Сын түзелді, мін қашан түзеледі?
2020 ж. 01 ақпан
1409
0
Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өткені белгілі. Алдымен өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қарастырылып, былтыр жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгеніміз жайында айтылып, экономикалық өсім 4,5 пайыз болғаны атап өтілді.
Үкімет басшыларының төрт көзі түгел жиналған ордалы отырыста Қазақстан Президентінің сөйлеген сөзінің басым бөлігі орын алып жатқан кемшіліктерді ашып көрсетуге арналды, сыналмаған сала қалмады десек артық айтқандық емес. Әсіресе, еліміздегі экономикалық дамуға баса назар аударған Қасым-Жомарт Тоқаев оны несиелендірудің көңіл көншітпейтінін, өткен жылы ол бір пайызға төмендегенін мысалға келтірді. 2019 жылы ЕАЭО елдері арасында инфляция бойынша «чемпион» болғанымызды да еске салды. Мемлекет басшысы еліміздегі қаржы саясатының тиімділігін арттыру керектігін де баса айтты. Оның айтуынша, банк секторының экономиканы дамытудағы көрсеткіштері жылдан жылға құлдырап барады, корпоротивтік саланы несиелендіру – 8,7, шағын және орта бизнесті – 18, ауыл шаруашылығын несиелендіру – 48 пайызға төмендеген. Ал тұрғындарды несиелендіру 24 пайызға артқан, оның ішінде үштен екісіне ешқандай кепілдіксіз қаржы берілген. Кіші және шағын бизнесті салықтан босату олардың дамуына мүмкіндік жасайды. Сонымен бірге Арнаулы экономикалық аймақтарды да салықтан босатқанмен бірнеше жыл өтсе де олардан қайтарылым болмай жатыр. 2018 жылдың өзінде 4,5 трлн. теңге салықтық жеңілдіктер жасалды, нәтижесінде бюджет кірісі 32 пайызға азайған.
Президент тұрғындарымызды баспанамен қамту бағытында құрылыс материалдары мен құрылысты жобалау жұмыстарының тым қымбат болуы сәйкесінше пәтерлер бағасын да негізсіз көтеріп жіберетінін айтып бұл салаға да сын айтты.Осыған орай бағаны тиімді қалыптастыруға тапсырма берді.
Мемлекет басшысы біздегі квазимемлекеттік салаға нақтырақ тоқталды. 2007-2018 жылдар аралығында мемлекеттік холдингтерге 7 трлн. теңгеден аса қаржы бөлінген, бірақ айтарлықтай нәтиже жоқ. Есеп комитеті көптеген кемшіліктерді анықтаған. Біріншіден, бірін бірі қайталайтын, штаттары қампиған мекемелер көп. Мысалы «Бәйтеректің» ғана 63 мекемесінің 11 еншілес бөлімдері бар, онда 2,8 мың қызметкер, «КазАгроның» 3 еншілес компаниясында 2 мың қызметкер тіркелген. Бір ғана «Бәйтеректің» әкімшілік шығыны 54 млрд. теңгеден асады, оның 24 млрд. теңгесі айлыққа жұмсалады екен. Демек, квазимемлекеттік мекемелерді оңтайландыруға берілген тапсырма орындалмаған. Мұндай жағдай өзге де салаларда жетіп артылады.
Мемлекет басшысы осы отырыста айтылған өзге де сынға байланысты аталған кемшіліктерді жоюға Үкіметке нақты тапсырма беріп, бұл мәселеге көктемде міндетті түрде қайта оралатынын ескертті. Дана халқымызда бұрыннан келе жатқан «Сын түзелмей, мін түзелмейді» – деген түсінік бар. Бұл жолы сын аз айтылған жоқ, оны орынды деуіміз керек. Қашанғы «Қырып жатырмыз, жойып жатырмыз!» деп мақтанып, өзімізді өзіміз алдай береміз.Кемшіліктерімізді көзге түртіп көрсетіп, соны түзегеніміз жөн. Сонымен біздің жоғары билікте сын түзелді делік, ал мін қашан түзеледі? Оны алдағы уақыт көрсете жатар…
Зейнолла Қабиоллаұлы
qazaquni.kz