"Біз халық атынан талап етеміз!" - Жазушы министрге хат жолдады
2020 ж. 16 шілде
2532
0
Белгілі жазушы Құлбек Ергөбек ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдады. "Қазақ үні" аталмыш жазбаны оқырманға ұсынуды жөн көрді.
***ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мырза! Түркістанда Қ.А.Ясауй атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің өз клиникасы бар, клиника қызметі Қазақстан - Түркия екі ел арқылы қадағаланатын біздегі аналогі жоқ жалғыз жоғары оқу орны! Пандемия уақытында бүкіл қала халқына аянбай қызмет етті! Талай сырқаттың жанына араша түсе алды. Сөйткен ХҚТУ клиникасы біраздан бері жоспарлы (өзіне тиісті) дәрі-дәрмегін заказ беріп ала алмай отыр! Дәрі-дәрмек табу қиын күндерде дәріні халыққа жеткізіп берудің орнына қоймаға тығып ұстап отырған, таратса да үстеме бағамен сатып, жемқорлық жолына түскен қаскүнем "СК Фармация" мен "Фармация" (екі қор) арқылы берілсе керек! Ал, олар ХҚТУ жоспарлы өтініміне (заявка) тек "Дәрі дәрмек жоқ" деген бір ауыз сөзбен жауап беріп келе жатқалы біраз уақыт.
Президентті өтірікші қылдыңыз министр мырза! Елдегі жағдай әлі тұрақтанған жоқ! Қоймадағы дәрілер таратылып жатқан шығар. Шет елден көмек көптеп келіп жатқанын көріп, біліп отырмыз. Сонда ХҚТУ-дың жоспарлы дәрі-дәрмегі қайда? Неге мына қысылтаяң сәтте қамтамасыз етілмейді? Шынына келгенде, ол бұхара халықтың страхования арқылы төленген өз қаржысына берілетін дәрі-дәрмек қой! Біз халық атынан талап етеміз! Журналист ретінде аяғына дейін "соғысатын" боламын, министр мырза.
Министр, сіз әкімдер індет жайлы Президентке шын дерек бере алмай отырсыздар! Президент сіздерден шын дерек сұрап отыр! Журналистерді кінәлі еткенді біржолата доғарыңыз! Журналистерді қайта көмекке шақырыңыз! Журналист, жазушыдан өзге елге жаны шын ашитын адам көріп отырған жоқпын! Елді емдейміз деп біраз опат болған дәрігерлер рухына тағзым! Көзі тірілеріне тек алғыс! Олар бүгінгі күннің батырлары!
Құлбек Ергөбек,ҚР Жазушылар одағы басқарма мүшесі