Қазыбек Иса. ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОЛДАМАЙТЫНДАР - ҚАЗАҚТЫ ДА ҚОЛДАМАЙДЫ!
2020 ж. 12 сәуір
6592
0
ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОЛДАП 25 МЫҢ ҚОЛ ЖИНАҒАН "ҚАЗАҚ ҮНІНЕ" ШАБУЫЛ КҮШЕЮДЕ!
Қазыбек Иса. ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОЛДАМАЙТЫНДАР - ҚАЗАҚТЫ ДА ҚОЛДАМАЙДЫ! ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОЛДАП 25 МЫҢ ҚОЛ ЖИНАҒАН "ҚАЗАҚ ҮНІНЕ" ШАБУЫЛ КҮШЕЮДЕ! Осыдан 16 жыл бұрын 2004 жылы 8 ақпанда Қазақ Парламенті Қазақ Тіліне қарсы дауыс берді! Сол кезде мен "Жас Қазақ үні" (қазіргі "Қазақ үні) газетіне "Мемлекеттік тілді табанға таптаған Парламент таратылсын!" деген мақала жазып, Қазақ тіліне қарсы шыққан депутаттар тізімін жариялап жіберуіміз қоғамда сең қозғаған сенсациялық оқиға болып, халық дүр сілкінді! Елдің бас газеті "Егеменде" әйгілі Шерхан Мұртазаның, Шерағаңның өзі "ӨЗ ЕЛІНДЕГІ ӨГЕЙ ТІЛ" атты мақала жазып, "Кімнің Кім екенін, кімнің Қазақ тіліне қарсы, кімнің жақ екенін "Жас қазақ үні" газетінен оқып білесіңдер" - деп, күркіреген зор дауысымен жар салды! Ал қаламгерлер басылымы "Қазақ әдебиеті" газеті: "Жас Қазақ үні" бір ғана мақаласымен-ақ қалғып жатқан қалың жұртты оятты!"-деп жазды. Жазушылар Одағына жиналған бүкіл зиялы қауым Сенат пен Мәжіліске Қазақ тіліне қарсы шыққан депутаттарды мандатынан айыруды талап етіп Ашық хат жазды. "Қазақ үні" жариялаған "Қаралы тізімді" барлық басылымдар (ол кезде сайттар жоқ өкінішке орай) көшіріп басып жатты! Бұл атышулы оқиға туралы сол кездегі Мәжіліс депутаты, парламентте қаралып жатқан депутаттар туралы заңға "Ұлты қазақ депутаттыққа кандидаттар қазақ тілін білуге міндетті" атты бапты ұсынушы қоғам қайраткері Амангелді Айталы ағамыз кейін "Қазақ десе қаны қызатын Қазыбек" атты мақаласында: "Парламент Қазыбек Исаның бір мақаласына бола қаулы қабылдады. Бұдан кейін парламенттегі дауыс беру стенограммасы құпия ретінде сыртқа шығарылмайтын ереже енгізді"-деп жазды! Сол жылы Қырғыз еліндегі елшілік қызметін тәмамдап келген ақиық ақынымыз Мұқтар Шаханов бірден Ұлт мүддесін қорғауда тізгінді қолға алып, "Мемлекеттік тілді қорғау" қозғалысын құрып, бәріміз бір жерден табылдық! 2011 жылы да Конституциядан орыс тілін алып тастап, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен әйгілі 138-дің Ашық хаты жарияланып, қоғам тағы дүр сілкінді! Мұқтар Шаханов бастаған ұлт мүддесін қорғаушылар Алматыда Мемлекеттік тілді қорғау митингісін өткіздік. 5 мыңдай адам жиналған "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы алаңға абызымыз Әбдіжәміл Нұрпейістен бастап, қазақтың барлық зиялы қауымы жиналды. Сол кездегі менің митингіде сөйлеген сөзімнің видеосын 100-ге жуық сайт көшіріп қойды. Көшіріп салғандардың ішінде бір қызығы, Ресейдің Кеден комитеті бастаған сайттары да болды... Сол кезде де ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАНДАР ОРЫСТІЛДІ ҚАЗАҚТАР БОЛДЫ! Қайта өзге ұлт өкілдерінің біразы қазақ тілін қолдаған Ашық хатқа қол қойған болатын. (Олардың тізімі "Қазақ үні" сайтында тұр.)Билікте Ашық хатымызға Президент кеңесшісі Ертісбаевтар бастап қарсы болса, биліктің қазақ тіліне қарсы сөзін айна-қатесіз қайталаған Мухтар Аблязов бастаған оппозициядағылар да Қазақ тіліне қарсы шықты. (Айтпақшы, Аблязов сол 2011 жылы Қазақ тіліне қарсы шығып, Ресей тілін барынша қорғаған хатындағы сөзін таяда тағы да қайталады. Ол Қазақ тіліне қарсы хатқа қазір өздерін "оппозиция" санайтындардың көбісі қол қойған, олардың да тізімі "Қазақ үні" сайтында тұр.) Менің кейін журналистер арасында қанатты сөзге айналып кеткен "Біздің орысқұл биліктен айнымайтын орысқұл оппозициямыз бар" деген сөзім сол кездегі митингіде айтылған болатын.
Яғни, көзі ашық, көкірегі ояулар білуі тиіс бір ғана айқын формула бар: Билікте болсын, оппозицияда болсын, Қазақтың тілінде сөйлемейтіндер, ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ОЙЛАМАЙТЫНДАР- ҚАЗАҚТЫ ДА ОЙЛАМАЙДЫ! ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОЛДАМАЙТЫНДАР - ҚАЗАҚТЫ ДА ҚОЛДАМАЙДЫ! Қазір де Қазақ тілін талап еткен Ашық хатты жариялаған "Қазақ үні" сайтына да, бізге де шабуылдар күшеюде. Оны фейсбук желісіндегі Қазақ тілінің жекедара Мемлекеттік тіл болуына жан-тәнімен қарсылар қоздыра бастады... Енді халық тағы қайта оянды! Зор қарқынмен оянып, қатты қайрат танытуда! Бұл мен білетін, өзім араласқан үшінші рет Мемлекеттік тілді қорғап халықтың бас көтеруі! Ер кезегі үшке дейін! "Бұл біздің ақырғы зор майдан" әніндегідей енді қапы қалмауымыз керек! Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Халыққа алғашқы жолдауында: "Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек" деп мәлімдеді! ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысында Президент Тоқаевтың алдында Конституциядан 7 баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау мәселесі көтерілді! Мемлекет басшысы Мемлекеттік тілді қолдап тұрғанда, Мемлекеттік тіл туралы заңымызды қабылдап алуымыз керек халайық! Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдауға қарсылар мемлекеттік қызметте, билік бұтақтарындағы шешуші жауапты лауазымдарда көп кездесетіндіктен, көптеген кедергілер жасалуда және жасала береді. Сондықтан халықтың қатты қарқын танытып, қайрат көрсететін біртұтас бірлігі керек! Бәріміз де Қазақ тілі үшін Қайрат-жігер танытайық! Қазақтың Тілі мен Жерін сатпайық, сақтайық! СІЗ ТІЛДІ ҚОЛДАП, НЕШІНШІ БОЛЫП ҚОЛ ҚОЙДЫҢЫЗ? Қазақтың қазіргі амандасуы осылай болуы керек! Алаш Еліне Алла жар болсын! Қазыбек ИСА Толық нұсқа сілтемеде: https://qazaquni.kz/2020/04/12/112366.html СІЛТЕМЕЛЕР: Мемлекеттік тіл туралы заңды қолдап, ҚОЛ ҚОЮ ҮШІН "Қазақ үні" сайтының сілтемесіне өтесіздер: https://qazaquni.kz/2018/09/05/65363.html Қол қою үлгісін түсінбесеңіздер, қазақ тілін қорғаушы қайсар күрескер Оғыз Доған бауырымыздың ютуб арнасынан ВИДЕО/НҰСҚАУ көре аласыздар: Қазақ тілін қорғап, қолдау жасап жатқан "ТАРИХ ОНЛАЙН" арнасы тарландарына да мың алғыс! Фейсбуктағы сілтемесі: https://www.facebook.com/100001908576595/posts/3698674773539439/?d=n