БАР МӘСЕЛЕ - БАСЫ ІСТЕМЕЙТІН БАСШЫЛАРДА
2020 ж. 14 шілде
2210
0
Адамдар редуктор жоқтықтан өліп кете жаздауда, ал құлыптаулы қоймада редукторлар толып тұр...
ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цой мырзаға,
Атырау облысы әкімі М.Досмұқанбетов мырзаға
Ұлттық басылым "Қазақ үні" газетінің Атырау облысы мен Дубайдағы тілшісі, тіл жанашыры Арман Рахмет біраз уақыттан бері Атырау облыстық ауруханасында ерікті болып, ауыр науқастарға кислородты балондар жеткізумен айналысып жүр. Оның таяуда сайтымызда "Бірде-бір палатада ИВЛ жоқ" деген аурухананың ауыр ахуалы туралы да мақаласы жарияланған болатын. Ал мынау жариялап отырған жанайқайын оқысаңыздар, тек Атырауда ғана емес, жалпы елімізде індеттен адамдардың көп қырылып жатқанының негізгі себептеріне көз жеткізесіз. Егер жағдай барлық жерде дәл осылай болса, (көпшілігінде солай екеніне ешкімнің еш шүбәсі жоқ) онда біз жуық арада індеттің құрсауынан құтыла қоюымыз неғайбыл... Бұл мақаладағы мәселелерге байланысты еліміз бойынша Денсаулық министрі А.Цой мен Атырау облысы бойынша әкім М.Досмұқанбетов шұғыл шаралар қолдануы керек. РедакцияҚаншама адам осындай ұйымдастырудың нашарлығынан ауа жетпей өліп жатулары мүмкін???
12 сағаттық түнгі ауысымнан шықтым...
Мұнайлы астананың - Атырау облыстық ауруханасының қалай жұмыс жасайтынын айтайын ба!
Жұмыс ұйымдастыру деңгейі - НӨЛ!
Неге бәлен айдан бері жеткілікті түрде ИВЛ аппараттарын алып қоймадыңдар, ковид шыққаннан бері 7 ай өтті емес пе?
Жақсы, ИВЛ жоқ екенін білесіңдер, демек кислород балондарын пайдаланатындарың айдан анық, олай болса неге төмендегі мәселерді алдын ала шешпедіңдер:
1. Кислород балондарын аурухана есебінен алдын ала сатып алып, олардың күнделікті түрде ауамен толтырылып, тоқтамай келіп тұруын қамтамасыз ету. Қазір білдей облыстық аурухана қайыршы құсап кәсіпкерлердің балондарына қарап отырсыңдар! Олар кислород әкелмегенде не болатын еді? Ойлау қорқынышты.
2. Балондарды даладан ішке кіргізіп, науқастарға уақтылы жеткізіп тұратын жалақы төленетін жұмысшылар алу.
Олардың графигін 6 сағат сайын ауысып тұратын ету. Себебі жұмыс ауыр және басқаларына қарағанда вирус жұқтыру қаупі жоғарырақ. Мысалы, балон тасығанда ауа өткізбейтін киімнен теріңіз көзіңізге құйылады, оны сүртесіз.
3. Кислородты балондарға көптеп редукторлар алып қою. Осыған дейін редукторларды біздің еріктілер өз ақшаларына алып жүрді.
4. Әрбір бөлімге жұмыс ұйымдастырушы координаторлар тағайындау, олардың міндетті түрде медициналық білімі болуы шарт емес. Ол адам балондардың кислородпен толтырылып әкелуін, оларды таситын жігіттердің жұмысын ұйымдастырып, бақылап және редуктор сияқты керек-жарақтың үзбей жеткізіліп тұруын қамтамасыз етуі тиіс.
5. Түн мезгілінде кезекші дәрігер таппайсыз, ал аурулар әдетте түнде қысылады. Сондықтан түнгі ауысымға дәрігерлерді көбейту.
Қиынба? Жоқ. Көп ми керек пе? Жоқ.
Ал сіздер бұлардың бірін де жасамағансыздар!!!
Сіздер мысалы 90 кг зілбатпан балондарды жоғарыға тасуды, науқастарға 32-лік гайкалық ауыр кілтпен жалғауды, босаған балондарды төменге түсіруді өрімдей жас нәзік медбикелердің мойындарына іле салғансыздар. Қалай ғана дәттерің барды бұған? Мен, спортпен шұғылданатын мығым жігіт қазір шаршап-талып, қозғала алмай отырмын 12 сағат балон тасудан! Мүмкін, 3 медбике жабылып жүріп, жоғарыға бір балон әкелді делікші, ал қалған науқастар ше? Өле бере ме? Ол жердегі науқастардың көбінің кислородты балонсыз 5 минут та отыра алмайтынын, өліп кететінін білмейсіздер ме сонда?!.
Бүгін, мысалы, жансақтау бөліміне қарт әжей түсті, дәрігерлер дереу құтқару шараларын бастап кетті. Кенеттен әжей демалып жатырған орталық кислород жүйесінде қысым азайып кетіп, әжей дем ала алмай қалды. Бір ғана амал қалды- кислородты балонға қосу. Қосайын десем, балон бар, редуктор жоқ. Дереу шаруашылық бөліміне соғып, редуктор жеткізуін сұрадық, ал олар қойманы кілттеп кетіп қалған (!). Әжей ауа жетпей қиналып жатыр, не істейміз? Мен бірнеше жүз метр жердегі басқа ғимаратқа жаным узыма тығылып, жанталасып жүгіріп барып, өзім бұрын көріп кеткен редукторды алып келіп жалғап үлгердім. Әжей бір өлімнен қалды-ау деймін. Ал қоймада редуктор толып тұр (!)
Енді ойлап көріңіздерші, қаншама адам осындай ұйымдастырудың нашарлығынан ауа жетпей өліп жатулары мүмкін ғой?!. Ал бұл менің тек бір түнде ғана көргенім!
Енді бізге, яғни еріктілерге келейік.
Біз қазір 2 жігіт күндіз, 2 жігіт түнде 12 сағаттан ауысып жұмыс жасап жүрміз (кислородты балон тасу, жалғау).
Елестетіп көріңіз күн сайын оттегі балонын ауа өткізбейтін киіммен демалмастан 12 сағат тасуды?!. Енді қалай ойлайсыздар, біз енді қанша күн шыдаймыз? 5 күн? 10 күн? Ал ресми ақпаратқа сенсек, ковид әлі бірнеше айға созылмақ. Және мысалы, жақында менің жұмысым, кезекті вахтам басталады, демек мүлдем ерікті болып жұмыс жасай алмаймын. Сонда мен күнде кислород апарып жүрген науқастар не болады? Тұншығып өле бере ме?
Қаншама үндеулер, жиналыстар, статистикалар, бәрі жақсы деген ақпараттар.... Ал іс жүзінде әжей аурухананың құлыптап кеткен қоймасында толып тұрған қарапайым редуктор жоқтықтан өліп кете жаздады!?.
Жоғарыда жазғандарымды қорытындылай келе айтарым, сіздер қаңтардан бері ковидқа қарсы күреске емес, "дәрігерлердің көңіл күйін көтеретін" салютқа дайындалғансыздар!
Бірнеше күн аурул ортасында болған адам ретінде астын сызып айтарым- Дәрігерлер мен Медбикелер, Санитар қыздар өз жұмыстарын жанкештілікпен атқаруда.
Бүкіл проблема ұйымдастыруды білмейтін басшыларда!
Ең болмаса, дереу менің жоғарыда жазған іс-шараларымды жасаңыздар, сонда қаншама адам өлімнен аман қалады!
Бұл салаға енді совоктық статисттар емес, кризис менеджерлер керек.
P.S. Өкінішке орай, біздің елде бұндай ауруханалар толып жатқан шығар...
Арман РАХМЕТ, "Қазақ үні" газеті