«Диаспора» мәселесі немесе қандастар тағдыры не болмақ?
2020 ж. 11 ақпан
4443
1
Жалпы өткен жыл уақиғаға толы жыл болды. Ел президенті Қ.Тоқаев оралмандарды «қандастар» деп атауды ұсынды. Осымен бұл тақырыпқа да нүкте қояр күн жақын деп айта қою қиын. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, диаспора мәселесі де жауыр болған тақырыптардың біріне айнала бастағандай. Ұлы Абай айтқандай «жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық» демекші бұл саланың әлеуметтік- экономикалық жақтарын балай қойғанның өзінде үлкен ұлттық саяси астарының өзінде қаншама салмақ бары көпшілікке аян. Бүгінде егеменді ел, тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге танылып өзіндік орынға ие болған Қазақстан Республикасы әлемге шашырап кеткен қазақ халқының төрткүл дүниедегі жалғыз Отаны және атамекеннен тыс жерде тұрып жатқан қандастарымыздың өзін-өзі ұлт ретінде сақтап қалуына мүмкіндік туғызатын әлемдік орта тек қана қазақ жері екендігін айта берудің өзі артық. Қазіргі уақыт дүние жүзіндегі қазақтардың ұлт болып ұйысатын кезі жеткендігін айтудай-ақ айтып келеміз. Кезінде белгілі болған тарихи жағыдайлармен байланысты (1916 жылғы ұлт азаттық көтерілістер, 1918-1920 жылдар мен 1930 жылдардың басындағы нәубет аштықтар салдарынан) Жетісу өңірінен жүздеген мың қазақ босқындарының Қытай, Моңғол, Түркия, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қарақалпақстан, Ресей, Иран, Индияға т.б. елдерге кетуге мәжбүр болуы кейбір деректер бойынша дүние жүзінің қырықтан астам еліне тарай орналасқан қазақ диаспорасы қазіргі кезеңде әлемдегі ең ірі этнодиаспоралық қауымдастықтар қатарына жататыны баршаға аян. Қазақтың үштен бірі күні бүгінге дейін шет жұрттарда мәжбүрлікпен тұрып келе жатыр. Бұл азайтып айтқанның өзінде шағын бір мемелекеттің халқы емес пе? Нақты деректер бойынша бес жарым, ал болжам бойынша он миллионнан асады. Демек, бұл бір ғана диаспораның тағдыры емес, әлі күнге дейін ұлттық белгілерін (қазақтығын), ұлттық генофонын сақтап келе жатқан, субъективті жағыдайлармен өз этникалық ортасынан бөлініп қалған ұлттың тағдыры. Ұлтты ұлт ретінде танытатын тілі мен мәдениеті, өнері мен ұлттық болмысы екендігін еске алсақ оның да уақыт пен әлеуметтік ортаға тәуелді екендігін ұмытпауымыз керек. Екінші мыңжылдықтың аяғында сырттағы этникалық қандастарын ішке тартып диаспора мәселесін мемлекеттік деңгейде дереу қолға алған үш-төрт мемлекет болса соның бірі Қазақстан. Әрине, Израил мен Германиядағы диаспора жағыдайы біршама шешімін тапқан мәселе десек, Ресей болса бұл процесті қызу науқанға айналдырмаса да үнемі назарда ұстап келеді. Қазақстанмен шекара аймағына жақын орналасқан қазақтардың көпшілігі өздерін диаспора санамай әлі күнге дейін өзіміздің ата жұртымызда, өз атамекенімізде (әсіресе, Ресей, Монғолия, Қытай қазақтары
т.б.) отырмыз деп есептейді. Жалпы сырттағы Отандастарын елге қайтару процестері әлемнің көптеген елдерінде проблемалық мәселелердің біріне айналып отыр. Әр елдің мүмкіндіктері мен ерекшеліктеріне байланысты мемлекеттік деңгейде қабылданған ішкі заңдары бар. Мәселен, ол Израилде – «Алия», Арменияда – «Еркир», Қырғыздарда – «Қайрылман», Ресейде - «Отандастар», ал Қазақстанда – «Нұрлы көш» бағдарламалары. Осы тәріздес программалар Шығыс Европа елдері бойынша Германия мен Прибалтика елдерінде де бар. Сырттағы қандастарымызды этникалық Отанына қайтару мәселесінде әртүрлі субъективті жағыдайлармен байланысты алыс шет елдерде тұрып жатқан диаспоралардан гөрі көрші іргелес елдердегі репатриант қазақтардың елге қайту құлшынысы да, қайтару мүмкіндігі де әлдеқайда жоғары. Көрші Ресейде қазақтар сан жағынан түрік этностары ішінде татар, башқұрт, чуваштардан кейін төртінші орында екен. Алайда, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары кең ауқымда, қызу басталған қазақ көші кейіннен неге тоқырап, екпіні басылып тоқтап қалды? Алдында зор құлшыныспен ірі мемлекеттік деңгейде жүргізілген игі бастамалардың кейіннен қожырап, сұйылып кету себебі неде? Мәселе тек қаржылық- экономикалық жағыдайларға ғана тіреліп тұр ма, әлде әлеуметтік-саяси (бұл жерде шет жұрттағы қандастарымыздың психологиялық, саяси көзқарастары туралы айтып отырмыз) астарлары да бар ма? «Елге ел қосылса – құт» демекші сырттағы қандастарымызды елге оралту мәселелері еліміз егемендік алсымен бір жыл өтпей жатып-ақ қолға алынды. 1992 жылғы қыркүйек айында Алматыдағы ұлы Абай атындағы академиялық опера және балет театрында дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы өз жұмысын бастап оның төрағасы болып Республика Президенті Н. Назарбаев болып сайланды. Одан кейінгі құрылтай арада он жыл өткеннен кейін ғана 2002 жылы рухани астанамыз Түркістан қаласында өткізілген еді. Міне, содан бері бар жоғы күні бүгінге дейін бес қана құрылтай өткен екен. Бұл аз ба, әлде жеткілікті ме? Біздінше бүгінгі күн талабымен алып қарасақ өте аз. Мен бұл жерде қауым басшыларының шет елдергі көрнекті жерлердегі қалаларға барып «кіші құрылтайлар» өткізгенін есепке алып отырған жоқпын. «Бармасаң, келмесен жат боларсың» демекші керісінше мұндай жиындарды атамекенде өткізсек олардың елге деген ынтызарлығын, сағынышын оятар едік. Ата жұртты аңсаған қандастарымыздың елімізбен жақындасып, етене жақындасу мүмкіндігін шектемесек те болар еді. Енді өзім тікелей қатысқан екі құрылтай туралы айтар болсам Түкістанда өткізілген екінші құрылтайға сол кездегі қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаевтың тікелей қолдауымен ғалыми зерттеуші ретінде қатыстым. Ол үшін алдын ала дайындалып құрылтай қонақтарына арнайы сұрақтамалар дайындап құрылтайда жүргізілген зерттеулер нәтижесінде арнайы жинақ құрастырып шығарған едік. Кейіннен осы жинаққа дүние жүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Қ. Найманбаев былай деп пікір де жазып берген болатын: «Тоқетерін айтқанда шетел қазақтарының өмірін зерттеу керек. Бұл әлі тың тақырып. Біз мұны көптен айтып келеміз. Қолға алайық десек қаржы тапшы. Ал, Дәурен Ескекбаев сияқты өздігінен жұмыс жүргізіп жүрген ғалымдарға жан-жақты көмек қажет. Әсіресе, қаржылай көмек. Керек болса, осы саланы тыңғылықты зерттейтін бір ғылыми орталық болса, артық етпес еді. Себебі, Қазақстанннан тыс жерде 5,5 миллионға жуық бауырларымыз бар десек, олардың тағдыры, тұрмыс-тіршілігі атажұрттың назарынан тыс қалмауы керек». Мінеки, заулаған заман, уақыт зымырап өтіп жатыр. Арада он алты жыл өтсе де осы пікірдің әлі де өзекті екендігін еске салғымыз келеді. Былтырғы жылы Астанада Тәуелсіздік сарайында өткізілген бесінші құрылтайға қатысу мүмкіндігіне ие болып ертерек барып сағат тілі тоғызда тіркеуден өтсек те екі сағатымыз Президенттің келуін күтумен өтті. Сағат он бірде келіп сөз алған Елбасымыздың сөзі жарты сағатқа ғана созылды. Бір есте қалғаны «сендердің көпшіліктеріңіз өз атажұрттарынызда тұрып жатырсыздар, қозғалмай-ақ сол мекендеріңде тұра берсеңіздер де болады» деген сөзін түсінбедік, әзіл сыңайлы жұмсартып айтқандай болды. Одан кейінгісі «мақтансаң мақтан, мақтансың қазақ төбеміз көкке жетпей тұр аз-ақ»,- деген сыңайда алдын-ала дайындалған «сценарий» бойынша өтіп жатты. Тек жиналған жұртшылықты селт еткізген Германиядан келген қандасымыз Өмірхан Алтынның сценарийді «бұзып» Қытай қазақтарының трагедиялық тағдыры туралы тосыннан қойған сұрағы болды. Бірақ ол да Президент тарапынан көңіл жұбатар шығарып салма сөзбен елеусіз қалды. Тек Елбасының шетелдегі қазақтарды қолдау үшін «Отандастар» қорын құруды және Үкіметке қандастарымыздың жоғары білім алуларын қолжетімді ету үшін, оларға бөлінетін квотаны екі есеге көбейтуді тапсырғаны болмаса елеулі көзге түсер бір де бір өзекті мәселе қозғалған да, сөз де болған жоқ. Ертеңіне Ресей және Монғолия қазақтарымен сөйлескенімізде олардың бойынан сонау тоқсаныншы жылдардағы атамекенге деген құлшыныс пен көздерінен от жалынды байқамадық, керісінше еңжарлық, немқұрайдылық басым. Біздің қойған сұрақтарымызға «осыдан не шығады», «баяғы жартас бір жартас», «сіздердің жазғандарыңыздан не пайда» дегенді ашық айтып сөйлесуге құлық танытпады. Демек, олардың бойындағы жалынды өзіміз сөндіргендейміз, кінәні кімнен іздейміз? Қазақ диаспорасын зерттеуде біз әлі де болса теориялық мәселелер шеңберінен ұзамай отыз жыл бойы қазақтар неге диаспора болып қалды деген тақырыпты қаузап жүрміз. Қазіргі уақытта бұл мәселелердің теориялық және тарихи салдарларын біршама жазып бір тыянақты пікірге келген сияқтымыз. Ендігісі мәселенің практикалық жағы: қандастарымызды жедел түрде дереу атамекеніне қайта оралту қажет, бұдан әрі кешігуді тарих кешірмейді, қандастарымызды қоныстандыру мәселелері және олардың саяси әлеуметтік ортасы, экономикалық жағыдайы, ұлттық психологиясы мен дүниетанымындағы өзгерістер, тұрмыс салты мен әдет ғұрыптарындағы ерекшеліктер, өзге этникалық ортаға байланысты мәдениетіне енген өзгешеліктер, тілі мен діні, әдебиеті мен өнері т.б. да саяси әлеуметтік жағыдайларын зерттеу мәселелерін кейінге қалдыра берудің жөні жоқ. Сондықтан да қандастарымыздың арасына барып іштей ғылыми тұрғыда шартты түрде «Қазақ диапорасы» деген атаумен бір ғылыми орталық аясында экспедициялық кешенді этнографиялық, фольклорлық, социологиялық, демографиялық тұғыда т.б. зерттеулер қажет (бұған Ресей, Монғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Батыс Еуропа т.б. елдерге қысқа уақытқа барып келген «туристік» іс-сапарлар жатпайды). Қазақ диаспорасының бүгінгі әлеуметтік, мәдени, рухани, тіл және оқу мәселелері, олардың демографиялық ахуалы, көші-қон және ассмиляциялық өзгерістер (мәселен, Ресейдегі қазақтар арасындағы аралас некелер) мен неке аралық жағыдайларын (бізде қазіргі уақытта үйленіп жатқан жастардың үштен бірі ажырасып жатқаны жасырын емес) зерттеу бүгінгі күні өте актуалды, кейінге қалдыруға болмайды.
Ең бастысы бұл мемлекттік деңгейдегі маңызды шараны Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында көрсетілгендей «академиялық туризмге» яғни, шет жұрттағы отандастарымызға қысқа уақытта барып келетін іс-шараларға айналдырмай ғалымдар мен тәжірибелі зерттеуші этнографтарды шақыра отырып кешенді түрде экспедициялық этнографиялық зерттеулер қажет. Барыс-келіс бар да нәтиже жоқ, қаржылай шығыны қанша? Осы саланы зерттеп жүрген ғалымдардың іргелі зерттеулер негізіндегі жазылған ғылыми мақалалары жоққа тән. Сырттағы қандастарымыздың Қазақстанға, қазақ халқына аларынан берері әлдеқайда көп. Қазір ең бірінші Қазақстанға халықтың санын көбейтіп, жергілікті ұлт өкілдерінің үлес салмағын арттыру үшін қанымызға қан жүгіртетін, тынысымызға тыныс қосатын шет елдік бауырларымыздың елге келуін кідіртпеуіміз және шектемеуіміз қажет. Өйткені ұлт жанашыры, жазушы Смағұл Елубай Елбасына күйіне жеткізгендей енді 10-15 жылда сырттағы бауырларымыз жатқа айналып, тұтас елден айрылып қалмасымызға кім кепіл? Шетелдегі қазақ жастарының ассимиляцияға түсуін қалай тоқтатамыз? Біз әлі күнге дейін қандас бауырларымыздың мүмкіншілігі зор әлеуетін толық пайдалана алмай келе жатырмыз және де оған аса пейілді де бола қойған жоқ сияқтымыз.
Олар кедейленіп, экономикасы тұралап жатқан елдерден келіп жатқан жоқ. Қандастарымыздың ішінде сыртқы саясатқа пайдасы тиер, бірнеше шет тілдерін еркін меңгерген небір білікті дайын тұрған дипломат қызметкерлер де жетерлік, тек қандастарымызға жылы қабақ, дұрыс көзқарас танытып, ішке тартып сенім білдіре білуіміз керек. Жоғары білімді, көкірек көзі ашық, шетел тәжірибелерін еркін меңгерген этникалық қазақтардың елге келуі арқылы ұлт рухы көтеріліп, интеллектуальдық деңгейіміз артуына, еліміздің одан әрі қарқынды дамуына қандастарымыздың қосар үлесі де зор болмақ. Тіл тағдыры өз ішімізде де өзекті екендігі жасырын емес. Осы орайда биылғы жылы ғана құрылған Президент жанынан құрылған Ұлттық Кеңестің мүшесі Қазыбе Исаның Мемлекеттік тіл мәселесін алғаш рет Президент деңгейінде көтеріп «мемлекеттік тіл туралы заңды қайта қарап конституциядан орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағын алып тастау туралы ұсынған ұсыныстары өте өзекті және дер кезінде көтерілген дер едік. Тек айтарымыз жергілікті халықтың саны бұдан да әлдеқайда көп болып айқын басымдыққа ие болсақ бұл ұсынысқа қарсы дау айтар пенде де болмас еді-ау деген ой ғой.
Сондай-ақ Ел Президенті Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған тұңғыш Жолдауындағы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіндегі деңгейі көтеріліп келеді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыты келді» деген бағдарламалық тапсырысын көпшілік болып қолдап Мемлекеттік тілді қолдану талабы өзге диаспора өкілдерінің тілдеріне нұқсан келтіреді деген жалған көлгірсу, жалтақтықты қоятын кез келді. Кез келген унитарлық, ұлттық елдің, өз мемлекеттік тілі болуы заңдылық, яғни аксиома (талассыз шыңдық), ал сол елде тұрып жатқан азаматтардың ол тілді меңгеруі қажеттілікке айналуы керек. Мемлекеттік тілдің қолданылуын талап ету басқа тілдерді шеттету (дискриминация) болып табылмайтынын түсінетін уақыт жетті, бұл уақыт талабы. Мақаланың соңында сырттағы этникалық қазақтарды отыз жылдай зерттеген тәжірибеме сүйеніп кейбір ойларымды ортаға салғым келеді. Монғолиядағы Баян Өлгей аймағын мекендеген қазақтарда материалдық мәдениетіміз бен көшпелі қолданбалы өнеріміз жақсы сақталынған, онда негізінен архаикалық, консервативтік те белгілер өте басым. Дегенмен де бұл аймақ осы елдегі даму жағынан артта қалған аудандардың бірі болып есептелінеді, негізінен мал шаруашылығы кәсібін ұстанған. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары туған өлкеге ат басын бұрған қандастарымыздың алғашқы толқынының екпіні тоқырап қалғандай. Себебі саяси-бюрократиялық кедергілер, (әсіресе, Қазақстанмен арада тікелей шекара болмау салдарынан Ресей арқылы өтерде көптеген қиындықтар туындауда) елге келген соң да жылы қабақ танытпауымыз, әрі бір қауым болып келген бауырларымызды ыдыратып Қазақстанның әр аймағына бөліп тастауымыз да әсер етті. Оларды Ресеймен ортадағы жылымықты пайдаланып дүние-мүлкімен, қора-қора қой, табын-табын жылқы т.б. мал түліктерімен қөшпелілік дәстүрмен қотара көшіріп алып (бұрынғы ата-бабаларымыздың екі үш мың шақырымға дейін көшіп жүре беретін дәстүрін жаңғырта отырып әрі жолдағы Ресей томожнясына да жем болмай) жігін бұзбай бір өңірге ғана (мәселен, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан,Қызылорда, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Семей, Ақмола облыстары т.б.) орналастырып, өгей баладай тастап кетпей әлеуметтік инфрақұрылымдардың (мектеп, балабақша, спорттық кешендер, медициналық құрылымдар, сауда орындары т.б.) салынуы мемлекеттің тікелей бақылауында болуы керек. Сонда ғана қазіргі уақытта тұралап қалуға айналған мал шаруашылығын (мал және егін шаруашылықтарына ссуда беріп қолдау деген деген негізінен дұрыс бағыт болғанымен бұл жерде де жайлаған жемқорлық індеті қандастарымызды үркітері анық) қалыпты жағдайға қайтару мүмкіндігі есеслеп өсері анық. Мал өнімдерін зор потенциалымыз бола тұра сырттан, шет елдерден тасып зор шығынға батқан кездеріміз де ұмытылмақ емес. Мәселен, көршілес қырғыздарда субсидия деген атымен жоқ, субсидия дегеннің не екенін түсінбейді де. Сөз ретінде айта кетейік өзіміз куә болған Кеңестік дәуірдегі тәжірибені ортаға салсақ (Қарағанды облысы) өткен ғасырдың 70-80 жылдары егін орағы аяқталған соң күздің бір шуақты күндері тарқамай тұрып ауыл сыртына аудан орталығынан «заготконтордың» адамдары мал өлшейтін құралдарын ала келіп ауыл тұрғындарынан қара малдарын тірілей салмақпен, көтеріңкі бағамен он шақты күндей жатып қабылдап алатын. Сол кезді күтіп отырған ауыл тұрғындары алды бес-алты арты бірді-екілі өгіз-сиыр, тана-торпағын сатып бір жырғап, көтеріліп қалатын. Ал Көкшетау облысында көктем шыға жер беті бусана бастасымен погребке мықтап, ауа кіргізілмей сақталынған картоп тұқымдарын сол «заготконтор» адамдары көтеріңкі бағамен алдын -ала белгіленген кесте бойынша үй басынан мәшинелерге тиеп әкететін. Әр үйден кемінде бір немесе екі-үш (әсіресе, неміс ағайындардан) мәшине «ЗИЛ-дерге» толы картоп шығатын.
Осы мерзімді күтіп отырған ауыл еңбеккерлері бір байып қалушы еді. Жоғарыдағы пікіріміз Қытай, Өзбекстан, Қарақалпақстан қазақтарына да қатысты деуге болады. Бір ерекшелігі ол жақтан келетін қандастарымызға екі жақты келісім жасай отырып белгілі бір уақытқа арендаға болса да жер берсек болғаны (жат жұрттықтарға да беріп жатырмыз ғой), олар өте еңбекқор және сауда мен кәсіпкерлікке де жақын тез үйренісіп экономикамыздың, агробизнестің дамуына да зор үлес қосатыны сөзсіз. Және де олардың қазақи рухы биік, менталитетімізге жақын екендігін, яғни балабақша, мектептердің тек қазақ тілінде ғана сұранысқа ие боларын да ескеру керек. Ал Түркия, Еуропа қазақтарының тек бірен сараны ғана болмаса түгелдей атажұртқа келе қоймайтыны анық. Келсе де тұрғылықты жерлеріндегі кәсіптерін тастамай келіп кетіп екі арада жүріп тұруы мүмкін. Бұған кінәлі тағы да өзіміз, еске алсақ өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезінде елімізге бет бұрып жиі келетін осы Түркия, Еуропа қазақтары еді. Әлі есімізде Швейцариядан қазақ банкирі келіп Алматыда «Огутай банк» деп аталатын банк филиалын ашқаны, ал Түркиелік қазақтардың тері өнімдерін тігетін фабрикалар, сауда дүкендерін ашып, мал өнімдерін өңдейтін зауыттарын ашпақ болған ниеттеріне де куәміз. Бірақ кейіннен біздегі байлыққа тез қолдары жеткен ішіміздегі жас «буржуазия» өкілдеріне ме әлде, мемлекет тарапынан болған бюрократиялық кедергілерге көздері жетті ме екен әйтеуір көңілдері тез суып кері қайтты. Ал Ресейлік қазақтар еліміздің солтүстік облыстарына қоныс аударуға сұранып тұрған бірден-бір потенциалды қоныс аударушылар екендігі белгілі. Ресейдің он екі аймағы Қазақстанның жеті облысымен бердей шектесіп жатыр. Оларды қайта бейімдеудің қажеті де жоқ. Кеңес өкіметінің арқасында тіліміз бен діліміз, күн көру тәсілдеріміз бен менталитетіміз біртұтас мегаполиске айналғандай. Тек ықлас білдіріп қана қоймай жылы қабақ танытып іш тарта (ішке тарта) білуіміз де керек шығар. Сондай-ақ кейінгі жылдары Қазақстаннан Ресейге, әсіресе солтүстік облыстардағы мектеп бітірушілер Ресей жоғары оқу орындарына көптеп тартылып оқуларын аяқтаған соң сол елде қалып жатуы алаңдатады. Бұл елдегі білім саласындағы Кеңестік дәуірден қалған консервативтік бағыт өз «жемістерін» беруде: бес жылдық оқу және оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік жағыдайлардың жолға қойылуы т.т. 2003 жылғы Президентіміз Н.Назарбаевтың Қазақстан халықтарына жолдаған жолдауында 2015 жылы халық санын 20 миллионға жеткізу көзделген екен. Мына қарқынмен бұл көрсеткішке 2025-2030 жылға дейін де жетпейтініміз анық. Себебі кейінгі жылдардағы миграциялық процестер мен демографиялық көрсеткіштер бойынша ішке қоныс аударушылар мен сыртқа қоныс аударушылар саны шамалас. ҚР ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің «2019 жылғы қаңтар-тамыз айларының әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштері» деректеріне жүгінсек жағыдай жылдан-жылға күрделіленіп бара жатқандай. Жалпы, тәуелсіздік алған жылдардан бері 1 057 280 этникалық қазақ Қазақстанға көшіп келсе, 2020 жылдың 23 қантарындағы мәлімет бойынша өткен жылы 17 667 қандасымыз ғана елге оралған.
Ал бұған керісінше өткен жылы Қазақстаннан 25 мың орыстар өз атамекендеріне, Ресейге қоныс аударған. Жалпы өткен жылдың тоғыз айында Қазақстаннан қоныс аударғандар саны 31 287 адамға жеткен. Қоныс аударушылар өткен жылғы көрсеткіштермен (27 737 адам) салыстырғанда 3550 адамға көбейіп келгендері 11,9 пайыз, ал кеткендері 12,8 пайызды құрап кері сальдоға айналып отыр. Негізінен қоныс аударушылар «жақын шет елдерге» бет түзеп, кеткендері 91пайыз болса, келгендері 81,3 пайыз. Эмиграцияға кеткендер негізінен Ресей, Германия, Беларус, Өзбекстанға, сондай ақ Америка, Латвия, Армения, Түркіменстанға қоныс аударса, Қытай мен Түркіменстаннан иммигарциямен келгендер саны арта түскен. Ал осындай күйде тұрып биылғы жылға бөлінген квотаның былтырғы жылғымен салыстырғанда 2031 адамның орнына 1378 адамға түсіп 653 адамға кемігенін қалай түсінуге болады? Қалай дегенмен де бұл қарқынмен диаспора мәселесі тағы бір 30 жыл шешімін таппай «мәңгілік сүрленген» тақырыптардың бірі болар жайы бар. Сонда егер сыртта бес миллионнан аса қазақ бар десек бізге оларды атамекенге көшіру үшін әлі де 150 жыл қажет болғаныма? Тағы бір айтарымыз қазақтардың тарихи Отанына оралту процесі мемлекеттің миграциялық саясатының ең маңызды бағыттарының бірі болуы тиіс. Бұл мәселе билік басындағылардың саяси ұстанымына, азаматтық болмысы мен ерік-жігеріне де байланысты болмақ. Қандастар мәселесін түбегейлі шешу үшін түрлі министрліктерге бөлініп диаспораға қатысты істермен айналысатын мемлекеттік органдардың басын қосып жеке министрлік құрылып, бұл мекеме басшысы Премьер министрдің орынбасары деңгейінде немесе Президентке тікелей бағынышты болып (бұл пікірімізді бұдан ширек ғасыр бұрын да баспасөз бетінде қозғаған едік) және оның басшылығына қазақтың жоғын жоқтар азаматтар керек. Яғни, істін тетігін білер ілкімді, іскер, жан-жақты, ұлтжанды адам болса (мәселен, И.Тасмағанбетов сияқты) деген үміттеміз. Сондай-ақ сырттағы Отандастарымызды зерттейтін арнайы өкілетті (пәрменді) статусы бар диаспорологиялық ғылыми зерттеу орталығы құрылып жатса да артық болмас. (Бұл орталық қауымдастық жанында бола ма немесе Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бір бөліміне айнала ма мұны алдағы уақыт көрсетер). Айтпағымыз, бұл идеяларды өз тарапымыздан бұдан он шақты жыл бұрын да ұсынған едік (Алтын бесік, 2006 жыл, №3, 20-23 беттер).
Жаңа Президенттің кейінгі қолға алып жатқан игі істеріне үміт арта, қолдай отырып осы ұсыныстарымызды қайрадан еске алып отырмыз. Жалпы мемлекет басына Қ. Тоқаев келгелі бір серпілісті сезінгендей ел құлағы түрулі, үміт күтеді. Осы орайда жаңа президенттің «оралман деген сөзді ұмытайық, жат жұртта жүрген сырттағы бауырларымызды бұдан былай қандастар деп атайық» деген аталық сөзінен-ақ бір жылы леп, жылымық байқалғандай. Шынында да «оралман» сөзі ішке тартудан гөрі сыртқа теуіп, кері серпіп тұрған сияқты, қазақи ұғымға ауырлау естіледі екен. «Енді қайтып келмен, көрмен, қайрылман, оралман» деген сияқты адамды бауырға тартып жақындастырудың орнына алыстатып, (бізден аулақ дегендей) жатбауырлыққа үндеп тұрғандай әсер қалдыратын сыңайлы. Танымал ғалым Амангелді Айталы айтқандай дәл бүгін «Қазақтың бірлігі-біздің мақсатымыз. Өзге тілге ауысқан, өзге дінге өткен, түрлі партияға, жүзге, руға бөлінген, алайда тегі бір, қаны бір қазақтың басын, қазақ тілі, қазақ мәдениеті, мұсылман діні негізінде біріктіру қажеттілігі туындап отыр».
Дәуренбек Ескекбаев,
Тархшы, этнограф