Джамалайл Элимханов: Біз өзге этнос өкілдерімен де қазақша сөйлесейік!
2020 ж. 01 шілде
2187
0
Бүгін, 1 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық онлайн конференциясы өтті.
Аталмыш шара ҚХА-ның 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасын жалғастырып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы жолындағы ерен еңбегін айшықтауға бағытталған.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты мақаласын талқылау және «Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау» тапсырмасын жүзеге асыруды көздейді.
Онлайн конференцияға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымының өкілдері қатысты.
Конференция жұмысына қатысушылар ZOOM конференц-платформасы және ҚХА-ның Фэйсбук желісіндегі ресми парақшасында көрсетілген тікелей эфир арқылы онлайн режимде қосылды.
Жиын барысында Ақтау қаласындағы «Емир-Ойл» ЖШС директоры, шешен этносының өкілі Элимханов Джамалайл мемлекеттік тілге қатысты ойларымен бөлісті.
- Баршаңыз ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетінде жарияланған мазмұнды сұхбатын оқып үлгердіңіздер деп ойлаймын.
Өз сұхбатында Президент елімізде қазақ тілі мәселесін қалай шешкен жөн екені туралы ойларымен бөліскен.
Әрине, біз Президенттің идеяларымен толықтай келісеміз және оларды жүзеге асыруға атсалысуымыз керек.
Осы орайда туған елімізде қазақ тілінің құлаш жаюына көмектеседі-ау деген ой-пікіріммен бөлісе кетсем деймін.
Әрине, шынтуайтында, ҚР-ның әр азаматы мемлекеттік тілді, ең алдымен, өз Отанына деген шынайы сезім мен сыйластық үшін үйренуі керек. Десе де, егер бір ғана патриоттық сезім жеткіліксіз болса, біз мұндай адамдардың қазақ тілін үйренуіне талпыныстар тудырып отыруымыз керек.
Қазақстанның ірі қалаларында мен осындай мәселемен бетпе-бет келдім. Барлығымыз қазақ халқының қонақжай екендігін жақсы білеміз. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында таксиге отырып, жүргізушімен диалогты қазақ тілінде бастасам, ол кісі менің өзге этнос өкілі екендігімді көріп, толеранттылығына (сыйластығына) байланысты әңгімені орыс тілінде жалғап кетеді.
Мұндай әрекет адамның қазақ тілін үйренуге деген талпынысын төмендетеді деп ойлаймын. Қазақша үйренем деп жүрген адам «онда орыс тілін білгенім жеткілікті ғой» деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Адамның ынтасы төмендеп, жалқауланып кетеді.
Осы ретте Маңғыстау облысының тәжірибесін пайдалануды ұсынамын. Маңғыстауда орыс тілін жетік меңгерген қазақ, басқа этнос өкілін көрген бетте әңгімені алдымен қазақ тілінде бастайды. Өзге ұлт өкілі орысша жауап бергеннің өзінде де, қазақ тілін түсінеді деген сөз. Сол себепті менің жерлестерім әңгімені әрі қарай қазақша жалғастырады. Осылайша, ол өзге этнос өкілін қазақ тілін үйренуге шабыттандырады.
Біз, қазақ халқы және өзге этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренгісі келетін жандарға осылай көмектесуіміз керек. Олармен қазақша сөйлесейік! Бұл оларды тіл үйренуге жетелейтін зор ынта тудырады деп сенемін.
Егер бәріміз де тек қазақша сөйлейтін болсақ, бізді естіп, үйренгісі келмейтін адамдар да, өздерін ыңғайсыз сезініп, тілге деген қызығушылықтары, құрметі оянып, үйренгісі келетін болады.