Мемлекет басшысы «Қазақ үні» газетін мерейтойымен құттықтады
2020 ж. 11 тамыз
1351
0
«Қазақ үні» шын мәнінде ұлттың үніне, тіліміздің жоқтаушысына, халықтың қолдаушысына айнала білді
«Қазақ үнін» Мемлекет басшысы атынан Берік Уәли құттықтады
Құрметті «Қазақ үні» газетінің ұжымы!
Сіздерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан басылымның 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Газеттің «Жас қазақ үні» деп басталып «Қазақ үні» деген атпен жалғасқан 20 жылдық жолында басылым шын мәнінде ұлттың үніне, ана тіліміздің жоқтаушысына, халықтың қолдаушысына айнала білді. Оқырмандар Сіздердің газетті турашылдығы, шыншылдығы, қоғамдағы ешқандай проблемаға бей-жай қарамайтын жанашырлығы үшін құрметтейді, сыйлайды. «Қазақ үнін» қай мәселені болмасын кәсіби тұрғыдан жан-жақты жазатын білікті журналистердің ортасы деп таниды. Қалам қуатына, өзінің көзқарасы мен негізгі ұстанымына адалдық газеттің қазақстандық медиа кеңістікте өз орнын ойып тұрып алуына жол ашты. Бүгінде «Қазақ үні» қазақ журналистикасының қара шаңырақтарының біріне айналды. Бұл тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденістің жемісі деп білеміз. Газет ұжымына шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеймін. Ұлттың үніне айналған «Қазақ үнінің» ғұмыры ұзақ болсын! Берік Уәли, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы