Қазыбек Иса. ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОЛДАУШЫЛАР ҮШ КҮНДЕ 30 МЫҢНАН АСТЫ!
2020 ж. 13 сәуір
4110
0
ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ - ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ!
"Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек!"
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Қазір ең басты зор майдан - Мемлекеттік Тіл туралы заңды талап ету болып тұр! Үш күнде 30 мыңнан астам қол қойылды! Бұл бұрын-соңды тарихта болмаған, бұрынғы межелерден 250-еседей көп зор рекорд! Бұл үшін Әрбір қол қойған және осы қасиетті істе қайрат көрсеткен азаматтарға, барлық Қазақтың қайсар қырандарына алғысымыз шексіз! Алашқа Алла жар болсын! Үш күннен бері 30 мыңнан аса қол жинаған "Қазақ үні" сайтына шабуыл жасаушылар енді елдің ерекше қарқынынан қорқып, енді қол қою функциясына шабуыл жасап жатыр! "Қазақ үні" сайтының қол қою үшін ашылған қосымшасы Qol.kz сайтына шабуылдап, әдейі бір адамды оншақты рет қайта-қайта жіберуде. Белгілі тұлғалардың атын жазып, қызметін қылжақтап, тізімге сенімсіздік тудыру үшін қолдарынан келген кедергілерді жасап бағуда! БҰЛ БАРЫП ТҰРҒАН АРАНДАТУ! "Қазақ үні" сайты техредакторлары бұл кедергілерді жойып, енді Ашық хатты іздегендер сайтқа кіргенде бірден басты беттен таба алады! Сонымен бірге сайттағы кез келген мақаланы бассаңыздар да, "МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!" атты Ашық хат шыға келетіндей етіп жасап қойды. Осындай кедергілер арқасында 5-6 мың дауыстан айырылдық! Мейлі, соның өзінде үш күнде Қол қойғандар саны 30 мыңнан асты! Күніге 10 мыңнан кем болмай тұр! Осы қарқыннан таймайық, арыны айбатты, қарымы қайратты ағайындар! Серіппені басқан сайын, қайта қатты серпіледі! Ұлттық мүддеміз -Қазақ тілін -Мемлекеттік тілді - Мемлекеттіік мүддемізді талап еткен Қазақ Елінің қайтпас күрескерлері қай жақтан болсын қаншама шабуыл, тосқауылдар, қатты қысымдар болса да, қайта ширығып, қайралудан қайрат жинап, қарқынды қарекетін күшейте береді! Сертке суарылған семсердей, серпінін таныта береді деп сенеміз! Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Халыққа алғашқы жолдауында: "Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек" деп мәлімдеді! Мемлекет басшысы Мемлекеттік тілді қолдап тұрғанда, Мемлекеттік тіл туралы заңымызды қабылдап алуымыз керек халайық! Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдауға қарсылар мемлекеттік қызметте, билік бұтақтарындағы шешуші жауапты лауазымдарда әлі көп! Сондықтан әдеттегідей көптеген кедергілер жасалуда және жасала береді. Бұған қарсы тұру үшін халықтың осындай қамал бұзар қатты қарқыны, қайрат танытар біртұтас бірлігі керек! Бәріміз де Қазақ тілі үшін Қайрат-жігер танытайық! Қазақтың Тілі мен Жерін сақтайық, сатпайық! СІЗ ТІЛДІ ҚОЛДАП, НЕШІНШІ БОЛЫП ҚОЛ ҚОЙДЫҢЫЗ? Қазақтың қазіргі амандасуы осылай болуы керек! Алаш Еліне Алла жар болсын! Қазыбек ИСА СІЛТЕМЕЛЕР: Мемлекеттік тіл туралы заңды қолдап, ҚОЛ ҚОЮ ҮШІН "Қазақ үні" сайтының сілтемесіне өтесіздер: https://qazaquni.kz/2018/09/05/65363.html Қол қою үлгісін түсінбесеңіздер, қазақ тілін қорғаушы қайсар күрескер Оғыз Доған бауырымыздың ютуб арнасынан ВИДЕО/НҰСҚАУ көре аласыздар: Қазақ тілін қорғап, қолдау жасап жатқан "ТАРИХ ОНЛАЙН" арнасы тарландарына да мың алғыс!