Қазақ тілін білмейтіндерді басшы етпеу керек - Қажымұқан Ғабдолла
2020 ж. 23 маусым
1650
0
Қазақтың бүгінгі ең ірі қаласы – Алматыдағы «Кітап қаласы» дүкеніне бардым. 99,9 пайыз кітаптар қазақты отарлаған орыстың тілінде...
Аты дардай, қазақшасы қылдай аракідік кітаптар сататын «Меломан» дүкендеріне кірдім. Кітаптардың 99,9 пайызы бөтен тілде – орыстың тілінде...
29 жыл жинаған ұлттық дүниеміз қайда?
29 жыл мақтанған ұлттық құндылығымыз қайда?
29 жыл дәріптеген дәргей-әрекетіміз қайда?
Теледидарларымыздағы (кабельдік, спутниктік т.б. желілер) қазақ тілінің үлесі небәрі 10-15 пайыздан аспайды. Басты партиямыз қайда қарап отыр?
Салалық министрлеріміз қашан оянады?..
Қазақ-орыс аралас мектептері неге толықтай және түгелдей жабылмайды? Қашанғы бұқпантайлаймыз? Білім министрі ағылшын тілін қоя тұрып, ең алдымен, мемлекеттік тілдің мерейін көтеруге неге кіріспейді?
Қазақтың құрамы елімізде 75 пайыздан асқанда тұғырына шығара алмаған Ана тілімізді қашан шығарамыз?
БІРІНШІДЕН, Мемлекеттік Тіл туралы заң қабылдап, Қазақ тілі – қажеттілік тілі болуға тиіс!
Мемлекеттік қызметте де, ұлттық құрылымдарда да, ірі кәсіпорындарда да Қазақ тілін білмесеңіз, қызметіңіз өспеуге тиіс.
Осындай жағдай жасау қиын ба? Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға Кім кедергі келтіріп отыр? Ондай қаскүнемдер Президент әкімшілігінде, Үкіметте неге отырады?Жамбылдың шаң басқан ауылында шыбықта шауып өскен майлыбаевтар ма, тілімізді кескен? Әлде, басқа қуатты қол ма? Ол кімнің қолы? Неге шауып тастамаймыз, Анамыздың тілін кесетін кесепатты?!.
Қазақ қалаларының көшелерінде орысша сөйлесіп бара жатқан қандас-құлдарға қашан тыйым саламыз?
Мектептердегі кіл қазақтар қатысатын жиылыстарда орысша сөйлегендерді неге жазаламаймыз?
Орыстануға тосқауыл қоймаған Сенат пен Мәжіліс депутаттарын, үкіметті неге жауапқа тартпаймыз?
ЕКІНШІДЕН, басымыздағы ойымызды тазалауымыз керек: «қазақтар – қазақша сөйлемейді» деген сөзді түбірімен құртуға тиіспіз.
Әр қазақ – қазақша сөйлеуге міндеттіміз, демек, еліміздіңі 75 пайыз халқы – таза қазақтар – қазақша сөйлейтін болады. Ал, қазақша білмеу – кемшілік, тіпті, мүгедектік секілді сезімдер туғызсын. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ: ана тілін ардақтауды құдайы қоңсымыз өзбектен үйренсек – өзегіміз өртеніп кетпейді...
Қазақ тілін білмейтін қазақты басшылық қызметке де, басқа қызметке де тағайындамау керек. Сонда ғана мансапқұмар бауырларымыз Бұқар жырауша бұрқыратады.
ҮШІНШІДЕН, әрбір қазақ – еліміздегі кез келген этнос өкілімен – қырғызбен, өзбекпен, әзірбайжанмен, түрікпен, украинмен, тәжікпен, түркіменмен, грекпен тағы басқалармен – қазақша сөйлессек, жалпы тұрғындардың келесі 10-15 пайызын қазақша сөйлетіп, қамтимыз. Бұл ұлт өкілдерінің бүгінгі күні, шамамен, 70-80 пайызы қазақша біледі және сөйлей алады. Бұл жерде мәжбүрлеудің, зорлаудың, қысым көрсетудің қажеті жоқ.
Сонымен, Қазақ елінің 80-85 пайызы Қазақ тілінде сөйлесек, әлгі теледидарың мен радиоторабың таза қазақша сайрап, дүкендердегі Ана тіліміздегі 99,9 пайыз кітаптарымыз сөрелерде сығылысып-симай тұратын болады...
Аяулы тілімізді тілгілемей, Анамыздан ұялайық та!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
Қазақ үні