Қазыбек Иса. ӘН ПАТШАСЫ
2020 ж. 15 тамыз
2154
0
Бүгін, 15 тамызда қазақтың ұлы композиторы, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл болды.
Қазақ вальсінің падишасы атанған Шәмші Қалдаяқовтың мәдени мұрасына елімізде ерекше назар аударылуда. 1992 жылдан бастап жыл сайын республикалық конкурс-фестиваль өткізіліп келеді. Ол Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән фестиваліне айналды.
Бүкіл қазақ бұрында да орнынан тік тұрып шырқайтын «Менің Қазақстаным» әні әнұранға айналды.
Бір сөзбен айтқанда Шәмші әнін білмейтін қазақ жоқ! Шәмші әндерінсіз той өтпейді.
Бүгінгі мерекелі күнге орай осыдан бес жыл бұрын жазылған жырымызды жариялауды жөн көрдік.
ӘН ПАТШАСЫ
Шәмші Қалдаяқовқа
Жолықсаң да өмірдің қандайына,
Татымады қу тірлік таңдайыңа.
Отырардан басталған ұлы сапар,
Ән жолдарын салыпты маңдайыңа.
Тырналардай көктегі тізілді өлең,
Жүз жылдық мұң жатыр ғой жүзіңде ерен…
Жанарыңның жазуын жасырады,
Темекіңнің түтіні үзілмеген…
Асулардан әнменен асу үлгі,
Түсінбеді тасырлар тасуыңды.
Ащысынан тірліктің ашынғанда,
Ащы судан алар ең ашуыңды…
Енді сенсің – еліңнің ұран-әні,
Әуеніңе кім шыдап тұра алады?
Әлдилеген даланы әндеріңнен,
Қазақстан картасы құралады…
Махаббаттың мәңгілік жасыл бағы,
Сыр сұлуы сырын еш жасырмады…
Ақ бантикті ұмытқан Ақмаңдайға,
Ақ жаңбырдай сезімің басылмады…
Мың бұлағы Тамдының шапқылап бар,
Құйылады кеудеңе атқылап нәр.
Ақ еркенің ақ қанат арманымен
Ақ Жайыққа айналар ақ бұлақтар…
Ықыласын жүрсең де көріп көптің,
Жалғыздықты жаныңа серік те еттің…
Сыймай кеткен кезінде ел ішіне
Сыған қызбен сырласып, еріп кеттің…
Ақсұңқарға өзіңді балады ма,
Ғашық етті Қаракөз жанарына.
Іздеп өттің қаланы, даланы да…
Теріс мінез танытсаң қоғамыңа,
Теріскейдің тербелдің самалына…
Көкжиекке көгілдір көш кеткенде,
Көңіл ауып, қосылдым кештеп мен де…
Өмір – өзен…
Қайығын есіп келем,
Ес кеткенде айырылып ескектен де…
Көрікті әнің көп жерді көркем еткен,
Келем туған ауылға еркелеп мен.
Кейде сенің әніңе елтігенде,
Сөйлесемін Анаммен ерте кеткен…
Алаңсыз күн алыстап бар әдемі,
Сансыратты тағдырдың сан әлегі…
Қарапайым жер басып жүргізе ме,
Әуелетіп әкетті ән әлемі…
Айналдырып жібердің елді өлеңге,
Ұлылығын өнердің көрді әлем де…
Ән патшасы бәрінен биік болып
Ел патшасы еріксіз ерді әуенге…
Талантыңа талай ел таңдай қағып,
Бас бермей-ақ шабасың шалғайға алып…
Тұнған сезім тұла бой болғасын ба,
Есімің де кетті ғой әнге айналып…
Жасыра алар өмірдің кім шындығын,
Қадіріңді қайдан ел білсін бұрын…
Ескерусіз, елеусіз жүрген жерде
Ескерткіш боп еңселі тұрсын бүгін…
Жағасында Арыстың отырар кім?
Ойындасың жүректе оты бардың.
Оралдың ғой ән болып туған жерге
Тарқамайды тойы енді Отырардың!..
Қазыбек Иса,
2015 жыл