САҒЫНҒАН САРЫ ДАЛАСЫН, ҚАРСЫ АЛДЫ ХАЛЫҚ БАЛАСЫН
2012 ж. 02 қазан
2364
0
“Қазақта ақын көп. Ақынмын деп жүргендер одан да көп. Талантты деп жүргендерiмiздiң барлығы бiрдей шын ақын емес. Егер ол елiнiң жоғын жоқтай алмаса, мұңын мұңдай алмаса, ұлтының ұлттық құндылықтарын сақтап қалуда батыл қадамға бара алмаса оның несi ақын?! Әдебиет пен мәдениеттi көкке көтеру үшiн, тiл мен дiлдi сақтап қалу үшiн күреспеген ақынның тiрлiгi–сөзi мен iсi қабыспаған зиянды жанның тiрлiгi. Ел дегенде, жер дегенде, намыс дегенде өзiндiк ұстанымы бар, қалыптасқан, айнымас көзқарасы бар ақын–шын ақын. Сондай шын ақындардың бiрi – осы Қазыбек. Менi талай ақындар осындай тойларына шақырған. Ел қиналып жатқан бiр кездерде еңкейiп-бұғып қалған олардың тойына барғаным жоқ. Ал, Қазыбектiң тойына келiп тұрмын. Мен оны ел дегенде еңiрей алатын, жер дегенде жүрегiн жұлып бере алатын азаматтығы үшiн сыйлаймын. Осындай ұлды туған Сiздердi де сыйлаймын”.
Бұл – шығармамыз шымыр болу үшiн ойдан шығарылған сөз емес. Жерлесiмiз, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерi, республикалық “Жас қазақ үнi” газетi редакторлар кеңесiнiң төрағасы, “Құрмет” орденiнiң иегерi Қазыбек Исаның 50 жасқа толған мерейтойына орай ұйымдастырылған “Сырымды айттым далаға” атты кездесу кешiнде әйгiлi ақын, халық жазушысы Мұхтар Шахановтың айтқан сөзi.
Қазақтың жыр сүйер қауымының қазығына, Алаштың айбарына айналған арқалы ақынның қасында қазақ поэзиясына Көк Түрiктердiң сарынын салып жүрген темiр мiнездi, от ауыз, орақ тiлдi Темiрхан Медетбек, онсыз да қалжыңқұмар қазаққа әдемi, ойлы, әрлi әзiлдерiмен әр берiп, сатирамызға сән берiп жүрген Көпен Әмiрбек, “Оңтүстiк жаққа келсеңiз, теңiзге соқпай кетпеңiз” деп Шардара жайлы шыр-пыры шығып жырлап жүрген талантты ақын Қасымхан Бегманов, бар болмысымен, жан-тәнiмен Шәмшi Қалдаяқовтың рухани iзбасары-шәкiртi атанып жүрген әйгiлi сазгер Қалдыбек Құрманәлиевтердiң болуы жерлесiмiздiң әдеби ортада қандай орын алатындығын әйгiлеп-ақ бергендей болды.
Шағалалы өлкеге түс ауа табан тiреген ақындар тобы әуелi қала орталығындағы әйгiлi үш бидiң және мәдениет үйiнiң алдындағы ұлы Абай- дың ескерткiштерiне гүл шоқтарын қойып, тағзым еттi. Мәдениет үйiнiң фойесiнде ұйымдастырылған арнайы көрменi тамашалаған өнер саңлақтары Шардара тарихынан, ақынның өмiр деректерiнен мол мағлұмат алды (көрменi аудандық тарихи өлкетану мұражайы ұйымдастырыпты).
Сылдырап аққан Сырдың шағаласынан сыр тартқан, қыдыр қонған Қызылдың құмында бүр жарған қызыл жыңғылдың гүлiнен жыр тапқан ақынның мерейтойының ашылу салтанатында сөз алған аудан әкiмiнiң орынбасары Б.Мүтәлиев мерейгерге аудан әкiмi атынан Құттықтау хатын табыстап (осы iс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған аудан әкiмi Қ.Айтөреев белгiлi себептерге байланысты кездесуге келе алмады), иығына оқалы шапан жапты.
Ресми құттықтаулар барысында “Нұр Отан” ХДП аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат хатшысы Т.Бердiбеков, аудандық ардагерлер кеңесi атынан Қызылқұм ауылының биi Бегайдар Смайылов, аудандағы ақындардың атынан белгiлi ақын, облыстық ақындар жыр мүшәйрасының жүлдегерi, I.Жансүгiров атындағы сыйлықтың лауреаты Тұрғанбек Қанаевтар ақынға деген құрметтерiн бiлдiрдi, сый-сияпаттар табыстады. Ақын ұлдарының жыр кешi өтедi дегендi есiтiп, Мақтаарал өңiрiнен бiр топ делегацияны бастап келген Тойым Жүнiсов, Бегiм Серiков, Омарбек Нұржанов секiлдi ел ағалары да елдiң атынан жылы лебiздер айтты.
“Ауылын аңсап ақын келедi” дегелi аудан оқушылары арасында мәнерлеп оқудан ақын шығармашылығының онкүндiгi өткiзiлген болатын. Осынау жыр кешiнде аталған онкүндiк қорытындысы бойынша үздiк деп танылған жастар ақын ағаларының алдында арқа-жарқа болып жыр оқыды. Ақын ағаларының жас оқырмандарына сыйлықтар табыстап, iлтипат бiлдiруi де жарасымды көрiндi. “Болмасаң да ұқсап бақ...” деген осы екен-ау дедiк iштей.
Көсемсөздiң Керқұласы – Көпен келiп тұрғанда басқамыз несiне кеш жүргiземiз. Кеш жүргiзу тiзгiнiн К.Әмiрбек пен Қ.Бегмановтар өз қолдарына алған соң көрерменге лық толған залдың iшi күлкiге көмiлiп жүре бердi. М.Шахановтың қадау-қадау ойларына Т.Медетбектiң мiнездi сөздерi қосылған соң қалай қаның қызбас?! Қызба мiнездi Қ.Құрманәлиевтiң Қазыбекке айтқан “нағашылық” назына неге күлмеске?! Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, белгiлi әншi Жұбаныш Жексенұлы Қ.Исаның сөзiне жазылған Қ.Құрманәлиевтiң “Шағаласы Шардараның” атты әнiн нақышына келтiре орындап жатса, неге шатырлата шапалақ ұрмасқа?! Тағы да жерлесiмiздiң сөзiне жазылған Б.Өскенбектiң “Жан ана” әнiн алматылық жерлесiмiз, әншi Дiнмұхамед Iзтiлеуов иiнiн қандыра орындап жатса неге қошемет көрсетпеске?! Аудандық мәдениет үйiнiң әншiлерi орындаған Қ.Исаның сөзiне жазылған Б.Тұрғараевтың “Құдаша қызын” қаның қызбай қалай тыңдайсың?!
“Керiмсал”, “Қызыл жыңғыл”, “Тәттi шөл” атты жыр жинақтарын шығарып үлгерген ақынның өзi әр бөлiмде арқалана жыр оқығанда делебең қозбай қалай отырасың? Көптен бәрi дәл осындай жыры мен сыры тоғысқан, сезiмiңдi селдетiп, көңiлiңдi көлдетiп жiберетiн кештi шардаралықтар да аңсап-ақ қалған екен, кездесудiң өне бойында өнер адамдарына қолдау-қошемет көрсетiп отырды. Ақынның тойында ақын неге арқаланбасын. Бұл кештiң тағы бiр ерекшелiгi – ақын мерейтойына орай жерлес жазба ақындар арасында жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. “Шаянға барса, әншiмiн демес кiм-кiмде, Шардара барса, шайырмын демес бұл күнде,”–деп Қ.Исаның өзi айтқанындай, шайырларымыз аз емес екен. Мүшәйраға “мен қатысамын“ деп 23 ақын тiлек бiлдiрiптi. Белгiлi себептермен келе алмай қалғаны қаншама? М.Шаханов бастаған қазылар алқасының шешiмiмен Шардара аудандық “Өскен өңiр“ газетiнiң қызметкерi Қ.Өтеш, қызылқұмдық Қ.Шәметов, Т.Қанаевтар III орын иегерлерi деп танылды. Белгiлi жыршы-термешi Ә.Айдаров пен №3 дарынды балаларға арналған мектеп-интернат мұғалiмi А.Сламовалар II орын- ға лайық болды. Алатау батыр ауылы- ның тұрғыны, зейнеткер Ж.Орын- басаровтың шығармасы I орынды иелендi. Аудандық басылымның бас редакторының орынбасары С.Лахановтың жыры Бас жүлденi жеңiп алды. Өзге де ақындарымыз түрлi дәрежедегi номинацияларға ие болды. Елiмiздiң бас ақындарының алдында жырларын осылайша бiр сынатқан шайырларымыз да шат-шадыман қуанышқа кенелiп жатты. Ал белгiлi асаба, әуесқой сазгер Әкiм Мұсақұловтың аудан көлемiндегi қылқалам шеберлерi атынан ақынның иығына шапан жабуы тiптi үйлесiмдi көрiндi. Ал, ақынның өзi ұстаз санайтын белгiлi ақын, А.Иманов жалпы орта мектебiнiң директоры Н.Ибрайымның шәкiртiне жырмен “шағынуы” ұстаздың сағынуындай көрiндi.
“Сырымды айттым далаға” деп, даласын аңсап келген баласын халық та бауырына басты, алақанына сал- ды. “Тойыңа тарту” деп тойда ат мiнгiзбейтiн қазақ бар ма? Осы күнi Қазыбек Иса да ат мiндi. Қазiргiнiң аты –“темiр тұлпар“. Алаштың алдыңғы толқынынан “Азамат“, “Ақын“ деген ат алған ұлдарынан жерлестерi несiн аясын. Су жаңа “темiр тұлпардың“ кiлтiн қолына бердi. Жарасымды. Арзиды. Сөзiңдi бiреу сөйлесе, жоғыңды бiреу жоқтаса, мұңыңды бiреу мұңдаса, қошемет етпей не етерсiң?! Дәл осындай кездесу кештерi 19 қыркүйекте ақынның өскен жерi Қоссейiт ауылы мен Қызылқұм ауылында өз жалғасын тапты. Қоссейiт ауылындағы ол мектеп табалдырығын аттап, 8 жыл оқыған Сырдария жалпы орта мектебінде ақын атындағы сынып ашылса, ал мектеп бітіріп, ұстаздық қызмет атқарған Қызылқұм орта мектебiнде Қазыбек Иса атындағы қазақ тiлi мен әдебиетi пәнінің кабинеті өз тұсауын кестi. Ақынға ауылдастары ат мінгізді.
Одан кейiн олар Арыстан бабқа түнеп, Арыс, Түркiстан қалаларында да өз оқырмандарымен жүздесті. Ал, 21-қыркүйекте облыс орталығы–Шымкент қаласында Ш.Қал- даяқов атындағы филармониясында үлкен жыр кешi өтті. Тағдыр сенi тiзеңнен сүрiндiрсе де, тiлiңнен сүрiндiрмесiн! Ақынның күшi–тiлiнде!