Президент Шорнақ ауылы мен Сәтпаев қаласындағы жағдайға байланысты кеңес өткізді
2020 ж. 24 шілде
1898
0
Президент Түркістан және Қарағанды облыстарындағы жағдайға байланысты кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы оқиғаларға байланысты Президент Әкімшілігінің басшылығымен, Түркістан және Қарағанды облыстарының әкімдерімен, құқық қорғау органдарының басшылығымен кеңес өткізді. Дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы жағдай тұрақталды. Тәртіпсіздіктің қайталануына ешқандай себеп жоқ» деп жазды Берік Уәли Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, Президент жағдайды бақылауда ұстап, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, ел ішіндегі тұрақтылықты бұзуға талпынған арандатушылардың алдын алуды, құқық бұзушыларды заң аясында жауапкершілікке тартуды тапсырған.
«Сонымен қатар ол аталған аймақтардағы халықтың ең басты әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктеріне назар аудару керек екенін айтты. Ал құқық қорғау органдарына кәмелет жасына толмаған қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталған Сәтбаев қаласының тұрғынына қатысты тергеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, оның қорытындысы туралы жұртшылыққа нақты ақпарат беру туралы тапсырма берді» деп атап өтті Президенттің баспасөз хатшысы.
Еске сала кетейік, бүгін ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Шорнақтағы жағдай тұрақталып, 4 адам қамауға алынғанын жария еткен еді. Ал Сәтпаев қаласында 5 жасар қызды ұрлаған күдікті қамауға алынды. Алайда бірнеше адам күдіктіні өз қолына беруді талап етіп, жанжал шығарған болатын.