ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҮНІ ҮЗІЛМЕСІН
2020 ж. 11 тамыз
1324
0
Өзін Алаш ұрпағымын деп есептейтін Қазақстан халқының сүйікті басылымына айналған «Қазақ үні" газеті жігіт жасы жиырмаға толып отыр! Бүкіл мыңдаған оқырмандарымызды, газеттің белсенді авторлары мен әріптестерімізді осы айтулы мерекемен құттықтаймыз!
«Қазақ үні" газеті алғаш «Жас қазақ үні» деген атпен 2000 жылы 11 тамызда 15 мың данамен жарық көрген болатын. Елдегі саяси-экономикалық қиын жағдайларды халықпен бірге басынан кешкен жас басылым түрлі ауыртпалығы мол кезеңдерде өзінің өміршеңдігін көрсете білді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тұрмыстық, қаржылық түйткілдерге төтеп бере алмаған бірқатар басылымдар жабылып, оқырмандарына жете алмай қалғаны белгілі. Осындай ауыр сынақтардан сүрінбей өткен басылым 2013 жылдан «ҚАЗАҚ ҮНІ» деген атпен жұмысын жалғастырды. Бұл оның бұғанасы бекіп, есейіп, өзінің берік бағыт-бағдарын қалыптастырғанын көрсеткендей болды.
Газет аты айтып тұрғандай, алғашқы күннен-ақ ұлт мүддесін ұран етіп, осы бағытынан жиырма жыл бойы тайған емес, оны көзіқарақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Осы уақытта елдегі саяси және экономикалық, мәдениет мәселелері, қарапайым халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлары тұрақты жазылып келді. Әсіресе Алаш арыстарының тарихтан лайықты орын алуына, ана тіліміздің кең қолданысқа ие болуына бағытталған өткір материалдар кеңінен жарияланып, көпшіліктің қолдауын тауып, көңілінен шықты. Атақты жазушы, қазақтың қайраткер ұлы Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақтан» газетіне: «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетін ғана оқып, біле аласыздар» - деп жазғаны осының нақты айғағы болса керек. Еліміздегі белгілі ақын-жазушылар, саясаткерлер, түрлі саланың білікті мамандары бүгінгі орын алып жатқан оқиғалар мен жағдайларға байланысты «Қазақ үні» арқылы өз ой-пікірлерін білдіріп, газет жұмысына белсене араласады. Қазіргі кезде электронды ақпарат құралдары басымдыққа ие бола бастағаны белгілі. Осы орайда «Қазақ үні» сайты елдегі қазақ тілді интернет ресурстар арасында бірнеше рет бірінші орынға иеленіп келгенін де айта кеткен жөн.
Газеттің жиырма жылдық тарихында бұл беделді басылымда көптеген білікті жастар мен тәжірибелі журналистер еңбек етті. Олардың әрқайсысы «Қазақ үнінің» қалыптасып, көпшілік құрметіне ие болуына өз үлестерін қосты. Соңғы 5-6 жылда осы ұжымда қызмет еткенімді мен де өзіме үлкен мәртебе санаймын. Жетпіске жетеғабыл жасымда жұмысшыдан бастап бірнеше салада еңбек етуіме тура келді. Бірқатар мерзімдік басылымдарда істедім. Бір байқағаным, журналистік мамандықтың артықшылық жақтары өзгелерге қарағанда әлдеқайда көп екен. Айтайын дегенім, ұжымдағы қызметкерлердің өзара адами қарым-қатынасы жайлы. Бұл айрандай ұйыған ұйымшыл ұжымда бүгінгі күні қазақтың белгілі ақын-жазушылары Қазыбек Иса мен Құлтөлеу Мұқаш бастаған Дастан Елдес, Гүлмира Садық, Азамат Тасқараұлы, Нұржан Асан, Дәурен Басимов секілді азаматтар еңбек етеді.
Журналистік жұмыстың өзіндік қиындықтары жетерлік. Қоғамдағы кез келген оқиғаны өз жүрегіңнен өткізуге тура келеді. Кейде белгілі бір мәселелерге байланысты көзқарастарымыз тоғыспайтын кездер де болады. Әркім өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеп беруі қажет. Ол үшін қызылкеңірдек пікірсайыс та орын алуы мүмкін. Соған қарамастан ұжым мүшелері бір-біріне деген сыйластығы мен құрметін жоғалтып көрген емес. Талай жылдар жұмыс істеп жүріп әріптестерімнің маған «сен» деген сөзін естімеппін. Бұл нені көрсетеді? Әрине, бұл алдымен – олардың жоғары адами қасиеттерінің белгісі. Ұлттық тәлім-тәрбие алғандығын, текті адамдардың ұрпағы екенін білдіреді. Сол үшін де әріптестеріме ақ алғысымды айтып, басылымның мерейтойымен ерекше құттықтағым келеді. Дендеріне саулық, шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілеймін. «Қазақ үні» – ұлттың үні! Ұлттық үніміз үзілмесін, ғасырларға жалғаса берсін!
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні