды шараларды іске асыруға байланысты екенін атап өтті. Президент Үкіметке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің ұсыныстарын толық пысықтау үшін бір ай уақыт берді.
Кеңесте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары Бағдат Мусин, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев есеп берді.