БОКС БЕКЗАДАСЫ БЕКЗАТ
2020 ж. 05 сәуір
3813
0
Бүгін БОКС БЕКЗАДАСЫ БЕКЗАТТЫҢ туған күні!
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қазақ Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов тірі болғанда қырық жасқа толар еді!..
Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов пен Олимпиаданың күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдабеков екеуі 2000 жылы Сиднейден жеңіспен оралған кезде қалың елмен бірге қарсы алғанымыз бар еді. Екі бауырым да «көкелеп» алтын мен күміс медальдарын мойныма таға салып, екеуі екі жағымда тұра қалып, суретке түскеніміз бар. Ол сурет кейін белгілі ақын, баспагер Темірғали Көпбаев пен өмірден ерте кеткен дарынды жазушы Есжан Айнабек екеуі құрастырған «Бекзат» атты көлемді де, көркем кітап-альбомда жарияланды.
Бекзат Олимпиада финалында 1999 жылғы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуареспен шайқасты. Американың бокстан маңдайына басқан жалғыз үміті Рикардо Хуарес финалға 1996 жылғы Олимпиада чемпионы, тайландық Самлук Камсингті, Еуропа чемпионы, ресейлік Камил Жамалутдиновты жеңіп шыққан белгілі боксшы болатын. Ал Қазақ Бекзат Саттархановтың есімін бұған дейін ешкім естімеген еді...
Алашты Алла қолдап, Бекзат америкалық апайтөсті айқын басымдылықпен, 22:14 есебімен тізе бүктіріп, Қазақ Елінің 20 жыл күткен Олимпиада алтынын алып берді.
Сол жылы енді ғана алғашқы нөмірлері шыға бастаған "Қазақ үні" газетінде (ол кезде "Жас қазақ үні") жазып едік, тағы да қайталап өтейік. Бекзат туған 1980 жылы Мәскеуде балуан Жақсылық Үшкемпіров тұңғыш қазақтың Олимпиада чемпионы атанды. Сонымен бірге әйгілі қазақ боксшысы, Кеңес Одағы құрамасының капитаны Серік Қонақбаевтың алып тұрған алтыны саясаттың салқынымен капиталистік елдерден жалғыз келген италиялық Патрицио Оливаға сусып кетті. 300 миллиондай тұрғыны бар Кеңес Одағы түгел жанкүйер болған Олимпиаданың ақтық сайысын теледидарға телміріп көріп отырған Бекзаттың анасы Сырлыкүлдің қолдан шығып кеткен қазақ алтынына қамығып, көзінен аққан жасы тербетіп жатқан бесігіндегі Бекзаттың бетіне тамып кеткен еді. Содан 20 жыл өткесін Бекзат ата-анасының ғана емес, Алты Алаштың арманын орындап, алтын алқамен оралды.
Қазақтың төрт боксшысы бірдей финалға шыққан Сидней Олимпиадасында Ермахан Ибрайымов та алтыннан алқа тақты. Қазақтың бокстан тұңғыш әлем чемпионы Болат Жұмәділовке төрешілердің төрелігі әділ болмай күмісті иеленді. Ауыр салмақта тұңғыш Олимпиаданың күміс медалына мұзбалақ Мұқтархан Ділдабеков ие болды.
Сол кезде Алматыда Республика сарайында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі орынбасары Ислам Әбішевтің бастамаларымен облыс түлектерінің «Туған жерге тағзым» атты шарасы өтті. Ол кештің бас кейіпкерлері Оңтүстіктен шыққан Олимпиаданың қос бахадүрі Бекзат пен Мұқтархан болды.
Сол кездегі Бекзаттың келісті келбетіне қарасаң, қатты риза боласың! Қасиетті Түркістанда туған, Алланың қазаққа бере салған Ақиығының ұяңдық кетпеген балаң жүзі имандылықпен нұрланып тұратын. Ол сонда өзінің еліне қандай тарихи ерлік жасағанын толық сезініп те үлгермеген болатын.
Кешке Республика сарайында екі Олимпиада оғланы да сөз сөйлеуі керек еді. Бекзат маған: "Көке, кешке сөйлейсің дейді, сөз жазып бересіз бе?"-дейді қысыла күлімсіреп.
3 мың адам жиналған Республика сарайында Бекзат ел алдында сөйлегенде, жазып берген сөзбен шектеліп қалмай, толғанып тұрып, шын жүректен шынайы тілегін жақсы жеткізе білді.
Мен осы шарада Туған жерге арнау жыр оқыдым. Мұқтарханның Олимпиаданың жартылай финалында Кубаның атағы жер жарып тұрған боксшысы, өзінен де зор денелі, алпамсадай Алексис Рубалкабаны ауыр соққымен
ұрып құлатып, есеңгіретіп тастап, жеңгені аңызға айналып кеткен еді.
Осыған байланысты өлеңімнің арасында Мұқтарханға арнаған бір шумақ бар еді. Ұмытпасам:
Сайыста жеңіп алуанын,
Атандың күміс жұдырық!
Кубаның түйе балуанын,
Құлата салдың бір ұрып!-
деген шумақты оқығанда, кең сарайда толып отырған ел ду қол шапалақтап тұрып алып, ақыры Мұқтарханға орнынан тұрып, көпшілікке ізет көрсетуіне тура келген еді...
Олимпиададан кейін Бекзат бүкіл елдің ыстық ықыласына бөленіп, қазақтың кең құшағында еркелеп жүрді. Бірақ ғұмыры Алланың жазуымен тым қысқа болды... өкінішке орай...
Сол кезде жаңадан ашылған біздің "Қазақ үні" газетінің өзіне Бекзатқа арналған көптеген ризалық хаттар келетін. Сол хаттардың ішінде бір жас қыздың хаты ерекше болды. Аты қазір есіме түспей тұр, жас қазақтың аруы Бекзатқа деген махаббат сезімін білдіріп жазған еді. Біз оны жариялай салмай, ұстап қалдық. Ондағы ойымыз, алда Бекзаттың өзінен сұқбат алғанда осы хатты оның өз қолына тапсырып, сол кезде жариялау еді. Бірақ ол ойымыз орындалмай қалды... Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы сол жылы жаңа ғасырға жарты сағаттай уақыт қалғанда өмірден озып кете барды...
Кейін ол қыздың хаты белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі ұйымдастырған Бекзатты еске
алу кешінде оқылды. Кешті жүргізушілердің бірі, әйгілі әнші-актриса Айгүл Иманбаева Бекзаттай дарабозға ғашық болған жас арудың нәзік жүрегінің дүрсілін дүйім елге жеткізді...
Жақында қазаққа Бекзаттай баһадүр сыйлаған әкесі, ардақты Сейілхан ағамыз да, дүниеден өтті... Алаштың бағы болған аймаңдай ұлының соңынан іздеп кетті... Алды пейіш, арты кеніш болғай деп, Сырлыкүл жеңгемізге, отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтамыз.
Иә, бүгін 4-ші сәуірде бокс бекзадасы Бекзат Саттарханов тірі болса, қырық жасқа толар еді...
Пейіште нұры шалқи берсін асыл бауырымыздың!
Бекзаттың Жеңісті жолын қуған қазақтың дарабоз ұлдары көбейе бергей деп тілейміз.
Қазақ Елі аман тұрғанда, Бекзат есімі ардақтала беретіні анық.
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні"