Әлихан Баймен: «Қазақ үні» - қоғамның үмітін ақтаған басылым
2020 ж. 14 тамыз
1697
0
Астана мемлекетттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы, белглі мемлекет қайраткері Әлихан Баймен "Қазақ үні" газетінің 20 жылдық мерейтойымен редакция ұжымын құттықтады.
***Құрметті «Қазақ үні» газетінің ұжымы, қадірлі қаламгерлер!
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм үні» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, адамға көз, құлақ, тіл қаншалықты керек болса, халыққа газет соншалықты қажет.
«Қазақ үні» газетін 20 жыл бұрын құрылтайшылары үкілеп, ақпарат кеңістігі бәйгесіне қосқан еді. Сол сәттен бастап газет әрдайым қазақ ұлтының өзекті мәселелерін көтеріп, ұлттың ұйысуы мен дамуына өзіндік үлес қосуда. «Қазақ үні» - өзінің атына және қоғамның үмітіне сай лайықты орын алған басылым.
Кезінде ұлттық саясаткер Амангелді Әбдірахманұлы Айталымен бірлесе жасаған «Ұлттық саясат тұжырымдамасын» талқылауға газет редакторы Қазбек Исаның өзі де белсенді қатысып, соны жариялаған еді.
«Қазақ үні» газеті ағартушылық бағыттағы игі бастамаларды, «Темірқазық» клубы отырыстарын, ондағы ойларды бұқараға жеткізуде елеулі еңбек атқарды.
Сіздер қазіргі дәуірдің жылнамашысы ретінде барлық саланың дамуына, туған өлкені сүйіп, құрметтеуге, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге, біздің қоғамдағы адамгершілік бастауларды нық қалыптастыруға елеулі үлес қосып келесіздер.
Сонымен қатар, Еуразиялық одақ құру бойынша келісімге қол қойылмай тұрып: «Ұлттық мүде ескеріле ме?» ме деген сұрақ төңірегінде талай мәселе көтеріп, тіпті өткір тақырыптар көтерілгені үшін «Көкпар» хабары жабылғанда да «Қазақ үні» шырылдап, қорған болуға тырысты.
Міне содан бері әр кезеңнің, өзінің даму кезеңінің ерекшелігіне сай «Қазақ үні» ұлттық сананың даумына үлес қосып келеді.
Сіздер тәуелсіз мемлекетіміздің сара саясатын халыққа жеткізуде, елдің қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігіндегі өзіндік кескін-келбетін қалыптастыруда және оны бұқаралық ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналдыруда ұшқыр қаламдарыңызбен кәсіби шеберлік танытып келесіздер. Осы істе әрдайым табыс тілеймін!
«Сөз түзелді» дегендей, өздеріңіздің көсем сөздеріңізбен, терең мақалаларыңызбен мемлекетшілдікті, ұлтшылдықты тәрбиелеп, биіктерден көріне беріңіздер.
Елге пайдалы газет шығару қамында жүрген редакцияның бүгінгі ұжымына шалқар шабыт, шадыман шаттық тілеймін! Мерейтойларыңыз құтты, берекелі болсын!
Алихан БАЙМЕН,
Астана мемлекетттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы