Халық демігіп жатса, депутаттар демалыста жүр
2020 ж. 18 шілде
1913
0
Әлемге әлек салған мына короновирус Қазақстанды да аяп қалмады. Екі айлық қатаң карантиннен өткенмен, індет айылын жияр емес. Керісінше, сәл босаңсыған тұрғындарымыз енді пандемияның одан бетер сойқан соққысына тап болды. Ауру жұқтырғандар саны артып, өлім-жітім де көбейді.
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» - демекші бір жағынан коронавирус қысса, екінші жағынан ауруларға аса қажет дәрі-дәрмек кенеттен зәру затқа айналып, мына қысылтаяң жағдайды пайдаланғандар оның бағасын шарықтатып жіберді. Шетелден қайырымдылық мақсатында арнайы келген тегін дәрілер мен қорғаныс құралдары қоймаларда қаңтарылып, аурудан қиналған көпшілікке дер кезінде жетпей қалды. Қарапайым халықтың жанайқайынан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей араласуымен жағдай біршама түзеле бастады. Жауапты басшыларды қызметінен қуып, қатаң шара қолдабағанда онсыз да саны жағынан аз халық мүлдем сиреп қалуы да мүмкін еді ғой. Қазір дәрі-дәрмектер дәріханаларға жіберіліп, жұрт сәл де болса еркін тыныстай бастады. Бұл орайда қоғамдық ұйымдар мен жекелеген саналы азаматтардың белсенділігін ерекше атап өткен жөн. Қаржы жинастырып, шеттен дәрі-дәрмек, тыныстайтын құрал-жабдықтар алғызып, сырқаттарға көмек ұйымдастырды. Министрлер, әкімдер мен тойымсыз кәсіпкерлерге сенімін жоғалтқан қоғамдық ұйымдар мен еріктілер дәрі-дәрмектерге бақылау жасауды өз қолдарына алып жатыр. Бұл өте дұрыс шешім. Жалпы мемлекет жұмысын толықтай халық бақылауына берсек бүгін жағдайымыз әлдеқайда жақсы болар еді. Билік басына шығып алып жемқорлыққа салынған шенеуніктер халық алдында абыройларын айрандай төгіп, сенімнен жұрдай болған.
Осы жерде көптеген тұрғындарымыздың халықтың сенімді өкілі болып табылатын түрлі деңгейдегі депутаттарға деген өкпесі қара қазандай екенін жеткізуге міндеттіміз. Жайлы орында отырып, сол қара халықтың арқасында айына миллион теңгеге жуық жалақы, баспана мен түрлі қызметтерді тегін пайдаланатын халық қалаулылары сайлаушыларын қып-қызыл індеттің ортасына тастап, өздері демалысқа кетті. Сонда олар қандай депутаттар? Мынандай сын сағатта, ел басына күн туғанда ол қандай демалыс? Олар адамгершілік, сайлаушылар алдындағы жауапкершілік деген ұғымды мүлдем ұмытқаны ма? Бұдан кейін біздің парламенттегілер өздерін «халық қалаулысымыз» деп айтуға ауыздары қалай барады? Адамгершіліктен жұрдай болған дапутаттарға қарағанда біздің қатардағы қарапайым адамдардың сана-сезімі анағұрлым жоғары екенін мына сын сағат толық көрсетіп берді. Қуыршақ депутаттар демалыстан келген соң олардың мандатын кері қайтару туралы мәселе көтеру қажет. Бұл қиын кезде халқын сатып кеткенмен бірдей әрекет емес пе? Тек санаулы ғана депутаттар қиналған тұрғындарға қол ұшын беріп көмектесті. Жұрт жанын қайда қоярын білмей жатқанда жығылғанға жұдырықтай етіп, Сенат сайлауын өткізу барып тұрған озбырлық, халықты мазақ ету. Сонда олар үшін халықтың денсаулығына қарағанда Сенаттың сайлауы маңызды болғаны ма?..
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz