Мемлекеттік тілге қатысты өзгеріске қоғам толығымен дайын - сенатор
2020 ж. 29 мамыр
3284
0
Мемлекеттік тілдің мәселесі тек заңды өзгерту жолымен ғана шешіледі
Сенатор Мұрат Бақтиярұлы мемлекеттік тілдің мәртебесін тек заңды өзгерту жолымен ғана көтеруге болатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Былтыр желтоқсан айында Мұрат Бақтиярұлы бастаған бір топ сенатор мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдаған болатын. Депутаттар жаңадан мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керектігін көтерген еді.
«Мемлекеттік тіл мәселелесіне қатысты Үкіметтен жауап болды ма?» - «ANTIKOR ORTALYǴY» алаңындағы «AANTIKOR.LIVE» жобасы аясында Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлына осы сұрақ қойылды.
«Депутаттық сауалға жауап берілді. Жауап бойынша 2025 жылға дейінгі мемлекеттік тіл бағдарламасы қабылданып, сол кезеңде заңды өзгертеміз дейді... Қазір мемлекеттік тілге байланысты хатқа қоғамда қол жинау басталды. 200 мыңға жуық адам қол қойған. Сондықтан бұл мәселені өркениетті жолмен шешуіміз керек. Бұған арнайы комиссия құрмай-ақ, Конституцияның 7-ші бабындағы ресми тілге байланысты мәселені қарауымыз керек», - деді сенатор.
Мұрат Бақтиярұлының айтуына қарағанда, елімізде орыс немесе өзбек тілділер газет, театр, ақпарат құралдарының жұмысын жалғастыра бере алады.
«Жасырмаймыз. Бұл - өркениетті елдердің бәрінде бар. Мемлекеттік тілдің мәселесі тек заңды өзгерту жолымен ғана шешіледі. Меніңше, қоғам, мемлекет оған қазір дайын. Мысалы оңтүстік пен батыс өңірлердің (үш-төрт облыстан басқаның бәрінің) іс-қағаздары, жиналыстары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Алматы облысынан бастап Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Жамбыл – бәрі де мемлекеттік тілге көшіп кетті», - деді сенатор.