САТИРА САРДАРЫ
2020 ж. 29 наурыз
4819
0
Көпен көкемді мен ең алғаш "тірідей" сексенінші жылдардың аяғында көрдім. Сол кезде Алматыда жас ақын-жазушылардың Респубикалық "Жігер" фестивалы дүрілдеп өтетін. Соған Оңтүстік Қазақстан облысынан Әкім Ысқақ екеуміз келген едік. Көпен ағамызбен жақын танысуға себеп болған інісі, досым Базарбек Түкібай мен сол кездегі жанып тұрған сатирик, бүгінде өзі де алпыстың асуына шығып отырған белгілі қоғам қайраткері Әкім Ысқақ еді.
Көпекеңнің "Нива" мәшинесі бар екен. Жазушылар одағынан шығып, сол мәшинеге мініп, Әуезов-Тимириязев көшелері қиылысындағы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі мейрамханаға келіп отырғанбыз. Көпекеңнің тек алдыңғы екі есігі ғана ашылатын көлігіне мініп-түсіп жатқанымызда ағамыз: Әйгілі сатирик Садықбек Адамбеков көкем осы мәшинеме бір мінгенде: " мынауың құйрықтан бір теуіп мінгізіп, сақалыңнан сүйреп түсіретін көлік екен" деді деп, бәрімізді бір күлдіріп алған еді.
Өзінің де тілінің тікені бар сықақшы Базарбек Түкібай 90-шы жылдары Алматыдағы біз тұрған 10-шы ықшамаудандағы шағын базарға директор болып істегені бар еді. Сол кезде "Тіршілікке икемің жоқ, боссың, Ерсұлтан інің секілді тастүйнек болмайсың ба" деп үнемі ұрсып отыратын Көпен ағасына жетіп барып, желпініпті: "базарға директор болдым" деп, мақтау дәметіп. Сонда Көпекең інісіне шегір көзімен шегедей қадалып: "Алаяқ болыпсың ғой"-деген екен.
Осыдан он жыл бұрын Көпен ағамның Отырардағы 60 жастағы тойына қатысып қалдым. Сол кезде кезегімен маған да сөз бергенде көкеме арнап суырып салғандай экспромт жыр оқып бердім. Көпекеңе бұл арнау қатты ұнап сұрағасын, уақыт тауып сол жерде бір парақ қағазға апыл-ғұпыл түсіріп, жазып бере салғанмын - содан ол өлең қайтып өзімнің қолыма түспеді...
Көпекең алпыс бесінде жас жеңгемізден Жұбаныш атты ұл сүйіп, ініміз бір жасқа толғанда Астанада дүрілдетіп тұсаукесерін жасады. Іссапармен Алматыда болып, келе алмай қалған мен:
Жақсылықтар жеткізсін жыл құсы көп,
Жүйрік тұлпар өзіңдей жүр кісінеп!
Көпен аға, көп жасап, көктей бергін,
Көбейтудің көрнекті үлгісі боп!-
деп, бір шумақ өлеңмен Фейсбук парақшама құттықтау жарияладым. Бұл бір шумақ өлеңді Көпекеңе ертеңіне үйіне құттықтауға келгенде, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткер, қазір бір жылдан аса абақтыда жазықсыз жаламен отырған Ислам Әбішев оқып беріп, риза етіпті.
Ислам Әбішев демекші, Көпен ағамыз Исекеңнің сотына жиі барып, қолдау жасап келеді. Кезінде Исекеңнің көп жақсылығы мен сыйын көрген көп ақын-жазушылар, тіпті кейбір достары төбесін көрсетпей, жоғалып кеткенде, Көпен Әмірбек көкеміздің бұл адамгершілігін үлкен азаматтық деуге болады.
Сондай-ақ ұлттық мүддемізді қорғау жолында да ағамыз үнемі қайрат көрсетіп, үн қосып келеді. Кез келген келеңсіздікті бір ауыз сөзімен қылыштай қиып түсіріп, шындығын айтып салып отырады.
Ақиқаттың ақ туын ешқашан қолынан түсірген емес.
Мен елуге толғанда Оңтүстік сапарында Мұқтар Шаханов, Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Көпен Әмірбек, Қасымхан Бегманов, Қалдыбек Құрманәлі, Жұбаныш Жексенұлы және тб бірге жүріп, жеті жерде кездесу кеші өтті. Сонда елдің бәрін аузына қаратып, әзіл-қалжың әңгіме айтып, думан ғып отыратын көбінесе Көпен көкеміз.
Қай жерде, қасында қандай әкім, не министр, немесе әйгілі әнші, өнер жұлдыздары, ақын-жазушылар болсын, елдің бәрі алдымен Көпен Әмірбекпен суретке түсу үшін кезекке тұрады...Көпен көкемізбен отырған әр отырыс - бір театр. Кейінгі кезде Астанада Алтынбай сері бауырымыздың үйінде жиі бас қосамыз. Отырған жерін күлдіріп, талай тарихтың құпиясын білдіріп отырады.
Кейде әлі күнге темір тұлпарды өзі жүргізетін Көпен ағамыз, жиын-тойлардан соң мені үйге немесе жұмысқа дейін жеткізіп тастайды. Фейсбук парақшамда: "Мен ең мықты ақынмын, өйткені астанадағы жүргізушім Көпен Әмірбектің өзі!" деп жазып жүргенім де сондықтан ғой...Өткенде еліміз бойынша төтенше жағдай жарияланған соң, Көпен ағамыздың үш қаладағы ел күткен мерейтойы кейінге қалдырылды.
Құдай қаласа, төтеннен келген індетті жойып алсақ, Қазақ сатирасының сардары, көрнекті қаламгер-қайраткер Көпен Әмірбектің мерейтойын қалың ел болып тойлауға жазсын деп тілейміз!
Жүзіңіз жарқын күйде Жүзге жетіңіз, Көпен көке!
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz